Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ӘУЛИЕ

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ӘУЛИЕ

Шығыстың ұлы ойшылы Сағди: «Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» деген екен. Сол сияқты, артына өлместей із қалдырған Арал аймағының төл перзенті, Алланың берген қадір-қасиеті дарыған, киелілік қонған көріпкел-әулие, әйгілі емші ӘлМұхаммед Қалдыбайұлы Қарамолда атамызды айтар едім. Кезінде бұл атамыздың Арал, Қазалы, басқа да аймақтардан ем іздеген, жоқ іздеген, қайырымдылық көмек сұраған, сүндетке отырғызу сияқты ізгі істерге көп көмегін тигізген. Бұл туралы естеліктер жазылып та, ел аузында айтылып та жүргені баршаға аян.
Халқымызда «Батыр мен әулие – ортақ» деген қанатты сөз бар. Қаламыздың батыс беткейінен орын тепкен «Қарамолда» атындағы көше тұрғындары 100 жасаған (1892-1992 ж.ж.) көріпкел-әулие, атақты емші атамыз Әл-Мұхаммед Қалдыбайұлына арнап ескерткіш тақта орнатып, ас беріп, Құран бағыштап, өнегелі, мазмұнды әрі игілікті істер жасады. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков көше тұрғындарының кие қонған бабаларын бұлайша ұлықтап жатқаны кейінгі ұрпаққа өнеге екенін және де бұл игі шара бүкіл қала жұртшылығы үшін үлгі етерліктей шара екенін алға тартты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсеткендей, мұндай рухани құндылыққа бай игі шаралардың қай уақытта да өскелең ұрпаққа үлгі болатындығын айтып, халық қолдап жатқан өнегелі іске өз ризашылығын жеткізді.
Осы орайда, Қарамолда туралы бір естелік ойға оралады. Украиналық бір әйел науқастанып, дертіне дауа таба алмай, әйгілі көріпкел болгариялық Вангаға барған. Ванга келген әйелге «Сен Қазақстанда құмның ортасында отырған бір адам бар, соған барсаң емің табылады», – дейді. Сол украиндық әйел Қарамолда атаны іздеп келіп ем алып, дертінен айыққан деген деректер бар.
Қарамолда атаның қызы Ақкүріш Берсүгірованың естелігінде де мынадай аңызға бергісіз әңгіме бар. 19461947 жылдары колхоз жылқысын бағып жүріп, жазғытұрым қатты жауын болған күні астындағы бурыл атымен ата ізім-ғайым жоқ болып кетті. Ол кезде біз Ақшұңқырда «Тауан» деген құдықтың басында отырғанбыз. Бүкіл ауыл болып іздегенмен таба алмады. Колхоз басшылығы мен ауданнан уәкілдер келіп, мемлекет малын түгелдемекші болды. Алланың құдіретін қарасаңызшы, жылқылар біреу айдап әкелгендей жан-жақтан үйір-үйірімен құдық жанына жиналды. Барлығы түгел, дін-аман. Тек бір жылқы жоқ. Ол – атаның мінген бурыл аты еді. Арада бір-екі жыл өтті. Қарамолда ата әлі жоқ. Менің әкем Ахмет бірнеше рет намазын шығарамын деп оқталды. Бірақ, көңіл шіркін бауырын өлді деуге қимайды. Сонымен, үшінші жылы дәл сондай нөсерлетіп жауған жаңбырлы күні астында бурыл атымен Қарамолда атам ауылға оралады. Үстіндегі киімі де еш өзгеріссіз. Алдынан жүгіре шыққан барлық балаларға бір-бірден айна, тарақ таратып берді. Қайда барды, қай жақтан келді? Балаларға таратқан мол сыйлықтарды қайдан алды? Меккеге барып келді ме? Әлде басқа жақта болды ма? Бұл сұрақтарға жауап жоқ күйінде қалды. Өзі де айтпады. Сұрағандарға да жауап бермейді. Осылайша, бұл оқиға біздер үшін тылсым дүниенің жұмбағы болып қалды, – деп еске алады.
Міне, осындай әулие кісінің атына көше беру өскелең ұрпақтың санасында бабалар рухын жаңыртып тұрады. Аудан орталығынан Қарамолдаға көше берілді. Жергілікті билік тұрғындардың көшені асфальттау, жарықтандыру сияқты өтініштерінің ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Ескерткіш тақтадағы Қарамолда атамызға арналған жыр жолдарын оқыңызшы. Бұл тұрғындардың бабаға деген шын ниетінен шыққан ықыласпейілдерін білдіргендей.
Қасиетті кітапта: «Садақаны беру мал-мүлікті ешқашан азайтпайды. Аллаһ тағала (адамдарды) кешірген құлының міндетті түрде ізет және абыройын арттырады. Аллаһ тағала үшін кеңпейілдік танытқанды Аллаһ тағала міндетті түрде мәртебесін көтереді», – деген екен. Сол сияқты, Аллаға сыйынып, ауызбіршілік танытып, аталарына ас беріп, Құран бағыштап, ұрпақтарының амандығын, елдің тыныштығын тілеп, игілікті істің басықасында жүрген көше тұрғындарының Алла мәртебесін көтереді ғой деп ойлаймын.
Аманжол ЖОЛМАҒАНБЕТҰЛЫ,
ардагер ұстаз. Арал қаласы.
03 шілде 2018 ж. 2 395 0