Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтуар әулие

Айтуар әулие

Әулие — ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Халық арасында ерекше тақуалығымен, шипа дарытқан емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие, көпшілік қауымға рухани тәлім-тәрбие беретін тұлға. Адамның шынайы әулиелігі тақуалығымен, адамзат үшін жасаған сүбелі еңбектерімен өлшене береді. Әулиелік дәрежелеріне қарай кереметтері де әртүрлі болады. Көзі тірісінде руханиятты насихаттап, халықты тура жолға бастаған жандардың барлығын Алланың досы, Аллаға жаққан жандар немесе әулиелер деуге болады. Сондай ерекше тұлғалардың бірі – Қарабасұлы Айтуар әулие.
ХVІІІ ғасырдың бас шамасында Сыр өзенінің төменгі сағасында, Райым деген жерде өмір сүрген. Руы – Жақайым. Атасы – Жұмыр батыр, өз заманындағы халық қамын ойлаған адал тұлға болған. Айтуар әулиенің әкесі Қарабас батыр, тұлғалы, асын адалынан ішкен азамат болған. Ал анасы – Тоғайқожақызы Аппақ ана әулие. Руы – Сейіт қожа. Бес намазын қаза етпеген, әулиелік қасиеті жоғары, айтқан лебізі қапы кетпейтін, шыншыл, жан-жағына жылулық мейірін төгіп жүретін абзал ана болған. Осындай екі мақтаулы алыптан, қасиетті жандардан туған Айтуар атамыз да тегін болмайды. Әулиелігімен қатар көрік қыздырып, зергерлік бұйымдар, құрал-саймандар жасайтын ұста болған деседі. Бұл туралы З.Шүкіров атамыздың тарихи «Сыр бойы» романында Айтуар әулиеге сәлем берейін деп арнайы іздеп келген батыр Жанқожа Нұрмағанбетұлының пікірі баяндалады. Бұл дерек жаңсақ беріліп, Айтуар әулиенің тұрғылықты жері – Ескіұра деп, ал әкесінің есімі – Аппақ деп жазылған. Айтуар әулиенің көріпкелдігі, әулиелік қасиеті жоғары болған.
Бірде Райым тауының төбесінде 5-6 ақсақал қауқылдасып, әңгіме-дүкен құрып отырса керек. Сол кезде жорыққа аттанып, қол бастап бара жатқан Жанқожа батыр аялдап, ақсақалдардан бата сұрапты. Айтуар атамыз батасын беріп, бетін сипапты. Ақ сәлделі, аузында Алласы бар, жүрегінде иманы, жүзі нұрға толған Айтуар атамызға Жанқожа батыр разы боп, беліндегі белдігін шешіп беріпті. Айтуар атамыз "жауға қарсы тұрар батырсың, үнемі ат үстінен түспейтін, белің мықты болсын" деп, белдікті Жанқожа батырдың беліне өз қолымен тағып беріп, ақ жол тілепті. Жанқожа батыр жорықшыларымен ұзағаннан соң, Айтуар атамыздың қасындағы ақсақалдар "бұл не қылғаның, өздігінен келіп сәлем беріп, бір қаралық белдікті ұсынғанда алып қалмай, қайтып беріп" деп сөз қылыпты. Сонда Айтуар атамыз жанындағы ақсақалдарға: "не көрдіңдер, не байқадыңдар" депті. Ақсақалдар "ештеңе байқаған жоқпыз, бата бердің, белдікті қайтардың" депті. Сонда Айтуар атамыз "Жанқожа батыр белдігін шешіп бергенде, белдікпен қосылып батырдың екі иығындағы жолбарысы ере келді, жолбарысы маған келсе батырым жай адам болып қалмай ма" деп қайтарып бергендігін, белдікпен қосылып жолбарыстың Жанқожа батырға оралғанын айтып, әулиелігін тағы бір мойындатқан екен. Ал Жанқожа батыр жорықшылармен жол үстінде кетіп бара жатса әскерлері өзара сөз қылып: "қаншама белді асып өтетін жолымызды қайдағы бір шалдарға аялдап, бата сұрап өз уақытымызды алдық" деп күңкілдессе керек, сонда Жанқожа бабамыз сендер «не көрдіңдер, ақсақалды қариядан не байқадыңдар» деп сұрапты. Барлығы "ештеңе, бата алдық, бет сипадық, белдікті бердіңіз, ақсақал қайтарып берді" депті. Сонда Жанқожа батыр Айтуар атамыздың екі иығында періштелердің от жағып ойнап отырғанын көріп, тегін емес, дуалы, қасиетті жан екенін аңғарып, бата сұрағанын айтып, өзінің де осал еместігін аңғартса керек. Жанқожа батыр ағайын-туысқа ренжігенде, өкпелеп араздасып қалса «Менің тірі әулием» деп өзіне пір тұтып, Айтуар атамыздың үйіне түсіп, пікірлесіп демалатын болған.
Сонымен қатар Айтуар атамыз көрік балқытып, алдына ем-шипа сұрай келген пендесінің ауру-сырқауын емдеп, ауруынан айықтырып, ем- дом жасайтын болған.
Атақты Байтөре баласы Қазанғап әулие Айтуар әулиенің жиені боп келеді. Қазанғап әулиенің дүниеге келер күнін, қасиетті адам болатынын айтып өткен. Бұған қарап қалайша бас имейсің, иланбайсың?!
Айтуар әулиенің ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет жасап, өмір сүруде. Ел ағасы – Қосымов Уәйіс атамыздың ұрпағы. Киелі Райымның топырағы ахундар мен әулиелер мекені боп саналады. Дін жолында қызмет еткен – Қанат баласы Күнсүгір ахун, Қартпанбет, Баймахан, Мәткерім, Ақпанбет, Оразымбет ахундар жатқан қасиетті де құтты мекен.
Әйгілі Жетес би, молда Бәйім, Жансүгір жырау, Жетес бидің хатшысы болған Жұбаназар ата, Қосарал иіріміндегі (дария) бес жылғы ту жайынды шаншып берген атақты Түлкібай әулиелер мәңгілікке жай тапқан мекен. Жетес би шешендігімен танылған, көп жерде танымал болған, бірақ бай болып, мыңғырған мал ұстаған емес. Жетес би бірде қырдың шектілеріне, бай-бағландарына мақтанып "Көлбай, Теңізбай, Дариябай сынды байларым бар" десе керек. Мұны естіген байлар көрелік деп 60 (алпыс) адам келетін болыпты. Бұлар келем дегесін жайлау керек, қонақжайлылық танытып шығарып салу керектігіне қобалжып, Дәулет- Асанның Мәмбет аталығынан тарайтын Түлкібай әулиеге барып болған жайды Жетес би хабардар етіпті. Сонда Түлкібай әулие "дарияның түбін кім көріп жатыр, 5 жыл бұрынғы ту жайынды көріп жүрмін, қонақтарың келетін күні айт, шаншып алып берейін, келетін алпыс адамыңа жетеді" деп, Жетес бидің қонақтарын жайлап, өзінің көріпкелдігін танытып, Жетес биді тығырықтан шығарған екен.
Өз дәуірінің дуалы ауызды, дөп түсіріп тауып айтар, тілге шешен, от ауызды, орақ тілді, шежіреші ақсақалдарының бірі, халық арасында кеңінен тараған «Шора деген екен» атқа лайық, дау-жанжалдарда тапқырлық танытып, әділ төрелігін берген Бердалыұлы Шора мен Садықбай атамыздың да мәңгілік тұрағы осы Райым жерінде.
Бес уақыт намазын қаза етпеген, халқына тек жақсылық ойлап, қамқоршы болған Айтуар әулие мешіт ұстаған мақсым болмаса да, халық ерекше құрметтеп, әулиелігіне тәнті болған. Айтуар атамыздың атына 1996 жылы колхоз көмегімен мешіт салынып, ел игілігіне пайдаланылып келген. Мешіттің ескіруіне байланысты ел-халықтың, Райым ауылының асарлатуымен, Дәулет-Асан ұрпақтарының демеушілігімен, оның ішінде ерекше атап өтер Айтуар атамыздың ұрпақтары Байтілес пен Лепес аталардың балалары – Рахан, Әділхан, Аралбек Қалиев сынды ағаларымыздың материалдық-қаржылай, қол күштері мен техникаларын санаспай дер уақытында жеткізіп, бір кісідей атсалысып, тынбай қызмет көрсетуінің арқасында жаңадан заманауи, жылы әрі жарық мешіт салынды. Айтуар атамыздың мешіті 2022 жылдың, 27 тамызы күні салтанатты түрде ашылатындығынан барша ұрпағына хабардар еткім келді.
Тарихи рухани мұраларға толы қазақ даласынан да көптеген әулиелер мен ишандардың шыққаны белгілі. Әулиелер бұл фәниден өткеннен кейін де қадір-қасиеті арта түспесе, кемімейді. Өйткені адамдар олардың артына қалдырған рухани мұраларын оқып, жастарға тәлім-тәрбие берудің негізіне айналдырады.

Аманбай Өтегенұлы Тайымов,
"Айтуар әулие" мешітінің имамы
23 тамыз 2022 ж. 698 0