Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзге елдерде бала туылғанда берілетін жәрдемақы қандай?

Өзге елдерде бала туылғанда берілетін жәрдемақы қандай?

Ел-елдің бәрінде демографияны жақсарту және балалы отбасыларды қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Мұндай көмекті әр мемлекет өз әлеуетіне қарай әртүрлі деңгейде жүзеге асырады. Біздің елімізде де демографиялық өсімге аса мән берілген. Жуырда ғана жолдаған Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған жәрдемақының бір жарым жасқа дейін төленетінін және балаларға шот ашылып, Ұлттық қордан жыл сайын әр балаға қаржы аударылатындығын, ол ақшаны бала 18 жасқа толған соң алатындығын айтты. Осы орайда бірқатар мемлекеттердің балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмек сомаларына шолу жасап көрдік.
Германияда әрбір балалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. Негізгі шарт – бала осы отбасында тұрып, оның қажетін өтеуі керек. Қазіргі кезде бұл ел бірінші және екінші бала үшін әрқайсысына 204 евро төлейді. Мемлекет ата-анаға бала кәмелет жасына толғанша қолдау көрсетеді. Егер бала орта білімді аяқтап, ЖОО-нында білімін жалғастырса, оның 25 жасына дейін жәрдемақы төлеу созылуы мүмкін. Балалар саны өскен сайын келесі балаға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Мемлекет ай сайын үшінші балаға – 210 евро, ал төртіншісінен бастап 235 евро төлейді. Сонымен қатар балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу немесе сатып алуға алынған несие сомасын азайтуға және салық төлеу кезінде жеңілдік алуға мүмкіндік бар.
Австрияда балаға берілетін жәрдемақының мөлшері баланың жасына сәйкес ұлғаяды. Бала өскен сайын соғұрлым жәрдемақы да көбейеді. Австриялық ата-аналарға 3 жасқа дейінгі әр балаға – 114 евро, 3-тен 10 жасқа дейінгі балаларға – 122 евро және 10-нан 18 жасқа дейінгі балаларға 142 евро бөлінеді.
Ал көршіміз Өзбекстанда 14 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға: егер жалғыз баласы болса – 131 мың сум мөлшерінде, екі бала болса – 217 мың сум, үш немесе одан көп бала болса 304 мың сум төленеді. Бала 2 жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін берілетін жәрдемақы 434 мың теңгені құрайды.
Ресейде бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызына тең екен. Сондай-ақ анасына сомасы шамамен 2 582 248 теңге болатын "ана капиталы" сертификаты беріледі. Осы сертификатты иеленгендер оны мына мақсаттарда қолдана алады екен: зейнетақы қорына сала алады, баспана жағдайын жақсарту мақсатында, яғни ипотеканың алғашқы төлемі ретінде, сондай-ақ баланың білім алуына жұмсай алады. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері – 93 262 теңге (16 350 рубль). Ол бірінші бала болсын, екінші немесе одан кейінгі бала болсын осындай мөлшердегі жәрдемақы беріледі. Егіз туған жағдайда жәрдемақы екі еселенеді екен.
Қырғызстанда жаңа заңнамаға сәйкес, бала 16 жасқа толғанға дейін оған жәрдемақының үш түрі беріледі екен. Бірақ олардың сомасы әр түрлі. Біріншісі бала туғанда біржолғы жәрдемақы ретінде 21 629 теңге (4000 сом) төленеді. Екіншісі, анаға көмек көрсету мақсатында бала 3 жасқа толғанға дейін ай сайын 3 785 теңге (700 сом) беріледі. Ал жәрдемақының үшінші түрі көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Ол жәрдемақы отбасында үш немесе одан көп баласы бар аналар алады. Жәрдемақының мөлшері – 2 703 теңге (500 сом).
Біздің елімізге тоқталсақ. 2022 жылы бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 116 394 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 192 969 теңге. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді. Бірінші балаға 17 643 теңге. Екінші балаға – 20 859 теңге. Үшінші балаға – 24 044 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға 27 261 теңге төленеді.
Енді келесі жылдан бастап балаларға төленетін жәрдемақының мөлшері өсіп, бір жарым жасқа дейін болмақ. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап республикадағы әрбір балаға жеке шот ашылып, Ұлттық қордан мемлекет қазынасының бір бөлігі аударылып отыратын болады. Бұл жинақтаған қаражатты бала 18 жасқа толған соң білім алуға немесе тұрғын үй сатып алу мақсатында пайдалана алатын болады. Бұл да мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп білеміз.

Дайындаған Н.МАРАТҚЫЗЫ
13 қыркүйек 2022 ж. 396 0