Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңтайлы орталық

Оңтайлы орталық


    Аудандағы мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігін көрсетіп, халықтың көңілінен шығып отырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес, акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Арал аудандық бөлімінің ашылғанына да міне, 10 жыл толып отыр.
         Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы – еліміздің даму сатысының жоғарылағандығының бір көрінісі еді. Әрине, даму болған жерде халықтың сұранысы да арта түседі. Бұл нысанның әлеумет үшін маңызы зор болды. Бұрын бір анықтама алу үшін уақытты сарп етіп, түрлі мекемелерде кезек күтетін халық бүгінде осы мекеме арқылы барлық құжаттарын бір демде реттеп ала алады.
         Аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығында келген әрбір тұтынушы үшін толық жағдай жасалған. Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсете білу – қай кезде болсын ең маңызды мәселе. Орталықта келушілер арасында қандай да бір түсінбестік орын алмау үшін, құжаттарды тосқауылсыз рәсімдеу барысында кеңесшілер мен инспекторлар қызмет көрсетуде. Аумағы кең операциялық залдар да талапқа сай техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Операциялық залдарда дайын құжаттарды беру, күту орындары, өз-өзіне қызмет көрсету аймағы, e.gov.kz ақпараттық жүйесі орналастырылып, келушілер үшін барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Өз-өзіне қызмет көрсету аймағының қызметкерлері келушілерге электронды үкімет порталын насихаттап, кеңестер беруде. Сонымен қатар, тұтынушылардың компьютер арқылы, Е-gov сайтынан  қызмет түрлерін өз бетінше алуға мүмкіндік жасалған. Осылайша, жылдан-жылға қызмет түрлері көбейіп, сапасы да артуда.
         Тағы бір жаңалық, өткен жылы Сексеуіл кентінде мемлекеттік қызмет көрсету секторы ашылды. Бүгінде кент тұрғындарына құжат қабылдау, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, ақылы қызметтің барлық түрлері бойынша толыққанды қызмет көрсетілуде. Олар бұрынғыдай аудан орталығына қатынап, уақыттарын жоғалтпайтын болды.
          – Бөлім қызметкерлерінің барлығы өз істерін жетік білетін мамандар. Өткен жылдың соңында алғашқы зейнеткеріміз, яғни, Х.Бержанова апайымыз зейнет демалысына шықты. Орталық ашылғалы халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан бөлім басшысының орынбасары Е.Ашықбаев, бас маман Ж.Әленов, мамандар Ж.Абибуллаева, А.Әбішова, Г.Сәрсенбаева, Г.Пұсырманова, Л.Каленова, Н.Бимағамбетов, Г.Медеталиева, Д.Бисеновалар – өз істерінің нағыз майталмандары. Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесі күніне орай өткізілген облыстық сайыста тәжірибелі қызметкеріміз Ақбота Әбішованың жүлделі І орынды иеленіп, мерейімізді көтерді. Бүгінгі күні халыққа 100-ге жуық қызмет түрлері ұсынылып отыр. Осы қызмет түрлері бойынша өткен жылы барлығы 106640 өтініш қабылданса, оның 61283-і электронды нысанда қабылданған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, негізгі тиімділік көрсеткіші бойынша облыс көлемінде І орынды иелендік. Халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуде  алдыңғы қатардан көріну – ұжымның басты ұстанымы, – дейді бөлім басшысы Л.Ибраимова.    
Халық үшін қалтқысыз еткен еңбек қашанда елдің назарында.  Орталықтың құрылғанына 10 жыл толуына орай Б.Момышұлы атындағы орденмен бөлім басшысы Л.Ибраимова, орынбасары Е.Ашықбаев және бас маман Ж.Әленов марапатталды. Сондай-ақ, арнайы мерейтойлық күнтізбе жасалынып, оның тұтынушыларға таратылуы қызметкерлердің ұйымшылдығы мен жаңашылдығын танытады. Сонымен бірге, бөлім ұжымы аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі акцияларға белсене қатысып, көп балалы отбасы балаларына, аудандық психологиялық түзету кабинетінің тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде қайырымдылық көмектерін көрсетіп келеді.
Шалғай ауылдардағы тұрғындардың аудан орталығына келу мүмкіндіктерінің бола бермейтіні де белгілі. Осы тұрғыда ауылдық округтерге шығатын мобильдік топ ұйымдастырылған. Арнайы кестеге сәйкес, бекітілген уақытта елді мекендерге барып, тұрғындардан тиісті құжаттарын қабылдап, дайын құжаттарды тапсырып, қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету де қолайлы жағдай жасалған. Олар сыртқы есікке бекітілген арнайы қоңырауды басып, жауапты қызметкерді шақырып, сол арқылы және ғимараттың бірінші қабатындағы арнайы терезеде өздері қалаған қызмет түрлерін ала алады. Сонымен қатар, орталыққа мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасы мүшесі, туыстық қатынасты білдіретін, қамқоршысы не жақын адамдары республика аумағында барлық абоненттер үшін тегін болып табылатын бірыңғай 1414 нөміріне хабарласып, арнайы өтініш қалдыруға болады. Сол өтінім бойынша орталық қызметкерлері барып қызмет көрсетеді.  
Аудан халқына сапалы қызмет көрсетуде алғашқы он жылды артқа тастаған орталық қызметінің бағыт-бағдары айқын, міндеттері нақты.
Лаура Әйтімова.
12 ақпан 2018 ж. 1 201 0