Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүлікті мұраға қалдырудың жолы қандай?

Мүлікті мұраға қалдырудың жолы қандай?

Қазақ отбасында «мұрагер» деген сөзді жиі қолданамыз. Бұл ертеден бар. Әулеттегі ер баланы қазақ «мұрагерім» деп бағалайды. Осы синоним сөз Ата заңда да көзделген. Мұрагерлік құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Азаматтық құқық негіздерімен, көптеген басқа да нормативті актілермен реттеледі. Мұрагерлік турасындағы көптің көкейіндегі сауалдарға заңгер Ғаламнұр Қарағұлқызы жауап берген еді.
Мұраны кәмелет жасынан асқан кез келген адам қалдыра алады. Мұра қалдырушы өсиет жасағаннан кейін кез келген уақытта өсиеттің күшін жоюға, иә болмаса өзгертуге еркі бар. Ал өсиеттің жасақталу ережесіне келсек, өсиет жазбаша түрде жасалады, жасақталған жері мен уақыты көрсетіліп, нотариалды куәландырылу арқылы куәгердің қатынасуымен жасақталуы тиіс.
– Заң бойынша мұрагерлікке құқық туралы куәлік мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін беріледі. Сол уақыттың ішінде мұрагер нотариуске арыз беріп, мұралық іске қажетті құжаттарды жинақтап тапсыруы қажет. Егерде мұраға құқық беруге құжаттар жеткілікті болмаса немесе уақытында тапсырылмаса нотариус куәлікті уақытында бере алмайды, - дейді Ғаламнұр Қарағұлқызы.
Қазақстанның кезкелген азаматы өзіне тиесілі мүліктерін өсиет етіп қалдыра алады. Ол үшін жеке басын анықтайтын төлқұжатын алып нотариуске жүгінуі тиіс. Алайда, заңгердің айтуынша, өсиетті азамат заң бойынша өзі жасауға тиіс, өкіл арқылы өсиет жасақтауға болмайды.
– Өсиет қалдырушы адам себебін түсіндірместен заң бойынша мұрагерлерінің біреуін, бірнешеуін немесе барлық мұрагерлерін мұрадан айырып, мүлкін басқа тұлғаға, заңды тұлғаларға иә болмаса мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Мұра қалдырушы өсиет жасағаннан кейін кез келген уақытта өсиеттің күшін жоюға, иә болмаса өзгертуге еркі бар, - дейді ол.
– Заң бойынша куәгер болуға және өсиет қалдырушының орнынан қолтаңба қоюға нотариуске немесе өсиетті куәландыратын өзге адамға, әрекет қабілеттілігі жоқ, сауатсыз, жалған жауап бергені үшін сотталған адамға және өсиет қалдырушының мұрагерлерлері болып табылатын азаматтарға болмайды. Нотариалды куәландыратын өсиет өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуы тиіс. Егер өзі жаза алмаса, нотариус арқылы жазылған өсиеттің мәтіні өсиетке қолтаңба қойылғанға дейін нотариус пен куәнің қатынасуы арқылы өсиет қалдырушымен толық оқылып шығылуы керек. Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетті өзі оқи алмайтын болса, ол үшін, өсиеттің мәтінін нотариустың қатысуымен куәгер оқып береді, - деп түсіндірді заңгер.
Егер мұрагерлік өсиет қалдырмаған жағдайдамарқұмның мүлкі зайыбына немесе жақындарына тең бөлінеді екен.
–Мүлік мұндай жағдайда тең бөлінеді. Алайда отбасылық, туыстық кикілжің тумауы үшін мұрагерлік өсиет қалдыру дұрыс, себебі ағалы-інілі бауырлардың дүние үшін таласу жағдайы практикамызда жиі болады. Ал өсиет болмаған жағдайда туыстардың арасында кикілжің болса істі сот арқылы шешуге болады, - дейді заңгер.
Маман мұрагерлердің алты айдың ішінде мұрадан бас тартуға құқы бар екенін айтады. Дәлелді себептермен бұл мерзім мұрагерлермен өткізіп алынса, мерзімді сот арқылы ұзартуға болады, алайда бұл 2 айдан аспауға тиіс екен.
– Мұрадан бас тарту мұрагердің мұраның ашылған жері бойынша нотариуске арыз берумен жасалады. Бұл жерде айта кететін жайт мұрадан бас тарту кейіннен күшін жоюға немесе қайтарып алуға болмайды, - дейді ол.
Сондай-ақ, маман заңда мұра алу кезіндегі ерлі-зайыптылардың да құқықтары да көзделгеніне тоқталды.
– ҚР «Неке және отбасы» Кодексінің 33-34 баптарына сәйкес неке кезінде алынған мүліктер жұбайлардың ортақ мүлкі болып табылатындықтан, егер жұбайлардың біреуі қайтыс болған жағдайда, ортақ мүліктен көзі тірі жұбайы өзінің үлесін бөліп, жеке құқық меншік куәлігін беруді талап ете алады. Ол бұндай куәлікті алудан бас тартуына құқылы, - дейді ол.
Мұрагерлік заңмен көзделген құжат. Сондықтан кез келген адам өз иелігіндегі дүниесін жақыным деп тапқан адамға өсиет хат негізінде мұраға қалдыра алады. Ең бастысы бұл хат нотариус арқылы заңдастырылғанда ғана заңды күші бар құжатқа айналады.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
11 қазан 2022 ж. 527 0