Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жалғасуда

Сыр елінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жалғасуда

Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде өткен көшпелі брифингте БАҚ өкілдерінің Сыр елі азаматтарының күзгі шақырылымы туралы сұрақтарына полковник Ғалымжан Тасжанов жауап берді.

Сыр елінде 1 қыркүйектен бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңі басталғаны белгілі. Мерзімді әскери қызметке шақыру облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін Қызылорда облысынан 800-ге жуық жастар әскерге аттану жоспарланған болса, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына 350-ге жуық, Ұлттық ұланға 270-тен астам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 150-ге жуық және Мемлекеттік күзет қызметіне 4 адам шақырылады. Бүгінде 250-ге жуық Сыр жастары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Қарулы күштерінің қатарында қызмет етуге аттанып үлгерді.
- Қазір таңда еліміздің Қарулы күштеріне қарасты әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс көлеміндегі барлық жиын пункттері күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға қызмет жасауда. Әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылуда. Сыр елінің азаматтары ішінен Отан алдындағы борыштарын өтеуге белсенділік танытып жатқандары жетерлік. Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны осы жылдың аяғына дейін жалғасады, - деді Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов.
Айта кетсек, жоғары білімі, мамандығы бар азаматтар жақсы нәтижелер көрсету арқылы келісімшарт бойынша әскери қызметке орналаса алады.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров
18 қазан 2022 ж. 283 0