Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ғасырдың куәсі

Қос ғасырдың куәсі

Қаладағы Терешкова көшесінде тұратын Нұрмаханова Ақжүніс әжей бүгінде 95 жастың төріне шығып, қос ғасырдың куәсіне айналып отыр. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген әжей бейбіт күннің қадірін жете бағалайды. Тәңірден ұрпақтарының аялы алақанын сезініп, осы күніне шүкіршілік етумен отыр.
Ақжүніс әжей буыны бекіп, бұғанасы қатпастан еңбекке араласты. «Ақшатау» колхозында балық шаруашылық саласында аянбай тер төкті. Шаршау дегенді білген жоқ. Маңдайдан аққан терді жеңіне сүртіп, бір сәт дамылдауды білмеді. Заман сондай, еңбекті талап еткен де шығар. Десе де, қазіргі қыз-келіншектер үшін ғасырға жуық ғұмыр кешкен кейіпкеріміздің өмірі ертегідей көрінетін шығар. Колхозда еңбек еткен шаруалардың қосымша күнкөрісі ретінде өздеріне тиесілі аймақта егін шаруашылығы да қолға алынды. Ақжүніс әжей сол алқапта бейнеттен бел жазбай, жер жыртты. Жұмыс дегенді жатырқай бермейтін тыл ардагері сол еңбектің арқасында ширады, денсаулығы жақсарды. Отағасы Раш атамызбен 1944 жылы бас қосып, бүгінде өсіп-өнген өнегелі әулеттің негізін қалады. Алты балаға өмір сыйлаған ақ жаулықты анамыз, заманның қиын шағында құрсақ көтеріп, барлық баланы өсірді, жеткізді. Бұл жағдайды да ерлікке баламасқа болмас. Қаладағы ұзақ жасаған санаулы жандардың бірі ретінде әжейді 8 наурыз–Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай барып, өзін әңгімеге тартқан едік. Ақ жүзін әжім әрлеген қазыналы қартымыз:
Алла осы күнге жеткізгеніне шүкір. Мен қай уақытта болмасын жаратушы иемнен адал еңбек пен абыройлы өмір сұрадым. Осы қалпымда, бала-шағамның алдында имани байлықпен Алланың алдына барсам, арманым жоқ. Менің аман-есен осы күнге жетіп отырғаным алдымен еңбектің арқасы болса, сонан соң көңіл-жайдың тыныштығы болар. Шүкір, балаларым алақандарына салып аялап отыр. Күні кешеге дейін жыл сайын жолдамамен арнайы санаториялық демалыс орындарына барып жүрдім. Құдай берген осы тәуелсіздіктің арқасында қазақ елінің бейбіт күнге жеткенін көрдік. Сол еркіндіктің арқасында тамағымыз тоқ, уайымымыз жоқ. Бәріне мың да бір шүкір. Немере-шөберелерім де жанымда. Міне, жан-жағымнан осындай жылу мен жақсылықты сезінгендіктеп болар, Алланың берген жасын жасап келем,–деп өз ойын жеткізді.
Құдай берген күш-қуаттың арқасы болар, бүгінде әжей өз күшімен далаға шығады. Тамақ алысы да жаман емес. Ізін жалғар ұрпақтарына әулеттің шежірелі тарихын айтып беруге әлі де даяр. «Қартың болса үйіңде, жазып қойған хатпен тең» деген осы шығар. Ақжүніс әжей көкірек-көзі шежіреге толы, сыр сандығы іспеттес. Баласы Әбен ағамыздың әулетке қатысты білмеген кейбір шежірелерін әлі күнге айтып беріп отырады.
Иә, Алла берген ғибратты ғұмырында аналық бақытқа бөленіп, бүгінде бір қауым елге айналған ұрпақтары мен ағайын-туыстың амандығын тілеп отырған қарт ана: «Біз көрген бейнетті бүгінгі балаларым көрмей-ақ қойсын. Тәуелсіздік мәңгілік болсын»,-деп тілейді.
Бейбіт күннің бақытты буыны ретінде біз қос ғасырдың куәсі, 95 жылдық ғибратты ғұмырдың иесі Ақжүніс әжейге 8 наурыз–Халықаралық әйелдер мерекесіне орай деніне саулық, отбасына амандық тіледік.
А.Бисенов.
06 наурыз 2018 ж. 1 593 0