Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қант диабеті балалар арасында көбейіп барады

Қант диабеті балалар арасында көбейіп барады

Бүгінде балалар арасында аурудың түрі көбейіп бара жатыр. Тіпті бала жасына сай келмейтін ауруға шалдыққан бүлдіршіндерді де естіп жүрміз. Сондай дерттердің бірі – қант диабеті болып отыр. Елімізде қант диабетіне шалдыққан балалардың саныкүрт өсуі кімді болмасын толғандырмай қоймасы анық. Тіпті бұл кезек күттірмейтін мәселеге айналып отырған жайы бар.

Атаулы ауру түрімен әлем бойынша тұрғындардың бес пайызға жуығы, нақтылап айтқанда, 250 миллион адам аурады екен. ДСМ-нің мәліметінше, әлемдегі әрбір 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім осы аурумен ауырады екен. Жалпы медицина саласында қант диабеті деген дерттің қазақша атауы – сусамыр екен. Кей мәліметтерге сүйенсек, атаулы ауру түрі біздің эрамызға дейінгі 3-ші ғасырда белгілі болған. Бұл дерт грек тілінде өту, өтіп кету мен тәтті қант деген сөзден шыққан. Кейбір жағдайларда қант диабеті ауруының пайда болуы асқазан асты бездерінің салдарынан, қан тамыры зақымданып, ішкі секцияның басқа да бездердің ауруымен байланысты болып келеді. Қант диабеті психологиялық қозу мен қобалжудың, сонымен бірге инфекциялық аурулардың салдарынан болатындығы да анықталған. Сондай-ақ медицина саласы мамандарының айтуынша бұл аурудың алғашқы себебі тұқымқуалаушылық болса, енді бірі сәби кезеңіндегі нәрестенің иммунитетінің өте әлсіздігіне байланысты екен. Ал ендігі бір себебі экологияның кері әсері болып табылады.
Аудан көлемінде қант диабетімен ауыратын 18 жасқа дейінгі 19 бала тіркелген. Бұл жөнінде Арал ауданаралық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігер, балалар эндокринологы Гүлдариха Қонысбайқызы:
– Бізде көбіне балалар қант диабетінің 1-ші типтегі түрімен ауырады. Олар инсулинге тәуелді болып келеді. Балалардың бұл дертке шалдығуының басты себебі – дұрыс тамақтанбауы. Яғни, бүгінде балалар тез дайындалатын фаст-фуд секілді тағамдарға әуес. Сонымен қатар газдалған сусындарды да жиі пайдаланады. Дертке шалдығудың келесі себебі – стресстік жағдайлар болып отыр. Тұрмыстық қиындық та балаға кері әсерін тигізеді. Сонымен бірге тұқымнан да тарап жатады. Адамдар көбіне мұндай ауру біздің тұқымда жоқ деп жатады, дегенмен арғы аталарынан тараса да, бала бойына беріле береді. Жаңа айтып кеткенімдей бізде балалар көбіне қант диабетінің инсулин түрімен ауратын болғандықтан олардың басты емі инсулин болып табылады. Яғни, балаларда инсулин бөлінетін ұйқы безінің қабілеті жойылады. Бұл жағдайда бала организміне сырттан инсулинді енгізуімізге тура келеді. Бүгінде бізде 19 баланың 10-ында помпа бар. Яғни, помпа дегеніміз – жасанды ұйқы безі. Оны бала денесіне жабыстырып қойсақ, инсулинді өзі бала бойына бөліп отырады. Бұл аппарат өте ыңғайлы, сонымен бірге қанда глюкоза мөлшерін тұрақты ұстап тұруға көмектеседі. Атаулы құрылғы мемлекет тарапынан 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы бөлінген. Көбіне келген балалардың қант диабеті 20-ның үстінде болып келеді. Бұл дерттің алдын алу үшін аудандық емханада «Қант диабеті мектебі» деген бар. Мұнда біз баламен ғана емес, ата-анамен де түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Баланы қалай дұрыс тамақтандыру керектігін, шамадан тыс толық балалар келсе, диета ұстау қажеттілігін айтамын. Сонымен бірге баланың иммунитетін қалай көтеру керектігі жөнінде де түсіндіремін. Түрлі медициналық кітаптар арқылы да атаулы ауру жайында ақпарат алуға болады,– дейді.
Айтуынша, бала бойында қант диабеті ауруы бар екендігін анализ арқылы білуге болады екен. Сонымен қатар ата-аналардың шағымдануынан байқалып жатады. Яғни, баланың суды шамадан тыс көп ішуі, тәттіні көп жеуі туралы шағымдар. Артық салмақтағы балаларды анализ бойынша анықтайды. Сонымен бірге қант диабеті кезінде қанда глюкоза мөлшері жоғарылайды.
Бұл аурудың балаға өте қауіпті екендігін байқаған боларсыз. Сол себепті баланың тамақтануын қадағалап, күйзелістен аулақ ұстағанымыз жөн. Америка халқы қант диабетіне шалдыққан жағдайда салауатты өмір салтын ұстанады екен. Яғни, ішіп-жейтін тамағын дұрыстап, дәрігердің берген кеңесін басты назарда ұстап, түрлі ем шараларын уақытылы орындайды. Біздің елде де қант диабетімен ауратын балалар саны жетерлік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бала денсаулығын назарға алғанымыз дұрыс.

А. НҰРЛАНОВА
08 қазан 2022 ж. 1 091 0