Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұлпарлар топқа түскен күн

Тұлпарлар топқа түскен күн

Тіршіліктің қалың шаңынан арылып, қауырт жұмыстардан қолың қалт еткенде «ауыл қайдасың» деп тартып отыратынымыз бар. Бұл жолы да сол жолдан танбай, ыңғайы келген көлікпен Ерімбетжағаны бетке алдық. Ауылға ортақ әлеуметтік желідегі топта мереке қарсаңына орай азаматтар ортақ ойластықта болып, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ауылда ат шаптырып, мерекені өз мәнінде атап өту мәселесін көтерген-ді. Солай болды да.
7 мамыр. Сол күнгі ауа райы да келісілгендей. Күннің бетін бұлт көлегейлеп, топқа түсер тұлпарлардың тынысын аша түскендей. Ел ақсақаларданың батасымен, ауыл азаматтарының демеушілігімен ұйымдастырылған бәйгенің басын тайлар бастады. Жетекке енді үйреніп, түзу жолмен шабуды біле бермейтін бұл аттардың жарыс жолындағы қателігіне түсіністік таныту керек екені белгілі. Болашақ бәйге аттардың қатарын толықтырар тұлпарлардың шабандоздары да шынашақтай ауыл балалары. Барлығы да атқа шауып, желмен жарысқанды жаны қалайтын жас жеткіншектер. Сонымен тай жарыс бастау алды. Ауыл сыртындағы жалпы қашықтығы 3 шақырымды құрайтын айналма жолға  алты тай түсті. Тізгінді жіберіп, тартып тартысқа түскен аттылы балалар бірінші айналымда-ақ бір-бірінен оза шауып, өзара мықтыларды анықтады. Екінші айналымда шабысы ширақ Асқарбектің қарасы мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші, үшінші орындар Дәурен баптаған күрең қасқаға мен қаратөбел тайға тиесілі.
Кезек құнандарға да келді. Сөреден серпіле ұмтылған аттар екі айналымда-ақ өзара мықтыларды анықтап үлгергендей. Шабысы ширақ Дәуреннің күрең қасқасы бірінші айналымда-ақ топтан қара үзіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша құнан жарыстың да қызуы аяқталды. Ендігі кезек – аламанда. Сауырынан тер тамып, делебесі қозған дүлдүлдер жарыс жолында. Тізгінге жабысқан шабандоздар алғашқы екі айналым бойы бір-бірінен айла асырып, топтың алдын емес, ортасын топшылап әлек. Әдетте мұндай тәсіл көп жерде нәтиже беретіні даусыз ғой. Біз куә болғандай, алғашқы екі айналым бойы аламан бәйгенің алдын бермеген арғымақ кенет жарыс жолынан шығып қалды. Сол екі айналымда қалған аттар қатарласа шауып, соңғы айналымға жетті. Қара көрінгеннен қиқуға басқан ауылдастар бәйге аттарын мәре сызығында күтіп әлек. Бұл жолғы сайыста ауыл азаматтары бірінші келеді деп топшылаған тұлпарлар бұл жолы сенімді ақтамады. Ойламаған жерден Тойбазардың қара-аласы бәйге аттарын шаң қаптырды. Екінші болып Ғасырбек баптаған көк дөнен келді. Ал үшінші орын Ақылбек шапқан күреңтөбелге тиесілі.
Иә, бәйге десе делебесі қозатын қазақ жылдың қай мезгілі болмасын ат шаптырған. Бұл жолғы бәйгенің өз реті бар. Осы орайда ұйымшылдықпен атсалысқан ауыл азаматтары біз атап көрсеткен жүлделі орындардың барлығына ақшалай сыйлықтар үлестірді. Бәйгенің басы 40 мың теңге болса, үшінші, төртінші келгендерге де 5, 10 мың теңгеден жүлде тиді. Халқымыз қай уақытта болсын «Бірлескен істе береке бар» деп бекер айтпаған ғой. Бұл жолғы ауылдастарымның ауызбіршілігі басқаларға үлгі боларлықтай-ақ. Енді сол үрдіс жалғасын таба берсе дейміз. 

А. ҚАРАСАЙ
12 мамыр 2022 ж. 400 0