Өткен күнде белгі бар...

Соғыстан кейінгі жылдары 14-15 жасар жасөспірім сол кездің тәртібімен ФЗО-ға жіберіліпті. Қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру міндеті жеткіншектерге жүктеліп, бұғанасы қатпаған жас балалардың еншісіне тигені белгілі. Сол кезде Қарағанды жерінде кен орындарында, темір жол бойында қара жұмыс істеген ғибратты ғұмыр иесі аман-есен туған жерге оралып, 1955-1956 жылдары Арал қаласында балықшылар, мотористер дайындайтын комбинатта кеме капитаны мамандығын алып шығады. Теңіздің ақжал толқындарымен арпалысқан жігіт 40 жылдан астам уақыт балықшы болды. Күн сайын таң қараңғысында теңізге шығып, кеш бата отбасына оралатын Әбекен аз уақытта теңіздің бар мінезіне қанықты. Балықтың үйірін де, мол олжаның келер көзін де танып тұратын оны басқа балықшылар өздеріне басшы санайтын. Бірнеше мәрте звено бастығы, Арал теңізінде балық аулап танылған «Окунь» балық аулау кемесінің капитаны қызметін мінсіз атқарды.
Сонау 60-шы жылдар болар, бір күні еңбекпен есейген жан үйге көңілсіз оралды. Бұған дейін әңгіме барысында теңіздің суы азайып бара жатқанын, судың тұздылығы көбейгенін айтып отыратын. Теңізде туып, теңіздің төл баласындай болған кәсіби балықшы осылайша тығырыққа тірелді. Жылдар өтіп, басқа жұрт өзге көлдер мен өзендері бар аймақтарға қоныс аударғанда, Әбекен өзінің теңізден әлі үміт үзбейтінін, не болса да Аралдың маңайында болатынын айтып, әуелі Бөген елді мекенінде, сосын Арал қаласында тұрды. Қалада тұрған кезінде балаларын оқытты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды, немере сүйді. Айналасын әзіл-күлкіге, ән мен жырға толтырып отыратын көзі ашық, көкірегі ояу ақсақал өзімен қатар қарттардың құрметіне, жастардың ізетіне бөленді.
«Бір күні теңіз толады. Сол күнді көрсем арманым жоқ»,-дейтін асқақ арманның иесі Әбекен Төлепұлы.
Көкаралда айнала су болатын,
Пішені қамысымен ну болатын.
Көліне қызықтап көзім салсам,
Қасқалдақ, қазыменен қу болатын.
Көкаралдың Қоспай ишан пірі болған,
Құстардың неше алуан түрі болған.
Қазсаң су, атсаң құсы, бақсаң малы,
Мен көрдім сол халықтың бірі болған,–деп, туған елі Көкаралға деген сағынышын осылай білдіріп отыратын.
Айдын шалқар Аралына деген махаббаты жүрегінде жалындаған күйі, Аралдың айдынына ақ шағала қайтып келген күнді көре алмай, елін сүйген теңіз ұлының алып жүрегі 1999 жылы мамыр айында біржола тоқтады. Он екі күннен кейін Жүсіпқызы Мәруса анамыз да өмірден озды. Анамыз бес баланы дүниеге әкеліп, ұрпақ тәрбиеледі. Артында қалған балалары қазіргі таңда аяқтанып, түрлі саланың тізгінін ұстауда. Бүгінде олар бір қауым елге айналып, өмірден өз орындарын алған жандар.

Гүлжаһан Әбекенова.