Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балықшы қыз

Балықшы қыз

Теңіз сырласы

1943 жылдың жаз айының бірі болатын. Жетінші класты бітірген Дәмелі келесі класқа оқи алмады. Оның өзінше тарихы бар-ды. Әке болса, соғысқа аттанды. Дәмелі енді анасына қолғабыс тигізуі қажет болды. Сондықтан да ол оқуды тастап, үлкендермен бірге балық аулауға белді бекем буды.

Уақыт жылжып өте берді. Әр жыл, әр ай өмірге өз жаңалығымен келіп, еңбек адамынан өз үлесін алып кетіп жатты. Жас қыз талмай еңбек етуінің нәтижесінде өз әріптестеріне таныла бастады.

Еңбек үстінде

Ертемен тұрған Дәмелі далаға шығып, теңіз жиегіне барды. Күннің сәулесі тынып жатқан теңіз бетіне шағылысып, су бетінен от-жалын шашылып жатқандай. Ауа райының мұндай сәтін бос жібермейтін Дәмелі ау-құралдарын дайындай бастады. Аз уақыт өткенде оның мінген моторлы қайығы көк теңізді таспадай тіліп, артына толқыннан із тастап, теңіз тереңіне қарай кетіп бара жатты. Бұл кезде балықшы ауылы түгелдей ұйқыдан оянып, балықшы жігіттер де өз қайықтарына отыра бастады. Үздік-созық кетіп бара жатқан қайықтардың ішінде көш бастаушы Дәмелі болатын.

Қайық «Кеңжыңғыл» аталатын ашық теңіздің айдынына келгенде әлгіндегі тынық теңіз теңселгендей су беті аз-кем өркештене бастады.

– Шырақ, мотордың жылдамдығын азайт, – деді қасындағы көмекшісіне, өзінің қайнысы Жұмабекке.

– Енді ауды жел бағытына қапталдай төгуіміз керек, – деді ол. Бұрын ауды жел ығына төге салатынын білетін Жұмабек:

– Жеңеше, мұның мәнін түсінбедім ғой.

– Е, оған түсінбеуің мүмкін. Ал мұның мәнісі мынау, өзің байқап жүрген шығарсың, жел ығына салған аудан балықты ойдағыдай алмай жүрміз ғой. Себеп жел бағытына қуа төккен аудың көзі бітіп, балықтың түсуіне кедергі келтіреді. Сондықтан жел бағытына кесе төккен тиімді болады, – деп сөзін аяқтады. Бір қайық ауды сәске бола төгіп шыққан Дәмелі қайықты жиекке қарай бұрды. Теңіз қайырына желқомды төсеп жіберіп Дәмелі мен оның көмекшісі Жұмабек тынығуға кірісті. Арада бір жарты сағат өткенде бұлар әлгінде құрған ауларына қарай кетіп бара жатты. Ауды қарап, одан көңіл толарлықтай балық алмаған Жұмабектің қабағы қатыңқы.

– Шырақ, – деді Дәмелі. – Көрдің бе, жел батыстан тұрды. Міне, көлге балық кірді деген сөз. Бұлар ауларын жинап болып, «Үшкөл» көліне қарай беттеді.

Балықтардың қайық табанында шоршып жатқанын көрмесе жаны тыныш таппайтын Дәмелі бұл күні үш центнер ала бұға мен сары сазан өткізді. Ал, Жұмабек болса, қабағы манадағыдай емес, жайдары мінезді жайсаң жігіт болды да қалды.

Жақсы істің жаршысы

Күн кешкілік болатын. Ауыл балықшылары теңіз жиегінде ау көңгелеп отырған Дәмелінің жанына жиналды.

– Дәмелі! – деді Байыс. – Ау күтудегі тәжірибеңізден аздап әңгіме айтып берсеңіз. Өз білгенін кісіге үйретуден жалықпайтын ол сәл ойлана түсіп, қоңыр дауысымен сөйлей бастады.

– Ау күтуді жүзеге асыру үшін алдымен оның қандай материалдардан жасалғанын білу керек. Мысалы, мақтадан жасалған торлар, аулар, жылымдарды құрғақта ұстап, күн көзіне кептіріп алып отыру дұрыс. Ал капроннан жасалған құралдарды көлеңкеде ұстап, көлеңкеде кептіру пайдалы. Егер олардың тегіне қарай жағдай жасалмаса сөзсіз шіріп немесе іріп кетеді.

Мен өзім салынып тұрған ауды 10-15 күнде жуып-кептіріп, әлгі айтқандарымды бұлжытпай орындап отырамын. Мұның өзі – жемісті еңбекке жетудің негізгі жолдарының бірі. Әңгіме арасында алуан сұрақтар қойылып, тәжірибелі балықшы сөз арқауын алыстан тастап, сөйлей бастады. Балықты көп аулау құралдарды баптап ұстаумен жүзеге аспайды. Ауды құруда жыл маусымын да естен шығармау керек. Мысалы, қысты күндері, әсіресе, мұздың жаңа қатқан уақытында балықтар тайыздан тереңге кетеді. Сондықтан бұл кезде ауларды кем-кемнен тереңге салу керек. Мұз тегіс қатып болғасын ау құрудың бағытын өзгертуге тура келеді. Өйткені шабақ, ақбалық тереңнен тайызға бет алып қозғалса, балықтың екінші тобы: жайын, тісті балықтары тереңде жүреді. Сол себепті ауды осы екі бағытқа ыңғайлап, оған тиісті ауларды құрып отыру тиімді болады.

Көктем – балық базары

Енді жазғы көктемде балық аулауды әңгіме етсек, ол өз алдына өзге талаптармен аулауды қажет етеді. Өздеріңе белгілі, жазғы көктем балық базары емес пе?! Өйткені дүниедегі барлық жануар сияқты балық та қыстың ауыр азабына шыдап, онымен қоштасады. Олардың да өрісі ұзарып, кең жайылымға шығады. Бұл кезде балықтың қорек іздеу, уылдырық шашу кезеңдері басталып, жүрісі үздіксіз болып тұрады. Аталық балық су бетінде жүрсе, аналық балық одан төмен жүріп отырады. Мұны балықтың шоғырлану кезеңі деп атайды. Мінекей, бұл кездерде ауды қолтықты, ықтау жерлерге салып отыру керек. Енді жаз бен күз айларын алатын болсақ, мұның да басқа маусымдардан өзгешелігі бар. Бұл кезде балықтың кейбір түрлері еркін қоректену үшін, әсіресе, біздің теңізде сапалы, дәмді балық қаяз шіркей қағып, теңіз жағалауындағы қамыстың ықтасын жеріне өрлейді. Сондықтан да, июнь, июль, август айларында қаязды осы маңнан аулаймын. Сондай-ақ, қаяз аулар мен шабақ ауларды ауа райына қарап, 2-3 метрден тереңге қарай салу керек. Балық, аулауда тек мұны білу жеткіліксіз. Алайда теңіз табиғатын білу қажет. Дәмелінің айтуынша, әрбір балықшы өзінің балық аулайтын аймағының табиғатын терең зерттеп, таныс болуы керек. Өзі еңбек еткен жиырма жылдың ішінде балық аулаудың барлық сырын ұққан, оны іс жүзінде қолданып, Аралдың атақты балықшысы атанған Авань балық аулау базасының балықшысы Дәмелі Қозыбақованың айтар әңгімесі әлі көп.

– Біздің мақсатымыз – тек балық аулау ғана емес, – дейді Дәмелі. –Сонымен қатар оның сапасын сақтау да – негізгі міндеттеріміздің бірі. Егер еңбектеніп аулаған балығың төменгі сортпен өтетін болса, оның өзі еңбегіңнің далаға шашылғаны емес пе?! Сондықтан әрбір балықшы аулап алған маржандай жалтыраған балығын сапалы етіп өткізуге тырысады.

– Мен, – дейді Дәмелі, – балықты үнемі тірі өткізуге тырысамын. Ол үшін аулаған балығымды тор қапшықта ұстаймын. Егер балық өткізетін жеріміз алыс болса, онда қайыққа салған балықтың үстін пішенмен жауып алып барамын. Мұндай жағдайда балық босамай өз қалпын толық сақтайды. Сонымен балық аулауда оны жоғары сортпен өткізуде Дәмелі үнемі үздік шығып, өз әріптестеріне тәжірибесін кеңінен таратып жүр.

Бұл Дәмелі Қозыбақова туралы жазылған кітаптан бір үзік иірім. Ендігі жерде 40 жыл теңіз толқынымен алысып балық аулап, өнегелі еңбек етіп қайраткер балықшы қызға Арал қаласынан бір көшенің аты берілсе, бүгінгі ұрпаққа өнегелі іс болар еді деп ойлаймыз.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
16 тамыз 2022 ж. 1 308 0