Балық аулауға Балқашқа да барғанбыз
Теңіз тарихындағы бұл оқиға қасиетті Аралдың суы кеуіп, тұзы қалып, қасіретке айналмай тұрған кезде болып еді. 1955 жылы теңізден балық аулауға 45 күнге, яғни тамыздың бірінен бастап, қыркүйектің 15-ші жұлдызына дейін тыйым салды. Бұл жылы мен Құланды ауылдық кеңесіне қарайтын Төбебұлақ елді мекеніндегі жеті жылдық мектепті бітірген едім.
Сол жылы «Аралрыбпром» комбинаты басшыларының шешімімен (мүмкін, жоғарғы жақтың тәртіп беруімен) Балқаш көліне 150 балықшы 75 қайық, ау-құралдарымен баратын болып шешім қабылданыпты. Біздің «Төбебұлақтан» он балықшы, бес қайық жіберілу керек болса да, жазда елдің түрлі шаруаларының (үй салу, қысқы мал азығын дайындау, балаларын жоғарғы оқу орындарына алып бару, т.б.) қызатын кезі болғандықтан сонау Балқашқа баруға көбісінің құлқы бола қоймаған-ау шамасы. Әкем Сағындыққа «осы топқа басшы болып барасың, қасыңа жас жігіт қосып береміз» деп үгіттеп, ол өзінің жасы ұлғайғандығын, үйге қарайтын ешкім жоқтығын айтса да басшылар көнбепті. Сонда әкем «ендеше, тапқан кішкентай табысымды бөлшектемейін, қасыма баламды аламын» деп мені ала кеткені бар.
Сөйтіп біздің «Жаңажол» колхозынан сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» кәнігі, бабаларының бәрі балықшы, өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын, мемлекеттік балық аулау жоспарын үнемі орындап жүретін бес қайық, яғни, он балықшы – Қалеш Құлтасов пен әйелі Жұмакүл Құлтасова, Бейсенбай Қожамұратов пен әйелі Бибібатпа, Бақыраддин Қойназаров пен әйелі, Мұқатай Таласбаев пен әйелі Айман, Өтеғұл Қангереев және оның серігі Нағашыбай Әжмағанбетов болып Балқаш көліне балық аулауға жол тарттық. Бұл топтың ең үлкені менің әкем, ең кішісі мен едім.
Таң ата Арал портына жету үшін «Адмирал Лазарев» атты кемемен сапарға шықтық. Сапар деп баса айтып отырған себебім, бұл балықшылар теңіздің түкпір-түкпірін, жақын жердегі Қазалы, Шығанақты айтпағанның өзінде, «Бөген», «Тастүбек», «Ұялы», «Көзжетпес», «Қасқақұлан», «Изенді», «Шулыған», «Кентекше», «Қаратүп», «Қасқажол», «Қаратамақ», «Құмсуатты» жыл аралата сүзетін нағыз тарландар. Тіпті, Ақтөбе облысындағы «Ырғыз» көлінен балық аулаған жылдары да аз болмаған. Ал мұндай ұзақ сапарға алғаш шығып отыр.
Біз мінген кеме күн көтеріле «Арал» портына жеткізіп еді, сол бойда әй-шайға қаратпай, "Арал балық" комбинаты қызметкерлері қайығымызға ау құралдары– ескек, таяу, төккіш, көшкі, желқомдарды мұқият байлатып алып кетті. Өзімізге «төсек-орын, киім-кешек, ыдыс-аяқтарыңды кешке дейін толықтырып сайлап алыңдар, ол жақта сендерді нағашыларың күтіп тұрған жоқ,«Балқаштың» қай түкпіріне табан тірейтіндеріңді кім білсін, осы қалада аялдайтын жерлерің болмаса кемеде қонасыңдар» деп дереу порттан алып шықты. Осы ескерту өте дұрыс болды, көп кем-кетігімізді түгендеп алдық. Асығыстық себебі сол, портқа Арал теңізінің түкпір-түкпірінен «Балқашқа» баратын балықшыларды алып келген,барлық кеме портқа кіруге лек-легімен кезек күтіп тұр.
Сол жолы Арал қаласында екі күн бойы жолға тамақ, тағы басқа қажетті заттарын іздеп, жүгіріскен, танитындарымен қауышып, қол алысып, құшақтасып, қауқылдасқан әсем көрініс пайда болды. Қала халқының да қонақжайлылықтарын танытып жатқандары бұрын орталық көрмеген менің есіме ерекше қалған сәт сыйлағандай.
Екі күннен соң қайықтар ашық платформа вагондарына, ал біз қызыл вагондарға тиеліп, «Балқаш қайдасың?» деп жолға шықтық. Маған бәрі қызық, бірақ, жаспын ғой, көбі есімде қалмапты. Біз мінген составтың жүру тәртібі жоқ-ау деймін, біресе сағат бойы тоқтаса, енді бірде көпке дейін тоқтамай жүріп отырады. Тоқтаған уақытта тамақ, шайға ыстық су алып қуанып қаламыз. Сұрастырсақ, «Балқашқа» баруға тиісті барлық балықшылар осы составпен келе жатыр екен.
Үшінші тәулікте «Мыңарал» деген темір жол станциясына әкеліп, барлық аралдықтарды көлді айналдыра жан-жаққа таратып жатты. Міне қызық, дереу екі-үш жүк машинасы келді де, қайықтарды троспен байлап сүйретіп алып барады. «Ойбай-ау, ау-қайықтарды қара жермен сүйреткенде оның несі қалады?!» Ағаларымыз шапшаң қимылдап, айқайласып жүріп, қайықтардың қалғанын машинаға тиедік. Бізді осылайша жүк машинасымен көлдің бір жеріне әкеліп түсірді. Манағы жермен сүйреткен қайықтардың біразына зақым келген. Қақырай сөгілген қайықты ағаларымыз жөндеп, ал біз жер ошақ қазып, жер тегістеп, шатыр тігуге кірістік. Енді біріміз ауызсу дайындап, тамақ пісірер отын жағын қамдауға кірістік. Әне-міне дегенше, «Балқаш» көліндегі тіршілігіміз басталды. Балық аулап, көшіп-қонуға үйренген бізге бұл мәселе көп қиындық тудырған жоқ еді. Басты мақсат – берілген жоспарды орындау.
Алғашқы бір-екі күнде көлге барлау жүргізілді. Әдетте, аралдықтардың аулары 2-4 метрге жететін биік, ал «Балқашта» осынша тереңдікке жету үшін көлді 6-7 шақырымға бойлай көтерілу керек. Амал жоқтықтан аудың барлығын қайта қатаруға (аудың арқалығы мен табандығының арасын жіппен жақындату) тура келді. Ал қатарылған ау желдің кесірі мен судың саяздығынан есіліп қалса, оның шатасын жазу – қияметтің қияметі. Осындай жағдайлар жоспары орындалмай, ұятқа қалмауға тырысып баққан, азды-көпті табыс табуға ынталы жандарға үлкен кедергі келтіріп, бұл жаққа еріккеннен келмеген қауымның жүйкесіне әбден тиіп жатты.
Сөз арасында айта кетейін, мезгіл жаз болған соң ауа райынан, басқа да мәселелерден аса көп қиналған жоқпыз. Майталман, көпті көрген балықшылар емес пе, аулардың да түрлерін – торта, сазан, тыран ауларын ала келіпті. Бізді қинағаны– теңізге салар биік ау көлдің саяз суына сәйкес келмей,қанша қатарсақ та есіліп қалып, ығырымызды шығарғаны болды.
Балқаштықтардың қайығы қалың тақтайдан жасалған ебедейсіз, төрт ескекпен еспесе әрең жылжитын ауыр, біздің жақтың жылым қайықтары –«плошкоут» сияқты екен. Себебі көлдің тұщы суы ауыр, жиі-жиі әрі аласа толқыны алысқа лақтырып тастай алмай, жолсызбен жүрген автокөліктер сияқты дірілдетіп, дік-дік еткізіп, жеңіл қайықтарды тез істен шығаратын көрінеді. Аулары да биік емес. Салған ауларын бір-екі күнге дейін суырмай, лай-тосап басып, суда тұра береді. Құлшынып балық аулап жүрген балықшыларды да байқамадық. Бұл жайды кейіннен бір әңгімесінде республикамыздың бас балықшысы, Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов «балық аулау – балқаштықтардың негізгі кәсібі емес қой» дегені бар. Ал өзінің айтуынша,«директор боп туып, директор боп өлген», «Қуаңдария», «Көзжетпес», «Ұялы», «Ауан» балық зауыттарының директоры, осы саланың қайтпас қайсар ұйымдастырушысы бола білген, марқұм Дәуқара Аймағанбетов «біз оларға балықты қалай аулау керектігін үйретіп қайттық» деп еді.
Ауылдан, бала-шағаларынан қашықта жүргені болмаса, бір жағалауда туып өсіп, бір құдықтың суын ішкен, көшіп балық аулаудың талайын бастан кешірген біздің құландылық балықшылар үшін бұл сапар көңілсіз болған жоқ.Қосымыздан 3 шақырымдай жерден автожол өтеді, оның арғы жағынан бір шақырымдай жерде помидор өсірілген үлкен алқап та болды. Бір жағымызда үш шақырымдай жерден шағын мемлекеттік тауық фермасы да бар екен, олармен байланыс жасап үлгердік.
Балықшылардың ең кішісі болғандықтан мені «барып кел, алып келге», отын жинауға, помидор, жұмыртқа әкелуге жұмсайды. Алғашқы помидорға бару сапарымда бригадирге ұсталып қалдым. Ересек әрі есті адам екен, «Арал теңізінен келген балықшымыз» деп қосымызды нұсқап көрсеткен соң «ала бер, бірақ сындырып тастама, қолым тиген күні қонаққа барам» деп, бір-екі күннен кейін келіп, екі-үш «ұйықтап қалған» қасқалдақ алып кетті. Ол жақта қасқалдақ көп болады екен, аудағы балықты жеймін деп, торға оралып қалған қасқалдақтың тірісін аудан жазып алып, өлгенін тастап кететінбіз. Ал әлгі қонағымыз өлген қасқалдақты «ұйықтап қалған ғой» деп алып кетіп жүрді. Кейіннен де анда-санда бір-екі шишасымен келіп, солай алып кетіп жүрді, тіпті үйіне қонаққа шақырды. Сөйтіп, помидор мәселесін шешіп алдық. Көкөніс, жеміс-жидек дегендер аралдықтар үшін таңсық екені жасырын емес қой.
Менен екі жас үлкен Нағашыбай екеуміз жұмыртқа алу үшін сойып кептірілген 5-6 тыран алып, тауық фермасына барсақ, меңгерушісі орта жастағы кеңпейіл неміс әйел екен. Ол қазақша білмейді, ал орысшадан құралақан біздер бір-бірімізді түсіне алмай, балығымызды беріп, жұмыртқаны көрсетіп, күлкіге де қалдық. Лаждап, біраз жұмыртқа алып олжалы қайттық. Біресе балық, біресе «ұйықтап қалған» қасқалдақ апарып жұмыртқа жағынан да кенде болғанымыз жоқ.
Мынадай бір оқиға есімде. Бірде бұл көлде сирек кездесетін бекіренің он килограмдай болатын біреуі ауға түсіп, оны не істеу керек, яғни «жеу керек пе, әлде тұздау керек пе?» дейтін мәселесі қаралды. Ақыры, менің әкемнің тілі бойынша«жыбырлақ», (олай дейтіні Қалекең әкемнің туған балдызы) негізінен пысық Қалеш Құлтасовтың ұсынысы бойынша,«Балқашқа» келген балықшылардың басқарушы-жетекшісі, сол кездегі «Аралрыбпром» бастығының бірі Қали Құмаровқа сыйлауды жөн көрген. Қалеш ағам әдейі балық қабылдау пунктіне барып, рациямен сол кісіні шақыртқан. Ол өзіне бөлінген арнайы катермен аралдық балықшылардың ахуалын білу үшін хабарласып, ұдайы аралап жүреді екен. Хабар тиген соң дереу жеткен ғой. Мәселені түсінген соң көңілі орнына түсіп, «ай, Қабақтар-ай, өстіп жүресіңдер-ау, рақмет. Сұлтанкерейге сәлем айтыңдар» депті. Қабақ – біздің руымыз, Сұлтанкерей Мұхамбедияров біздің «Жаңажол» колхозының төрағасы. Кейбір деректерге қарағанда Қали Құмаров іссапармен ауылға келгенде асығыс болып, қонақасы жей алмай кеткені үшін бір жылқы атап, қыстық соғымға апарып берген көрінеді. Ал «жыбырлақ» Қалеш Құлтасов осы таныстықтың арқасында, әрине, балық аулау жоспарын үнемі артығымен орындап жүргендіктен, аудандық кеңестің үш дүркін депутаты болды.
«Балқаш» сапары «Аралбалық» комбинаты үшін сәтті де табысты болып, республика деңгейінде аталып өтті. Біразы мадаққа ие болды. Өйтпегенде ше,150 адамды 75 қайығымен Арал өңірінен бір жерге жинап, пойызбен сонау «Балқашқа» жеткізді. Көл жағалай орналастырып, бір жарым ай әлеуметтік жағдайын жасап, аман-есен ауылдарына жеткізу ісі айтуға ғана оңай. Бұл шаруа комбинат азаматтарынан шынайы жауапкершілікті, үлкен ұйымдастырушылық қабілетті талап еткені даусыз.
Ал сол қара қайықтың егелері «Құланды» жетіжылдық мектебін бітірген білімдерімен ғана (бітірмегені де бар) балық аулаудың нағыз маманы бола білді. Бұл күнде о дүниелік болған сол аға-жеңгелеріммен көзі тірісінде арнайы барып сәлем беруден танған емеспін. Олардың менің барлық тіршілігіме (оқуға түсу, қызметке орналасу, үйлену, балалы болу, т.б.) тілекші боп жүргенін де еш ұмытқан емеспін, ұмыту мүмкін де емес.
Теңіздің төрінде туып, кіндігі қайықта кесілгендердің осылай тебіренуі табиғи үйлесім емес пе?!Тау баласы тауға қарап өссе, теңіз төлдері сол теңізбен егіз өсетініне шүбә келтірмеңіз. Туған өлкенің қадір-қасиетін бағалауды біздің санамызға үлкендер осылай сіңіріп отырды. Қайран, біздің көнекөз көкелер-ай!
Балқаштан аман-есен Аралға оралып, біз жолға шыққан күнгі 5 балдық жел де (кәнігі теңізшілер емес пе, ауа райының бұзылатынын болжаған ағаларым қайықтарды кемеге тиетіп алып еді) Аралдың Балқаш көлі емес екенін дәлелдегендей «Лев Берг» кемесін олай-бұлай аунатып, «мен бұдан да бетер дауылды көргенмін» дегендей, өзінің «үйреншікті досы» ақ шуда толқынмен алысып,ауданның ең-ең алыс түкпіріндегі Төбебұлаққа келе жатқанда көңіл-күйім көтеріліп, «Аралым менің, теңізі әлемнің. Армандап жүремін, сағынып келемін» деген ой келіп, кішкентай ғана ауылыма деген жүрегімнің толқуы әлі күнге есімнен кетпейді. Тынысымды жусан исі толтырып:
Па, шіркін, Құландының мұнартуын,
Қанбайды сірә саған құмартуым.
Атыңнан айналайын, Төбебұлақ,
Өзіңе балықшылар тіккен туын.
О, Аралым, көк теңізді Аралым,
Атыңнан-ақ жанға ләззат аламын.
Айдыныңда ақшабақтай секіріп,
Толқыныңда тулап өскен балаңмын.
Ең алғашқы өлең жолдарым осылай туып еді. Ал кейіннен география пәні арқылы «Балқаштың» көлемі жөнінен әлемде 14-ші орын алатынын, батыс бөлігі тұщы, оған «Іле» өзені, ал шығыс бөлігі ащылау, орташа тереңдігі 5,8 метр екенін, Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері құятынын білдік. Көл аймағында 342 түрлі жан-жануарлар тіршілік ететінін, олардың 22 түрі «Қызыл кітапқа» тіркелгенін де оқи отырып, қанықтық.
Р. S. Ауылда қалған балықшылардың да жағдайлары мәз болмаған көрінеді. Оларды колхоздың шөбін шауып, мал қораларын салдырып, бірен-саран жасырынып балық аулағандарды «Рыбнадзор» мекемесінің катерлері ұстап, айыппұл да салған көрінеді.
Оразбай ҚОСАНОВ,
Қызылорда қаласы