Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ халқының әшекейлерін білеміз бе?

Қазақ халқының әшекейлерін білеміз бе?

Қайұлттың болмасын өзіне тән салт-дүстүрлері мен ұлттық киімдері болады. Сонымен бірге ұлттық киімдерімен қоса тағатын әшекей бұйымдары да жетерлік. Иә, халқымыздың қай құндылығы болмасын оның адамзат баласына берер тәрбиесі мол. Әшекей бұйымдарымыздың да адамға тигізер пайдасы мен тәрбиесі баршылық.
Зергерлер көбіне бағалы металлдың ішіндегі ең қолайлысы деп күмісті пайдаланған. Себебі күмістің жалтыраған түсін, әр түрлі техникалық тәсілдерге икемділігін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Сонымен қатар күмістің адам баласына тигізетін пайдасы да көп екен. Адам бойындағы ауруларды күміс тартады деген тәмсіл де ерте кезден бүгінге дейін айтылып келеді.
Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қатырма, шашбау секілді әсем әшекейлер жасаған. Қыз-келіншектерімізді ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі  көздің жауын алатын әшекейлі бұйымдар жасаған. Олардың ішіндегі ең көрнекі де қымбатты – сәукеле. Сондай-ақ әйел адамдардың жиі тағатын әшекейі – білезік болған. Білезік көбіне жұмыр, төрт қилы және ширатпалы болып келеді екен. Нәзік жандылардың әшекейлерінің тағы бір түрі – жүзік. Оның үстіңгі бетіне әр түрлі тастардан, не өңді әйнектерден ою-өрнек жүргізіледі. Сонымен бірге бойжеткен қыздардың тағатын әсем бұйымдарының бірі – сырға. Оның ай, айшықты, тұмар қозалы, салпыншақты, тас алтын, күмісті қоңыраулы, күмбезді секілді түрлері болған. Қазақта ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығына тары дәнін басып, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Бұл ырым «жас нәрестеге тіл- көз тимесін» деген тілектен туындаса керек.
Қыз-келіншектер арасында шашқа тағатын сәндік әшекей бұйым – шашбау. Күміс шынжырлардан, жібек баудан жасалып, маржан моншақтармен, сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға өзінше сән беріп тұрады. Кейде шашбау қара баудан жасалып, шашты ұзын әрі қалың етіп көрсету үшін қолданылады. Үлкендер шашбау сыңғыры арқылы үйге қыз баланың келе жатқанын біліп, жинақтала бастаған. Сондай-ақ шашбаудың дыбысы арқылы қыздың мінез-құлқын да анықтайтын болған екен. Шашбау нәзік жандардың шашына ғана емес, денсаулығына да пайдалы. Шашбау тағатын қыз-келіншектің бұрымы тарқатылмайды, шашы түспейді, басы ауырмайды, омыртқасы қисаймайды-мыс.
«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» дегендей, ертеде қыз-келіншектер мен апа-әжелеріміз ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын шашбауларын сылдырлатып, қолдарына жүзік сақиналарын тағып жүрген. Бүгінде қыз-келіншектердің барлығы дерлік әшекейлерін күнделікті өмірде тағып жүреді. Сондай-ақ қазіргі заман ағысымен бірге әшекей бұйымдардың да заманауи түрлері шығып жатыр. Айта берсек ертеден келе жатқан әшекей бұйымдарымыз да жетерлік. Дана қазақ әр нәрсенің мән-мағынасына қарай пайымдап, әшекей бұйымдарымыз арқылы тәрбиені де берген. Сол үшін бүгінгі заман көшінен қалыс қалып бара жатқан әшекейлерімізді өскелең ұрпаққа үлгі етіп, насихаттап жүргеніміз артық болмас.
А.НҰРЛАНОВА
02 қыркүйек 2022 ж. 869 0