Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада лимон ағашы өсірілуде

Қызылордада лимон ағашы өсірілуде

Қызылорда облысында бұрын-соңды болмаған бастама қолдау тапты, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантты жеңіп алған Жансая Мейрамбекқызы енді Сыр өңірінде лимон өсірмекші. Цитрустық жемістерді жерсіндіру біршама уақыт пен еңбекті талап ететіні рас. Алайда осыған дейін біршама жыл тәжірибе жинаған Жансая жобаның нәтиже беретінін айтты.
Бүгінде жас кәсіпкер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алуда. Осы уақытқа дейін басқа да бизнес жобаларымен конкурстарға қатысқан ол жаңа бастаманың грантқа ие болатынына сенімді болыпты.

Аймақта цитрустық жемістерді патенттеп, өсіруді алғаш рет біз қолға алдық деп айта аламын. Цитрустық ағаштардың ішінде лимон нарықта сұранысқа ие және Қызылорда өңірінде өсіріп шығаруға болатынына тәжірие барысында көзіміз жетті. Жалпы лимон ағашын өсіру идеясы пандемиядан кейін ойға келді. Бизнес идеямды жоба ретінде дайындау барысында қайтарымсыз қаржының көлемін 5 миллион деп көрсеттім. Бірақ конкурс нәтижесінде 2 миллион 700 мың теңге берілді. Енді бұл қаржыны лимон ағаштары мен құлпынай көшеттерін отырғызуға, жылыжай жабдықтарын алуға жұмсаймын. Осыдан біршама уақыт бұрын қаладағы «Болашақ» университетінде цитрустық жемістер арасынан лимонды таңдап алып, жерсіндіру үшін тәжірибе жасаған едік. Әрі студенттердің ғылыми тәжірибе алмасқанын қаладық. Соның нәтижесінде жемістерді жерсіндіріп, тәжірибе қорытындысы бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірлеудеміз. Алдағы уақытта осы сала бойынша білім алатын студенттерге кітапша түрінде дайындап, ұсынатын боламыз, − дейді Жансая Мейрамбекқызы.

Жансаяға жылыжайдағы өсімдіктерді дұрыс күтіп, баптауды анасы Ақерке Тәжеккева үйреткен. 10 жылдан аса университет жылыжайында еңбек еткен агрономның бұл бағытта жиырма бес жылдан аса тәжірибесі бар. Аталған саладан түгел отбасы мүшелері хабардар болған соң, университеттен бөлек үй жағдайында да жылыжай ашқан екен. Қазір мұнда қияр мен қызанақ өсіріледі.

2003 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің шағын жылыжайында 2013 жылға дейін агроном болып жұмыс жасадым. Ал қазір «Болашақ» университетінің жылыжайында қызмет етудемін. Қаладағы бірнеше білім беру орындарының жылыжай кешендерінде осы сала бойынша сабақ өткізіп тұрамыз. Әсіресе №264, №101, «Дарын» мектебінің оқушыларымен тығыз байланыстамыз. Лимонның «Мейен» сортын өңірге алып келіп, жерсіндіргенімізге 3 жыл болды. Алғаш рет жерсіндіру мақсатында «Болашақ» университетінің жылыжайына отырғызылды. Өздеріңізге белгілі, Қызылорданың климаттық жағдайы құбылмалы. Қысы қатты суық, жазы өте ыстық және ылғалдылық деңгейі төмен. Ал цитрустық жеміс ағаштары ылғал сүйгіш келеді. Жаңа бастаманың аймақта жаппай қолға алынбай отырған себебі де осы. Алайда басқа елдерде бұл сала қарқынды дамыған. Мысалы, Өзбекстан жеміс-жидектер өсіруде көш ілгері келеді. Бізде солардан үлгі алып, қалыспауға тырысамыз, − дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Кеңесбайқызы.

Айта кетейік, Жансая жылыжайда лимонмен бірге құлпынай көшетін де отырғызған. Себебі жеміс ағашы алғашқы екі жылында түйнектемейді, яғни олардың өнім беруін ұзақ күту керек. Әзірге жылыжайдағы лимон ағашы түйнек салуда, ал құлпынай бір ай ішінде жеміс беруде. Енді жас кәсіпкер лимонның алғашқы түсіміне дейін құлпынай сатып, кәсібін жалғастырмақшы.

baq.kz​​​
06 қазан 2022 ж. 414 0