Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде емханаға тіркеу науқаны басталды

Елімізде емханаға тіркеу науқаны басталды

15 қыркүйекте Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына еркін тіркелу науқаны басталды. Бұл науқан қараша айының ортасына дейін жалғаспақ.
2022 жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 626 медициналық ұйым Қормен шарт жасасты. Оның 326-сі (53%) мемлекеттік мекеме және 258-і (47%) жекеменшік. Олардың тізімін Қордың fms.kz сайтында, «Клиниканы таңдау» бөлімінен көруге болады. Пациент алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін мемлекеттік, сонымен қатар жекеменшік ұйымға тiркеле алады. Алдын ала сiз таңдаған клиникада бос учаскелер бар-жоғын нақтылап алғаныңыз абзал.

Тіркеу науқаны не үшін қажет?
Аталмыш акция елімізде жыл сайын өткізіледі. Науқан кезінде қазақстандықтар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады немесе өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады.
Медициналық көмексіз қалмауы үшін ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталындағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеру қажет.
Айта кетерлігі, тіркеу науқаны пациентке 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсететін клиниканы таңдауына мүмкіндік береді.

Емхананы таңдау кезінде нені ескеру қажет?
Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.

Емханаға қалай тіркелуге болады?
Бірінші әдіс, бұл барлық азаматарға арналған. Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту: www.egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама беріледі.
Екінші әдіс бұл, халықтың жекелеген санаттарына арналған.
Олар емханаға жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіне алады. Атап айтар болсақ, олар зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер, студенттер, мерзімді қызмет әскери қызметшілері, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.

Тіркелу науқанына әркім қатысуы керек пе?
Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында тіркелген күйі қалады.
Егер медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, сіз оларды өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арналары арқылы жүгінуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Сақтандыру мәртебесін тексеру және жүргізілген төлемдер туралы egov.kz ҚР электрондық үкіметі сайтының "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат" мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.
15 қыркүйек 2022 ж. 831 0