Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұрағат жұмысы мемлекет үшін маңызды

Мұрағат жұмысы мемлекет үшін маңызды

Қазіргі таңда тәуелсіздік алған халық тек бүгінгісін ғана біліп қана қоймай, өткен жолына да мән беріп өзінің  өмір сүру ортасын жете білуге ұмтылуда. Ол үшін әлбетте алғашқы болып талай жылдардың тарихы қатталған мұрағаттарға бас сұғатыны белгілі. Өйткені өткен күннің деректерін бұрмаламай сақтаған архивтің мәліметтері шынайы келеді. Сол себепті бүгінде архив саласына үлкен көңіл бөлінуде. «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған  іс-шаралар жоспары жасалынып, іске асуда.
Өздеріңізге белгілі, архив өскелең ұрпақ үшін тарихи-мәдени мұра болып табылатын еліміздің Ұлттық архив қорының сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету бойынша аса маңызды әрі басты міндетті орындап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атап көрсеткендей елімізді терең цифрландыру міндеттері аясында «Құжаттардың біріңғай электронды архиві» ақпараттың жүйесін 16 мыңға жуық мемлекеттік архивтерді жинақтау көздеріне енгізу шаралары жүзеге  асырылуда. Ел болашағы үшін аса маңызды бұл міндеттерді лайықты іске асыруда архив саласын үйлестіруге жауапты мамандар аса қажет болмақ.
Қазіргі жаһандану заманында тарихи құнды жәдігерлер мен құжаттарды көздің қарашығындай қорғаумен қатар, оны қалың көпшілікке таныту және халық игілігіне айналдыру  – аса маңызды да қиын, әрі жауапты іс. Осы жағдайда құнды тарихи құжаттар мен деректер сақталатын  архив мекемелерінің тарихы ерекше орын алады. Архивтер бүгіндері мемлекеттің негізгі нышаны болып табылады. Себебі мемлекеттік архивтер еліміздің өткен тарихы туралы деректік және құжаттық мол мәлімет беретін аса маңызды мәселелердің бірінен саналады.
Тек біздің еліміз үшін ғана емес, әлем халықтары мәдениетінің  даму  тарихында архивтердің алатын орны ерекше. Оның жарқын мысалы ретінде ерте уақытта аңыз әңгімелер, шежіре айту, ерлік, батырлық жырларын, дала тарихын ауызша жеткізіп отыру дәстүрі қазақтың ұлан-байтақ даласына да кең тарады. Заман ағымына қарай уақыт өте келе жазу, сызу пайда болып, жазба ескерткіштер мен тас беттерінде мәңгілік қашалып жазылды. Тарихи жазба ескерткіштер кез келген халықтардың қажетті игілігі болып табылады. Азамат өркениетінің даму сатысында жазба ескерткіштерді сақтайтын ең алғашқы кітапханалар мен архивтер шығыс пен батыста  пайда бола бастады.
Архивтер еліміздің өткен тарихын айқындайтын деректік және  құжаттық  мәліметтерді, аса маңызды құжаттарды сақтап отырған мемлекеттік мекеме. Архив – өмірдің таусылмайтын, ортаймайтын қоймасы, заманнның қатпар-қатпар кезеңдеріндегі еліміздің тарихи, экономиклық, мәдени тыныс тіршілігін кең түрде айқындайтын, тарихи,  мәдени ескерткіштерің, жеке тұлғалардың өмірін мәңгі жасататын ұлттық тарихи мұраның көзі.
Патша өкіметінің отарлау саясаты кезінде Арал теңізіне қатысты көптеген құнды құжаттарымыздың Орынбор, Санк-Петербург, Орск  архивтерінде сақталғандығы белгілі. 1936 жылы С.Назинде «Революцияға дейінгі Ресейдегі архив ісінің тарихы» атты еңбегінде өткен тарихымызға қатысты құнды құжаттардың өшпенділікпен жойылғаны туралы былай деп баяндайды: «Особенно грустно была для нас гибель комендантского архива Орской крепости – более 200 (пудов) дел было продано на наших глазах, потому что не было никакого способа воздействовать на военное начальство. Между тем в этом архиве заключались дела о военной экспедиций, о выступления Аральской флотили, которая играла большую роль, помогая с воды, с Аральского моря и с Аму-Дарьи и Сыр- Дарьи, нашим войскам; здесь были дела сосланных разных национальностей, между прочим о французских пленниках , дела о поэте Г.Т. Шевченко и многие другие – и все это погибло на наших глазах» – деп атап көрсеткен болатын.
Архив – тұнған тарих. Архивтің  тарихын зерттеу мен зерделеу, ондағы сақтауда тұрған тарихи құжаттардың мазмұны, маңызы және сипатына көңіл бөлу, сондай-ақ архив тарихын зерттеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі қандай болса да архивтер бір күнде құрылған жоқ.
Бірақ бүгінде жоғарыда айтқанда өзгенің қолына қарамай, өз дүниемізді өзіміз түгелдейтін шамаға жеттік. Халықтың қымбат мұрасын сақтап отырған Арал мемлекеттік архивінің мүмкіндігінің арқасында біз ғасырлар бойы айта жүретін тарихты жинақтап жатырмыз. Бүгінде сол мүмкіндіктің туғанына жарты ғасырдан аса уақыт болыпты. Нақтырақ айтсақ, Арал мемлекеттік архивіне биыл 1 шілдеде – 58 жыл толды.
1935 жылғы наурыз айында Қазақстан Орталық Атқару Комитеті аудандық архивтердің Ережесін бекітуіне орай 1938 жылға дейін аудандық архивтер Қызылорда облысы бойынша Арал, Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында болатын. Сол кездері аудандық архивтер айтарлықтай жұмыс атқарған жоқ. Қолда бар құжаттар реттелмеген, архив қызметкерлері іс жүргізу ісімен аса таныс болмағандықтан ғылыми-анықтамалық жұмыспен айналыспаған.
Аудандық архивке ол кезде тек жойылған мекемелердің (РТС,МТС,.ұжымшарлардың) құжаттары қабылданды. Архив құжаттарын тек анықтамалық нысана ретінде пайдаланған. Ал 1938-1960 жылдары мемлекеттік архивтер  Ішкі Істер Халық комиссариатының бағынысында болған.  Қазақ КСР-і  Министрлер кабинетіне 1 шілде 1956 жылы Арал ауданында қалалық архивті ұйымдастыру және архив меңгерушісі штатын сұрау  туралы Қызылора облыстық атқару комитетінің №196 шешімі шықты .
1960 жылы 17 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық атқару комитетінің аталған жылдың 18 шілдесінде архив бөлімі Ішкі Істер Басқармасынан  бөлініп шығып, Қазақ КСР Министрлігінің  архив басқармасы болып өз алдына  дербестік алды. Осыдан кейін жергілікті архивтер жергілікті атқару комитетінің құзырына берілді. Бірақ архив ісінің дамуына 1963 жылғы КСРО Министрлер кабинетінің «Архив ісін жақсарту жөніндегі іс-шарасы» және сол жылы жарық көрген «Облыстық архив филиалдарын құру туралы» қаулысы маңызды рөл атқарды.
Міне соған байланысты 1963 жылғы 1 шілдеде ауданда  Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің Аралдағы филиалы құрылды. Аралдағы филиалының құрылуына байланысты Қазалы, Қармақшы архивтерінің  құжаттары Арал архивіне берілді. Сонымен филиал Арал,  Қазалы, Қармақшы аудандары құжаттарымен толықтырыла түсті.
Бұрынғы кеңестік идеологияның әсерінен өрескел бұрмаланып кеткен төл тарихымызды бұралаңнан шығарып, тура жолға салу жұмысы әлі де болса жүйелендіруді қажет етеді. Қазақстанның шынайы тарихын жазып шығып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыру жөнінде Елбасының берген тапсырмасына тарихшылар мен архив  мамандары жұмыла атсалысуы қажет деп ойлаймын.
Бүгінгі күні еліміз бойынша архив ісін дамытуда жағымды және ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатыр. Архивте  сақталатын ақпарат мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алатын ұлттық стратегиялық байлық ретінде қорғалуда, қоғамның мұрағат деректеріне қызығушылығы артуда. Облысымыздағы мұрағаттарда сақталатын құжаттар көлемі 640 мыңға жуық сақтау бірлігін құрайды десек, жыл сайын 10 мыңнан астам құжат мемлекеттік сақтауға қабылдануда. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша жылына орта есеппен архив  құжаттарының миллион парағы сандық форматқа көшірілуде. Қазіргі таңда ақпараттық жүйемен жұмыс облыс орталығында ғана емес, барлық аудандық архивтерде  да іске асырылуда.
Облысымыз «Электронды архив» бағдарламасын жүзеге асыруда еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына жүгінсек, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің орындаушысы ретінде мемлекеттік мұрағаттардың бірінші кезектегі күн тәртібіне әлеуметтік-құқықтық сұрауларды орындаудың сапасын арттыруды қою қажет. Осы мақсатта «Архивтік  анықтама беру» электрондық мемлекеттік қызмет түрін халыққа ұсынуда аталмыш бағдарламаның маңызы зор болып отыр. Сондықтан, аудан тұрғындарын «Архивтік анықтама беру» электрондық мемлекеттік қызметін «E-gov kz» үкімет порталы арқылы немесе құжаттардың бірыңғай электронды «Е- Архив» бағдарламасы арқылы жылдам әрі сапалы түрде алуға болады.
Мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы теңіз бен сол теңіздің жағалауын мекендеген халықтың сан қилы тағдыры, бүгінгі күні келешекке жасаған қадамдары әлем жұртшылығының назарында
Халқымыздың мыңжылдықтар бойындағы тарихи жадын қалпына келтіруге атсалысып жүрген азаматтар дәйекті деректерді Қытай және т.б. ежелгі мұрағаты бар елдерден іздестіруде. Дегенмен, XX ғасыр ақтаңдақтарын, халқымыздың қиыншылыққа толы өмірін ашып көрсетуге, талдап, біріздендіруге Қазақстан архивтерінің , оның ішінде біздің облыс архивінің  ақпараттық әлеуеті жеткілікті. Арал аудандық архиві қоры Ресей отаршылдығы кезеңінің көптеген ақиқатын ашады, сондай-ақ, отандық тарихты өңір тарихымен толықтыруға мүмкіндік береді.
 Мұрағатшыларды 22 желтоқсан – архивистер күнінің жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, патриоттық рухтың бастауы – ұлттық тарихымыздың негізін құрайтын нақты дерек көздерін жинақтап, сақтап, ел игілігіне жарату ісінде еңбектеріңіз баршаға мәлім.
Бабалар мұрасын асыл қазынаға айналдыруды азаматтық парызы деп ұққан, келешекке үкілі үмітпен, жанашырлықпен қараған архивистердің  еңбегі биіктен көрініп, абыройлары асқақтай берсін дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 желтоқсан 2021 ж. 814 0