Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұрағаттағы маңызды шара

Мұрағаттағы маңызды шара

Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» атты республикалық жоба бастау алды. Еліміздің барлық өңіріндегі архивтер бір мезгілде балалар мен студенттер үшін есігін айқара ашты. Осындай маңызды шара жақында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Арал аудандық филиалында «Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні кең деңгейде өткізілді.
Осы жылы 1 қазанда Арал қаласының 95 жылдығына орай аталған жоба архив қорындағы аса құнды құжаттар мен сурет құжаттарын пайдалана отырып, 6-10 сынып оқушыларының қоғамдық гуманитарлық пәндерден (Қазақстан тарихы, Дүние жүзі тарихы, өлкетану және т.б. ) теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталады. Игі бастамаға қаладағы мектептердің 6-10 сыныптың оқушылары мен студенттер, мұғалімдер, кітапханашылар қатысып, архив басшысы таныстырылым жасады. Осы тұрғыда архив басшысы Б.Қуатов:
– Архив қызметкерлері – тарихи жадының сақтаушылары. Архивте сақталған құнды құжаттарсыз тарихты зерттеу, ғылымның, мәдениет пен білім беру саласының дамуы мүмкін емес. Бұл игілікті шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында балаларды архив құжаттарымен таныстыра отырып, жас ұрпақты ұлт тарихын білуге тартып, насихаттау. Аталған жоба архив қорларындағы құжаттық дереккөздер қоғамның ұлттық мәдениетін сақтауға, қоғамның санасын жаңғыртуға, оның рухани жаңғыруына ықпал етеді. Балалар, ақпараттық-технологияны меңгерген жақсы мамандар болуларыңыз мүмкін, бірақ сіздердің бойларыңызда елге деген ұлтжандылық сезім, патриотизм болмаса, ертең біздің елімізге пайдасы аз болады. Отанға деген сүйіспеншілік елдің жазба тарихымен танысудан басталады, – деді.
Мұнан кейін сөз алған ҚР Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Жақып пен ҚР Журналистер одағының мүшесі Ерғали Абдулла жобаға қатысушыларға архив саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді, оқушыларға шығармашылық табыс тіледі.
Мектеп оқушылары жоспарлы сабақтарынан тыс сан тарау архив құжаттары тарихына ден қойды. Әсіресе биылғы Арал қаласының 95 жылдық мерейтойына байланысты Арал балық комбинатының қорындағы Арал поселкесіне қала статусын беру туралы құжаттары, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қоры құжаттарындағы Арал ауданындағы күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, Қызылорда облысы мемлекеттік архиві қорындағы 1941-1945 жылдары шыққан «Социалистік Арал» мен «Аральская правда» газеттеріндегі Aрал балаларының соғыс жылдарында көрсеткен ерен еңбектері балалардың қызығушылығын арттыра түсті. Сонымен бірге оқушыларға Арал қаласының кешегісі мен бүгінгісі туралы бейнеленген суреттер мен құжаттарды көріп, жақынырақ танысуға мүмкіндік жасалды.
Архив қызметкерлері Б.Қуатов, Г.Қазанқапова, Р.Исламханова, Қ.Арғынғазиев пен журналист Е.Абдулланың «Менің өлкемнің тарихы архив құжаттарында» атты конференция жұмысында жасаған баяндамаларын жобаға қатысушылар зейін қоя тыңдап, өздерін толғандырып жүрген тарихи оқиғалар туралы сауалдарына тұшымды жауап алды.
Аталған іс-шараның екінші бөлімінде оқушылар арасында архив құжаттарынан ғылыми байқау өткізіліп, оған қаладағы мектептерден 8 оқушы қатысты. Олар «Архив құжаттарындағы өлке тарихы», жеке тектік құжаттардан «Тұлға тарихы», «Менің көшемнің тарихы» бойынша өздерінің бұрыннан дайындап жүрген дәйектерін ұсынды.
Сонымен қатар архив ісінің жағдайы мен даму келешегі, ақпаратты іздеуді тиімді ұйымдастыру, ақпараттық ресурсты іріктеу, сканерлеу, архивтік деректер базасына қолжетімділік және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды. Архив басшысы атап көрсеткен аса маңызды мәселенің бірі – архивтердің сақталуын қамтамасыз ету және оларды толықтыру.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мұрағатшылар алдында тұрған міндеттер нақты айтылды. Архив ісі түбірімен өзгеруі тиіс. «Мәңгілік ел» бағдарламасын іске асыруда ұлттық сананы көтеруде архив саласының атқаратын рөлі зор. Өйткені бүгінгі күні архивтер – халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастырудың, патриоттық, рухани тәрбие берудің маңызды бір құралы.
Архивистер күні өтетін республикалық сайысқа дайындық жұмыстарын осы бастан толықтыру жұмыстарын жүргізуге кеңестер беріліп, жақсы жағынан көрінген оқушылар мен ұстаздарға Алғыс хатпен қоса архив қорынан дайындалған «Аралдықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» кітабы тарту етілді. Сөйтіп озат оқушылардың жұмыстарын саралай келе, алдағы уақытта оқушылар арасында өткізілетін ғылыми жоба жұмыстарына қатысуға білім бөліміне ұсыныс берілді. Сонымен бірге оқушылар аудандық «Жас архивист» үйірмесінің мүшелігіне қабылданды. Үшінші бөлімде мұрағат құжаттарынан дайындалған «Соғыс жылдарындағы Аралдағы балалар үйі, аралдық балалардың соғыс жылдарындағы ерен еңбектері» тақырыбында берілген сабақтар оқушылардың қызығушылығын оятты. Мұндай маңызы зор іс-шара алдағы уақытта жалғасын табатынына сеніміміз мол.
К.Махсұт
28 қыркүйек 2022 ж. 540 0