Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтті

Бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтті

Еңбек күшінің жетіспеушілігін болдырмау және қазақыландыру саясатының төңірегінде республика көлемінде түрлі шаралар атқарылып жатыр. Осы мақсатта жуырда, Арал аудандық мәдениет үйінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» негізінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Қазіргі уақытта еңбек күшінің тапшылығын сезініп отырған республикамыздың солтүстік аймақтары екені белгілі. Сондықтан, аталмыш шараға Солтүстік Қазақстан облысынан Ғ.Мүсірепов ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Н.Темірғалиев пен жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Б.Шегебаев, Тимирязев ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Н.Жарасбаев және Павлодар облысына қарасты Щербақты ауданы Галкино ауылдық округінің әкімі Қ.Кулумбенов, Лебяжі ауданы, Шақа ауылдық округінің әкімі Т.Шаурманов қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Р. Өтешов ашып, шараның басты мақсатымен таныстырып өтті.
Одан кейін, арнайы келген қонақтар жиынға қатысушылар алдында өз өңірлерінің тыныс-тіршілігі мен негізгі кәсіптері жайында баяндап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жетіспейтін мамандық иелері мен оларға жасалатын қолдауды да кеңінен тарқатып кетті. Ауыл шаруашылы, егін шаруашылығы кеңінен тараған, Қазақстанның тайгасы аталып кеткен бұл облыстарға әсіресе агрономдар, технологтар мен механизаторлар қажет екені сөз етілді. Сонымен қатар, ағылшын тілі, математика, биология, химия, информатика пәні мұғалімдері мен дәрігерлік мамандық иелеріне де жұмыс табу жеңілге соғатыны байқалды.
Тағы бір айта кетерлігі, ерікті түрде қоныс аударып, еңбек етемін деушілерге барынша жағдай жасау мен жеңілдіктер көрсету қолға алынып отыр. Жеке кәсіпкерлер мен қожалық иелері жұмыс жасауға ниет білдірген жандар табылатын болса, тұрғын үймен қамтамыз етіп, өздеріне де мал беру жайын қарастырады. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау да толағай теңіз.
Міне, халық алдында сөз сөйлеген солтүстіктен келген делегат мүшелері жұмыс күші басым аймақтардың бірі саналатын Қызылорда облысы тұрғындарына 2000-ға жуық бос жұмыс орынын ұсынды.
Жиын соңында мемлекеттік бағдарлама аясында ерікті түрде қоныс аударуға ниеттілер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуына болатындығы айтылып, қатысуға ниет білдіріп келген қызығушылығы бар тұрғындармен жұмыс ұсынушы делегат мүшелері еркін әңгімелесуге де мүмкіндік жасалды.
О. ЖОЛДАСОВ.
05 наурыз 2018 ж. 2 163 0