Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізді өлкеде даму бар

Теңізді өлкеде даму бар

Айдынды Арал өлкесі бүгінде жоғары деңгейде дамыған десек қателеспейміз. Себебі түрлі кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүреді. Тұрғындар да қала тазалығын басты назарда ұстап, мәдениетті сақтап келеді. Арал қаласын әлемге танытқан әрине ол – Арал теңізі. Теңізіміз туралы тебіренбеген ақын-жазушыларымыз жетерлік. Соның бірі – Әбдіжәміл Нұпейісов.
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Әбдіжәміл Нұрпейісов атамыздың «Соңғы парыз» туындысы барлығымызға таныс болар. Онда автор сол кездегі Арал теңізі төскейіндегі тыныс-тіршілікті қалың оқырманға дәлме-дәл суреттеп көрсетеді. Иә, жердегі бір түп жусаннан бастап, ағаш бұтасына дейін әсем суреттейді. Мұны оқып отырған оқырман кешегі Аралдың бақытты шағы мен бүгінгі Аралдың сүреңсіз көрінісін еріксіз көз алдына келтірері анық. Атаулы туынды туралы Әбіш Кекілбаев: «Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуы суреттеледі. Шығармадағы экокеңістік – мұз үсті, ондағы ізден ешқашан жылы леп еспейді. Кісі де, аң да, құс та, қашқан да, қуған да, бәрі-бәрі мұз үстіне шығып кеткені табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынастардың бұзылғанын суреттейтін секілді», – деп бекер айтпаса керек.
Қаламыз күн санап өркендеп, халық санының көбеюі барлығымызды қуантады, әрине. Дегенмен, ендігі кезекте қаланы дүйім дүниеге танытқан теңізіміз қайтып келсе, барша қазақ жұрт қуанышқа бөленер еді. Осы бір мерейлі сәтте туған жер түлегі ретінде мен де Арал қаласының 95 жылдық мерейтойына орай өзімнің перзенттік жылы лебізімді жеткізгім келді. Ашық аспан астында бейбіт күн кешіп жүре берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Ш. ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
19 қазан 2022 ж. 224 0