Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аламан өтті Аралда

Аламан өтті Аралда

Өткен апта қорытындысы ауыз толтырып айтарлық жаңалықтармен түйінделді. Сенбі күні өнер жұлдыздарының қатысуымен қала күні және ұлағатты ұстаздар күні аталып өтілсе, жексенбі күні таң азанымен қаланың шығыс бетіндегі ипадромда Толыбай батырдың 250 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық ат бәйгесі (тай жарысы, құнан және аламан бәйгелері) өткізілді. Қала сыртындағы төбенің басы құдды бір қазақ даласындағы құрылтайды көз алдыңа әкелетіндей. Жиналған жұртта есеп жоқ. Бәрі де жылқы десе делебесі қозатын жұртшылық. Арасында біз де бармыз. Әп-сәтте қазан көтеріліп, тігілген ақ шатырларда адам қарасы қалың.
Айтулы шараға қатысқан аудан басшысы Серік Сермағамбетов ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғасып келе жатқан игі дәстүрдің халқымыз үшін құны жоғары екенін тілге тиек етіп, желмен жарысып, шашасына шаң жұқтырмайтын кіл жүйріктердің бүгінгі бәсекесіне сәттілік тіледі.
Расында жылқы десе жан дүниесі аласұрып, тұлпарлар дүбірінен ләззат алатын жылқысүйер қауымның бар тілегі баланың бағы мен аттың бабы. Сол бақ пен баб қатар шапқанда ғана шын жүйрік топтан суырылып, нағыз аламанның көркін кіргізбек. Көпшілік тамашалаған бәйгеде мұндай сәттер де болды.
Сонымен тай бәйгесінде ауыздықтарымен алысқан 15 ат 2 айналым бойынша 5 шақырым қашықтықта додаға түсті. Сәйгүліктердің ішінен Шижаға ауылынан келген Б.Төреахметовтың (шабандозы-Әсет) «Алау» атты торы тайы бірінші келді. Ал Қызылорда қаласының азаматы С.Дүйсенбековтің (шабандозы-Әбубәкір Бауыржан) қосқан қара «Ақбақайы» мәре сызығын екінші, Қармақшы ауданының Ақай ауылынан келген Е.Кенебаевтың (шабандозы-Нұрым Жалғасәлиев) «Ақ-жайнақ» атты аты үшінші болып кесті. Жүлделі IV орынды Арал қаласының азаматы Р.Нұрлыбайұлының (шабандозы-Ерасыл) «Нұр-қасқа» атты күреңі иеленсе, V орынды Жаңақорған ауданынан келген А.Мұсылманқұловтың (шабандозы-Еркін Диас) «Арафат» торысы олжалады.
Құнан бәйгесінде 9 ат 6 айналым бойынша 12 шақырым қашықтықта жарыс жолына шықты. I орынды Шиелі ауданынан Ә.Шорабаевтың (шабандозы-Әуесхан Дамир) қосқан кері «Айда» атты тұлпары, II орынды Шижаға ауылынан келген Б.Төреахметовтың(шабандозы-Ерасыл) күрең-қасқасы «Ақбөкен», III орынды Құмбазар елді мекенінен келген Қ.Якудаев(шабандозы-Нұрым) аты «Қозы күрең», ал IV орынды Қармақшы ауданынан келген А.Ыбыраев (шабандозы-Дінмұхаммед) «Жалбыр торы», V орынды Көктем ауылының азаматы Б.Елмағанбетовтың(шабандозы-Бақытжан Байжігіт) торы «Еркетас» иеленді.
Аламан бәйгесінде 9 айналым бойынша 22 шақырымда 11 тұлпар бақ сынады. 1 орынды Қазалы ауданынан келген Қ.Досжановтың (шабандозы-Ерасыл) «Абырой» атты торысы иеленді. Арал қаласынан келген С.Нұрғалиевтың (шабандозы-Ерасыл) «Ұлы дала» атты торы-төбелі 2 орынды, Қармақшы ауданы Ақай ауылының өкілі Ә.Жармановтың(шабандозы-Жалғасәлиев Нұрым) «Көгершін» атты көгі 3 орынды, Қармақшы ауданынан Е.Сағынбаев (шабандозы-Мақсутұлы Дидар) «Басбатыр» күреңі 4 орынды, Сексеуіл кентінен М.Таласовтың (шабандозы-Ербақыт) «Айыртау» атты күрең жылқысы жүлделі 5-орынға ие болды.
Ат бәйгесінің барлық түрлерінде 5 жүлделі орын тағайындалды.Жеңімпаз және жүлдегер атанған шабандоздарға демеушілер тарапынан тағайындалған жүлделер тапсырылды.

"Толқын" ақпарат
11 қазан 2022 ж. 538 0