Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күмістің сәндік ғана емес, емдік  қасиеті де көп

Күмістің сәндік ғана емес, емдік  қасиеті де көп

         Кейінгі кездері күмістің адам денсаулығына пайдасы жөнінде жиі айтылып жүр. Бұл тектен-тек емес. Күміс адам ағзасына расында да шипа бере алады. Әсіресе қазақ халқы күміс бұйымдарды бағзы замандардан бері қолданып, тұрмыстың барлық дерлік саласында қолданған. Одан ақша, әшекей бұйымдар, ыдыстар жасайды. Нақтысында, күміс – өте ерекше металл. Оның сирек кездесетін бірегей қасиеттері бар. Төменде біз оны барынша ашып көрсетуге тырыстық.
         Қазақта жаңа туған баланы қырқынан шығарған сәтте суға күміс бұйымдар салатын дәстүр әлі күнге сақталған. Әлі есімде, бала кезімде біздің үйдің бесігінде күміс қоңырау сылдырлап тұрушы еді. Әжемізден қалған жәдігер заттарды жиі ақтарып қараушы едім. Сонда күміс әшекей бұйымдардан бөлек, ілгек пен қарсы ілгектерді көрдім. Бұл заттар әлі күнге дейін сандықта сақтаулы тұр. Күмістің осынша бағалы болғандығына қызығып, анамнан сыр тарттым.         – Ежелгі қазақтар қолында, киімінде күміс әшекейлері жоқ әйелдерді қазан-ошаққа жолатпаған. Кей өңірлерде онсыз пісірілген асты арамға санаған. Бұл дәстүр көрші түрікпен елінде күні бүгінде де қолданыста бар. Күміс демекші, сонау ерте замандарда қазақ қолы мен қалмақ қолы соғысып жатқан кезеңде, сол жерде бір жұқпалы ауру пайда болып, қалмақ қолы сол кеселден жаппай қырылған деседі. Ал қазақ сарбаздарының ешқайсысына бұл кесел дарымаған. Кейін зерттеушілер бұның басты себебі, қазақтың қару-жарағы мен ат-әбзелдерінде күмістің мол болуынан деп тұжырым жасаған. Дана халқымыз күмістің көптеген жұқпалы кеселдерге қарсы тұратын қасиеті барын ежелден-ақ бағамдаған, – деп анам ел аузынан естіген естеліктерімен бөлісті.         Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, қазақта алтын мен күміс қатар жүреді. Себебі алтын, күмістің бактерицидтік қасиетін арттырады. Ағзадағы иммунды қалыпты етеді. Көне Греция мен Римде алтынды ауызға салып, тамақ ауруларын емдеген екен. Сондай-ақ қазіргі медицинада да алтын қоспалары кеңінен қолданылады. Жалпы, ішетін ауыз суға түнге қарай күміс салып қойып, таңертең ішетін болсаң, көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуға болады.
         Дәрігерлер де бұл пікірден алыс емес. Жалпы, адам ағзасында күміс әрқашанда бар, әсіресе мида, жүйке жасушаларының ядросында, сүйек ұлпаларында, ішкі секреция бездерінде, көздің құбылмалы қабықшасында көп кездеседі. Ол ағзадағы физикалық процестердің қалыптылығына, органдардың дұрыс жұмыс істеуіне қызмет етеді. Күміс зат алмасуына, қан түзілуіне атсалысады, ағзаны жасартады. Өйткені күмістің иондары жасушаларға тез енеді, бұдан жасушалардың өміршеңдігіне нұқсан келмейді, бірақ олардың ары қарай бөлінуі шектеледі. Күміс иондары микроағзалардың ферменттік жүйесін зақымдайды, сондықтан да ол ағзаны зиянды нәрселерден залалсыздандыра алады, бактерияларға қарсы тұрады, жарақаттардың тез жазылуына әсер етеді. Күміс адам денесімен әрекеттескенде, ағзадағы ток күміске қарай бағытталып, сол арқылы аурулар да оған қарай тартылады деген тоқтам жасап отыр.
         Күміс әшекейлер тек сәндік бұйымның ғана емес, жүйке жүйесінің теңдігін сақтайтын, күдік-күмәннан, шүбәланғыштықтан, тітіркенуден, тынышсыздықтан қорғайтын емдік тұмардың да қызметін атқарады. Мойынға тағылған алқадағы немесе «шылдыр шүмекке» тағылған жүзік құрамындағы күміс қан қысымын түсіреді. Егер жүзікті сұқ саусаққа тақса, ол ішектің жұмысын жақсартады, әжімнің жоғалуына әсер етеді. Ал оны шынашаққа тақса, ол жүректі түрлі аурулардан қорғайды.
         Күмістің мынадай да ерекшелігі бар. Егер құрамында мыс бар күміс ылғалданса, тағы да басқадай сыртқы жайлар әсер етсе, ол тотығып, қараяды. Ал таза күміс өз құрамындағы күміс сульфидінің әсерімен ғана қараюы мүмкін. Бауырда, бүйректе кінәрат болса да күміс қараяды (мұндай жағдай адамда эндокриндік дерт пайда болғанда да бой көрсетеді), сондай-ақ егер азоттық заттар бөлінген жағдайда күміс керісінше, жарқырап, ағара түсуі де мүмкін.
         Қорыта айтқанда, күміс әдемі әшекей бұйым ғана емес, иесін қорғайтын тұмар, диагноз қоюшы, тіпті емші де бола алады. Күмістің осындай ерекше қасиеттері жөнінде біле жүргеннің зияны жоқ.
         Назерке Маратқызы
23 қараша 2019 ж. 2 979 0