Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАНМЕН САЛЫНҒАН КЕСЕНЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

ҚАНМЕН САЛЫНҒАН КЕСЕНЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Қызылорда облысының Қазалы ауданында 19-ғасырда тұрғызылған Келімбет баба кесенесі жылқының қанымен салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
  Сыр өңірінде қойнына небір құпия-сырды бүгіп жатқан киелі орындар көп. Солардың бірі - Келімбет баба кесенесі.
Қожабақы ауылының тұрғыны, ақын Әмірхан Қанайұлының айтуынша, Келімбет кесенесі шамамен 1898 жылы тұрғызылған. Аранды ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым, Қожабақыдан батысқа 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Ескерткіш - мемлекет қорғауында.
  «Келімбет баба Асан руының Мәметегінен тараған. Оның кесенесін қожабақылықтар «Келімбет тамы» деп атап кеткен. Жалпы дерек көздеріне сүйенсек, Келімбет XIX ғасырда өмір сүрген кісі екен. Заманында өзі «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөзді ұстанып, халыққа қайырымы мол жан болыпты деседі. Ел аузындағы әңгімелер бойынша ол кісінің әулиелік қасиеттері де болыпты. Бір күні Келімбет дәрет алатын шәйнегіне су құйып, отқа қойса, жаздың өзінде шәйнектегі су ертеңіне қатық болып ұйып тұрыпты. Осыны көрген ол елін жинап, ұйыған қатық суды бірге бөліп ішіп, жұртты ұйыған айрандай болуға, ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырған», - дейді Әмірхан Қанайұлы.
  Әулие Құдайдың ризалығына бөлену үшін қолға алған істің әрбірін игі ниетпен бастайтын болған. Көзінің тірісінде Келімбет халқын жинап, еліміз тату болсын, емен бұтағындай қауласын деген пейілмен үлкен үй там тұрғызған екен.
  «Күніне оншақты жылқы сойған, оның қанын, жал-құйрығын балшыққа қосқан. Сөйтіп, балшықты қанға әбден илеп, үй тамның бойын түзеген. Әрі үйді салған адамдар дәретсіз жүрмеген. Сондықтан, үй тамның кірпіші суға ерімейді, отқа өртенбейді. Келімбеттің көзі тірісінде салынған тамға өзі, Айжігіт, Дәуіт атты ұлдары мен анасы, жұбайы жерленген», - дейді Қожабақы елді мекенінің тағы бір тұрғыны Дархан Бекжанов.
  Келімбеттің ұлы Айжігіт 18 жыл болыс болып, еліне сыйлы азамат атанған. Қазіргі таңда Келімбет бабаның ұрпақтары дария бойындағы қоныс тепкен ауылдарда тұрып келеді.



09 сәуір 2018 ж. 2 066 0