Жылдам әрі жеңіл

Ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған сәбиді тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Сонымен бірге, бала дүниеге келген күннен бастап, ата-аналар баланы тіркеу және басқа да қажетті барлық қызметтерді енді SMS хабарлама арқылы алады. SMS хабарлама алу үшін ХҚКО-ға барып, ұялы телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттеріне тіркетуі тиіс.
Ауданымызда да SMS хабарлама арқылы нәрестелердің туу туралы куәліктерін алуға қол жеткізілуде. Жақында аудандық перзентханада жаңа тәсіл бойынша тапсырыс берген қала тұрғыны Зада Жаңатайға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жетекші маманы Е.Дабылова, инспекторы З.Оңғарова, сондай-ақ, ХҚКО қызметкері Д.Бисеновалар бірлесіп, кішкентай Нұрисламның туу туралы куәлігін табыс етті.
Әрбір ана үшін сәбиінің өмірге аман-есен келуі зор қуаныш. Жаңа тәсіл арқылы алдымен құттықтау хабарлама келгенде бойымды бір тіктесем, құжатын алып тұрғанда ерекше қуандым,- деген жас ана сәбиінің туу туралы куәлігін жылдам әрі жеңіл жолмен алуға көмектескен қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Мая Жұмашова,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы.