Баққа байланған ғұмыр
Күз... Күннің салқын самалы күздің ызғарлы өкпек желіне ауысқан тұс. Көкжиек қызғылт тартып, күн батыс беткейге құлап, қызыл ала шапағы төңіректі ал қызыл түске бояды. Кеше ғана жап-жасыл реңі жайқалып жансыздың бәрін жандыға бергісіз кейіпке енгізген сол бір қала шетіндегі көрікті бақ та сап-сары суретке айналып барып қызыл түске астасқан. Бұл көріністер жаны шығармашылыққа жақын адамдарға желік бітірсе, әлдекімді көңілсіздеу күйге түсіреді. Көктен төгілген көк аспанның көз жасы да көңілді тіпті құлазытып жібергендей.
Осы саябақта жұрт көзінен алыстау жерде жүрген қолшатыр астындағы екі сұлба бір қараған жанға табиғаттағы көңілсіздікті ұмыттырып жібергендей әсер береді. Жастардың жиі жиналатын орынында жүрген егде жастағы екеуі бейне бір махаббат ертегілерінің кейіпкелері дерсіз.
Десе де, адамның сыртқы келбеті ішкі сырын көрсетпеген ғой. Жаңбырды махаббаттың куәсі емес, көңілдің кірін жуады деп үміттенеді ол екеуі.
Бір кездері бала махаббаттың жетегіне еріп, осы бақты аралап, сыр ақтарудан жалықпаушы еді. Қызара батқан күннің шапағына қызыға көз тастап, таңның атпауын тілейтін. Күзгі қайтқан құстың әсем дауысын да, көктемгі сағына жеткен әнін де осы жерден алғаш болып есітетін. Осы бақта бірге армандап, болашақ өмірлерін де өздерінше болжайтын. Қиялындағы өмірлері тым әдемі -тұғын. Сол кездегі көп армандарының бірі «осы бақты мәңгі мекендеп қалсақ екен" деген ой болатын. Осы армандарына қартайған кезде жетемін деп ойлады ма екен?!
Бірінің басына ақ жаулық тағылып, бірінің сақалын қырау шалған тұста тағы да осы саябақта өкініштің уын ішіп отыр. Өткенді еске алғысы келмейді. Арманның барлығы ұмыт болып, өзгеше өмірге қадам басқан болатын. Қазақы дәстүрмен отау көтерді. Енді бір бірін саябақсыз-ақ көре алатын дәрежеге жетті.
Арада бірнеше жыл өтті. Алғашқы күндердегі қуаныш көңілсіздікке айналып, шыр еткен сәбидің дауысына деген сағыныш еселене берді. Бірі әкелік бақытты сезінбей, бірі тар құрсағын кеңітетін бір шарана сүйе алмай өтеміз бе деп жүргенде өмірге Елубай келді. Бұл екеуінің жалғыз ғана көз қуанышы. Алланың берген сыйы деп Елубайын ерітіп, үшеуі қыдыратын болды. Алаңсыз, армансыз...
Зырғыған уақыт тұсауға келмей, Елубай да ержетті. Баласы үшін барын аямай, жолына жанын беруге дайын ата-ана тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірде. Осылай жүріп жалғыз ұлының «үйленемін» деген сөзін естігенде өмірдегі ең бақытты сәтті сезінгендей шаттанды. Көзі тірісінде немересінің маңдайынан иіскейтінін естеріне алғанда, осы жасқа дейінгі бар бейнеті сол тәтті елестің шырынымен шайылып кететін. Ол күн де жетті. Бірақ, маңдайынан иіскей алмады.
Дегені болып, қиындықты көрмей өскен Елубай қылық шығара бастады. Әкесіне жекіп, анасына «әй» дейтінді әдетке айналдырды. Осындай сәттердің бірінде ақ сақалы мен ақ жаулығын жас жуып, қос қария жүректері қан жыласа да баласы мен келініне бақыт тілеп үйден кетіп қалды. Содан бері мекені осы саябақ. Немеренің иісін сағынғанда өздерінің жастық шағы қалған қайыңды құшақтап, егіліп жылап алады. Аспан да бірге жылап тұр әне...
Өкінішке орай қоғам бізді осындай көріністің куәгері етіп жүр. Мүмкін тәрбиенің осалдығы, мүмкін сананың бұзылуы шығар. Десе де, қазақылық қанымызда қарттарымызды далада қалдырмақ түгілі, қабағына кірбің түсірмеген ел едік-ау. Өкініштің көрінісі өзекті өртейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.