Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Банкроттық" тетігі жүзеге аса ма?

"Банкроттық" тетігі жүзеге аса ма?

"Жеке тұлға банкроттығы" дегенді қалай түсінеміз? Ол әбден қарызға батып, отбасын асырай алмайтын адамдарға үлкен қолдау деп түсінген дұрыс шығар. Банкроттық әрекеті басталғанда адамның банкке берешегі өспейді, өсімпұл, айыппұл қосылмайды. Ал бұл процесс аяқталғаннан кейін борышкердің бар қарызы кешіріледі.
Бұл тұрғыда экономист Мақсат Халық: "Ешкім кредит алғанда оны қайтармай қоямын деп ойламайды. Адамдар аяқ асты жұмыссыз қалады, еңбекке жарамсыз болады. Сондай сәтте оны коллекторлар, сот орындаушылары жан-жақтан қысады. Жағдайы мүшкіл адамды одан сайын қинайды. Ол да біздің қоғамның бір мүшесі ғой. Неге біз одан теріс айналуымыз керек? Сол себепті біздің елге бұл заңның керек екені сөзсіз. Заң қабылданса, ешкім борышкердің жалғыз үйін тартып алмайды. Белгілі бір шектеулер қойылады, әрине. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Бірақ бұл пәтерді алып қоюға қарағанда анағұрлым жеңіл жаза ғой", – дейді.
Сарапшының пікірінше, банкрот деп танылған адамға арнайы шот ашылып, бар тапқан табысы соған аударылады. Түскен кірістің бір бөлігі отбасының қажетіне берілсе, қалған бөлігі банкке түседі.
Әлемнің бірқатар елінде несиесін төлей алмай, қиындыққа кезіккен отандастарына көмек қолын созады. Мысалы, көрші Ресейде азаматтардың банкроттығы туралы заң 2015 жылдан бері бар. Ол елде жеке тұлға арбитражды соттың шешімімен ғана банкрот деп танылады. Бұл ретте несиесін үш ай бойы төлемеген және банк алдындағы борышы 500 мың рубль, бізше 3 миллион теңге болса, жеке тұлға банкрот атанады. Алайда банкроттық алу оңай емес. Ол үшін қарызды төлей алмайтыныңды дәлелдейтін көптеген дәлел қажет екен. Ал Канадада адам берешегінен құтылу үшін бар мүлкін банкроттық туралы істі басқарушыға тапсырады.
Жалпы, Ресейде – 5 жылда 1 рет, АҚШ-та – 8 жылда, Испания, Литва және Латвияда – 10 жылда 1 рет, Финляндияда өмірінде тек 1 рет осы рәсімді қолдануға рұқсат етіледі. Ал Қазақстанда азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін қай¬та пайдалануға құқылы болады деп белгіленбек.
АҚШ-та банкроттық институты XIX ғасырдың соңында пайда болды. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін борышкердің табысы заңмен белгіленген деңгейден төмен болуға тиіс. Айта кетерлігі, АҚШ-та адамның барлық қарызы кешірілмейді. Америкалықтар 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялай алады.
Халықаралық практикада банкрот болған адамға қойылатын шектеулер аз емес. Атап айтқанда, мұндай адамдар басқа елге шыға алмайды, коммерциялық қызметпен немесе мемлекеттік қызметте істей алмайды.
Ұлттық банктің мәліметіне назар аударсақ, қазір қазақстандықтардың банкке қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылмен салыстырғанда банк алдындағы берешек 33,3 пайызға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 пайызға өскен және 333,1 млрд теңгені құрайды. Ал 90 күннен асқан берешек көлемі 12 пайызға ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жетіпті.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша елімізде банкроттықтың үш түрін енгізу қарастырылуда. Бірінші – азамат соттан тыс банкроттықты жүзеге асыра алады. Яғни банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден аспауы және ресми табысы болмауы қажет. Екінші – сот арқылы банкрот болу, мұны қарызы 4,9 млн теңгеден асатын қазақстандықтар пайдалана алады. Үшінші – клиенттің төлем қабілеті қалпына келтіріледі және сот арқылы қарыздарды 5 жылға дейін бөліп төлеп қайтару нұсқасы қарастырылады.
Бұл тұрғыда кезінде кредит алып, қазір түрлі себептерге байланысты қарызын қайтара алмай жүрген жерлесіміз, бүгінде елордалық тұрғын Оралбай:
– Мен банкрот болуға келіспес едім. Себебі болашақта үй аламын деген талабым бар. Ол үшін ипотека керек. Сондықтан қазіргі қарыздарымды жабуға, несиеден құтылуға тырысамын. Сөйтіп өз мақсатыма жеткім келеді,– дейді.
Мамандардың айтуынша, әрбір адам банкрот болу туралы шешімді қабылдамас бұрын әбден ойлану керек. Өйткені оның салдары да болатыны түсінікті. Банкроттықтың осал тұсы да бар. Банкрот атанған адам бес жыл бойы кредит ала алмауы мүмкін. Өйткені ол кредит аларда банкке өзінің банкроттығы туралы хабарлауға міндеттеледі. Екінші рет банкрот болу үшін араға 7 жыл салу қажет. Бұдан бөлек, заңды тұлға басқару органдарында қандай да бір қызмет атқару құқығынан үш жылға айырылады. Сондай-ақ жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылық курстарынан міндетті түрде өтуі жоспарланған.
Түйін. Халықтың банктерге берешегі күн сайын артып барады. Сондықтан Үкімет адамдар қарыздарынан құтылып, жағдайын түзеп алу үшін банкроттық тетігін ұсынып отыр. Алдағы уақытта жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң биылдан қалмай қабылданады деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл заң жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Бүгінде елімізде несиеге өмір сүретін адамдар жетерлік. Заң жобасын жасаушылар "бұл өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік беретін механизм" дейді. Яғни, өзін "банкротпын" деп таныған адамның несиелері жабылып, бәрін жаңадан бастауға жағдай жасалады. Сондықтан аталған заң жүзеге асса, заңның көпшілікке пайдасы тиері сөзсіз.
К. МАХСҰТ 

17 қыркүйек 2022 ж. 403 0