Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында белгілі саясаттанушылар Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басына келгеніне 100 күн толуына байланысты дөңгелек үстел өткізді. Шараны Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды. Жиын барысында белгілі сарапшы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Саиров өз ойын білдірді.«Өздеріңіз білетіндей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшылығына келгеніне бүгін тура 100 күн толып отыр. 100 күн өздеріңізге белгілі, оңай болған жоқ. Үміт те, күдік те, драма да болды. Бірақ, осы жүз күннің ішінде біздің саяси жүйе эволюциялық тұрғыда басқа бір сапалы деңгейге өтуге өзінің қабілетті екендігін көрсетті. Көз алдымызда елдің саяси тарихының жаңа парадигмасы қалыптасып келеді. Бізге өз еліміздің саяси тарихын әрлендірудің немесе мінсіз атаудың қажеті жоқ. Кез келген саяси процесс – күрделі жол іспеттес. Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарынан бері айтарлықтай жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазақстан – әлемдік антиядролық қозғалыста авангард. Ұлтаралық салада қарым-қатынасты реттейтін бірегей формат қалыптастырды», - деді ол.