Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЙДЫНДЫ АРАЛДА

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЙДЫНДЫ АРАЛДА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытқожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Геннадий Шиповских және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Арал ауданында іссапармен болып, қаладағы әлеуметтік нысандармен танысты.
Ежелден балық шаруашылығымен айналысып келе жатқан аралдықтар ата кәсіптен қол үзген емес. Әрине, теңіз тартылып, тоқырау жылдарына тап келгенде бұл сала біраз тұралап қалғаны рас. Әйтседе, Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында САРАТС жобасы жүзеге асырылып, теңіз тіршілігі қайта түледі. Міне, бүгінде су маржанын сүзген балықшылар ертеректегі теңіз даңқын қайта жаңғыртып жатыр. Соның дәлелі ретінде Арал балық өңдеу зауытының тынымсыз тірлігін айтуға болады. Парламент Мәжілісінің депутаттары аталған нысанға ат басын бұрып, жұмыс жүйесімен танысты. Алып кешен соңғы технологиямен жабдықталып,  талапқа сай жұмыс жасауда. Бүгінде зауытта 15-ке жуық өнім түрі өңделеді. Арал балық өңдеу зауыты директорының міндетін атқарушы Гүлмира Рысмамбетованың айтуынша, оның бесеуі Еуропа мен Қытай нарығына шығарылады екен. Халық қалаулылары нысанды аралап, қызметкерлермен тілдесті. Шаруашылықты жандандырып, ата кәсіппен айналысып жатқан азаматтарға алғыс білдірді. Зауытта бақылаушы боп жұмыс істейтін Кенжегүл Тәжібаева біраз  уақыттан бері осы саладан нәпақасын тауып келеді. Ол қызмет талапқа сай болса, сұраныстың да артатынын айтады.
Қазіргі таңда Арал қаласының аумағы кеңейіп, аудан орталығына қоныс аударушылар саны артуда. Бұл әлеуметтік әрі әлеуеттік жағынан өсімнің бар екенін аңғартады. Соған сай сауда-саттықтың да, халық сұранысына сай қызметтің де өсетіні белгілі. Бүгінде қаланың батыс беткейіне қоныстанушы халық саны көбейген. Осыған орай сауда орындары көп қажет етіледі. Жақында ғана ашылған «Ер-Ай» жабық базары тұрғындарға сапалы қызмет етіп келеді. Жаңа үлгіде бой көтерген кешенде асхана, әкімшілік бөлмесімен қатар зертхана жұмыс жасайды. Онда ет, сүт өнімдеріне бақылау жүргізіліп, тексеріліп отырады. Ең бастысы, мұндағы зат бағасы қалтаға ауырлық етпейді. Мәжіліс депутаттары баға тұрақтылығы мен қызмет сапасын қалыпты ету маңызды екенін айтып, кәсіптеріне береке тіледі. 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары табан тіреген нысанның бірі – Жақсықылыш кентінде орналасқан «Арал тұз» АҚ. Қазіргі таңда Арал ауданы тек теңізімен ғана емес ақ алтынымен де танымал. Кәсіпорын өндіретін сапалы тұздың 60 пайызы Ресейге экспортталады. Сұраныс жоғары. Мұнда бүгінде асқа пайдаланылатын тұздан өзге өнімнің түр-түрі шығарылады. Сонымен қатар, сапасына қарай да сортталады. Айдынды өңірдегі ірі кәсіпорын жұмысына оң бағасын берген депутаттар жұмысшылардың өтініш-тілегін тыңдады. Жұмысшылар жалақыны уақытылы алып, қалыпты деңгейде жұмыс жасауда. Айлық 60 мың теңгеден басталады. Алып өндірісте 1100-ге жақын адам жұмыс істесе, оның 200-ге жуығы Арал қаласының тұрғыны.
Мәжіліс депутаттары, сонымен бірге қаладағы мәдени нысандарға да тоқтады. Жаңадан салынып жатқан Рәміздер алаңы мен белгілі жазушы, Аралдың тумасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйін аралады. Жақында қолданысқа берілетін мемлекеттік рәміздерге арналған аллея аудан орталығының көркін бұдан бетер айшықтай түседі. Тіпті, көк туымыз қаланың қай бұрышынан болса да көрінетіндей етіп жасалуда. Ал жазушының шығармашылық үйі жас өскін үшін өнегелі орын болмақ. Онда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұтынған заттары, кітаптары мен естелік суреттері қойылған.
Сонымен қатар, халық қалаулылары жаңадан салынған өрт сөндіру мекемесіне де аялдады. Соңғы технологиямен жарақталып, техникалармен қамтамасыз етілген кешенде қауіпті жайдың алдын алуға бар мүмкіндік қарастырылған. Көлік жуу мен қызметкерлердің қолайлы жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан тұрғындары жаңа аурухананың да игілігін көреді. Мәжіліс депутаттары іргелі ауданға ірі медициналық орталықтың қажет екенін айтты. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп, аяқталуға жақын. Еңселі ғимаратта бір уақытта жүздеген адам еркін ем алатын болады. Халық әлеуетін көтерер осындай әлеуметтік нысандар аудандағы атқарылып жатқан ауқымды істерді айшықтап берді.
***
Аралға іс-сапармен келген мәртебелі меймандар аудандағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысқан соң аудан әкімдігінде өткен актив отырысына қатысты. Қонақтарды жиналғандарға аудан әкімі М. Оразбаев таныстырды.
Жиында алдымен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б. Ізмұхамбетов сөз сөйлеп, ауданның даму көрсеткіші жайында өзінің оң бағасын беріп, кей салалардағы көрсеткіштің алға жылжу қарқыны дамып келе жатқандығына тоқталды. Сондай-ақ, аудандағы еліміз үшін аса қажет ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ-ның бүгінгі жұмыс жайына тоқталды. Сонымен қатар, әскери саладағы көрсеткіштердің оң бағаланып келе жатқандығына тоқталды. Әріптесінің сөзін қоштаған Парламент Мәжілісінің депутаттары А. Тасболатов пен М. Ермандар жылдан-жылға Елбасы назарындағы өңірдің ажары айшықталып, келбеті жаңарып келе жатқандығын мақтаныш сезіммен жеткізді.
Соңғы кездері қоғамда жиі талқыға түсіп келе жатқан еліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген ҚР Парламеті мәжілісінің депутаты Г. Шиповских бұл мәселе жөнінде өз ойын жан-жақты жеткізіп, латын әліпбиіне көшпейміз, қайта оралатындығымыз жайында айтты.
Артынша аудан әкімі М. Оразбаев сөз алып, ауданның даму көрсеткіші жайында баяндады. Өткен тауық жылы ауданымыз үшін табысты болғанын тағы бір мәрте тілге тиек еткен аудан басшысы осы жылы да қолға алынар мәселелер жеткілікті екендігіне тоқталды.
Кезек жиынға қатысушылар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерге де келді. Арал ауданының құрметті азаматы, Ә. Әуезов, аудан дамуындағы жетістіктерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда тарихта зұлматты кезеңімен сақталып қалған Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден бөлек өзге соғыстарға қатысқан азаматтардың қоғамдағы беделін көтеруге күш салу керектігін айтты. 
Аудандық мәслихат депутаты, Қ. Аяпов еліміздегі қарқынды қолға алынып келе жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісін көріп жатқан өңірлер бар екендігіне тоқталды. Алайда, осы бағдарлама игілігі болып саналған Сексеуіл-Жезқазған бағытындағы темір жолда Қарақұм тұсындағы вогзалдың жағдайын талапқа сай етуді сұрады. Және де ауданішілік кей бағыттарға баруда жолдың жайы көңіл құлазытатындығын жеткізді.
Зейнеткер, А. Үмбетов депутаттар алдында еліміздегі жүйрік пойыз Тұлпар-Талго пойызын Аралға тоқтату мәселесін көтерсе, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Садықбаев ел экономикасын еселеген ЭКСПО көрмесі жайында айтты. Сондай-ақ, зейнеткер ұстаз Н. Оспанов ауданда салынған аппатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге ықпал жасаған жоғары билікке алғысын айтты.
Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өздеріне қатысты салалар бойынша көтерілген түрлі мәселелердің оңтайлы шешім табуына ықпал жасайтындығын жеткізді.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Алтынбек БИСЕНОВ.
09 қаңтар 2018 ж. 1 689 0