«Хагги Вагги» ойыншығы туралы не білеміз?

Атаулы ойын жарыққа шығып, кең көлемде тарала бастағанда ютуб арнасында құбыжықтың пайда болуы жайында анимациялық фильм жарыққа шықты. Сондай-ақ ол фильм 10 миллионнан астам қаралым жинаған болатын. Атаулы фильмде Хагги Ваггидің денесі Playtime зауытының бұрынғы қызметкері Вадзен мырзаға тиесілі екені айтылады. Ол жұмыста біршама жетістікке жетіп, отбасын құруды армандап жүреді. Дегенмен бір түннің ішінде оның өмірі түгелдей өзгеріп кетеді. Фильм бойынша зауыт шынайы құбыжық ойыншықтың бейнесін құрастырып шығарады. Зауытқа қаражат жөнінен үлкен пайда әкеледі деп болжанған жоба өкінішке орай ойдағыдай болмай шығады. Бұл бейнебаян тіпті тик-ток әлеуметтік желісінде танымалдылыққа ие. Содан да болар балалар арасында сұранысқа ие ойыншық ретінде қалыптасып кеткені.
Бұл ойыншықтың бағасын атап өтер болсақ, базарда – 2000 теңге, ал негізі түпнұсқасы – 6000 теңгені құрайды екен. Иә, баласының көңілін қалдырғысы келмейтін ата-ана ойыншықтың бағасына да қарамасы анық. Дегенмен бұл ойыншықтың бала психологиясына кері әсері бар екендігі туралы мамандар арасында сөз қозғалған болатын. Олардың айтуынша бұл ойыншық баладағы бақыт гармонының төмендеуіне, сондай-ақ психикалық ауытқулар тудыруы әбден мүмкін екен. Оның қорқынышты кейіпі балаға депрессивті сезім қалдырады. Бала сол ойыншықтың мимикалары мен эмоцияларын жаппай өзіне қабылдап алып, оларды айна ретінде көреді. Қоршаған ортаға басқаша көзқараспен қарап, тез ашуланшақ болады.
Міне, баланың болашағына балалық кездегі ойыншығы да әсер етеді екен. Сол үшін балаға ойыншық таңдарда оның түр-әлпеті мен қандай кейіпкер екендігіне аса мән бергеніміз жөн.
А.НҰРЛАНОВА