Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әлия – ғасыр аруы» атты ерлік сабағы өтті

«Әлия – ғасыр аруы» атты ерлік сабағы өтті

Қызылорда қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінде 25 қазан – Республика күні мерекесіне және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 97 жыл толуына орай Қызылорда гарнизонының әскери қызметшілері қатысқан «Әлия – ғасыр аруы» тақырыбында жоғары сынып оқушыларымен ерлік сабағы ұйымдастырылды.

Ерлік сабағына Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов, Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы бастығының тәрбие және идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстары жөніндегі орынбасары капитан Бағдат Ахимбеков және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты болашақ Отан қорғаушылардың туған еліне, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген патриоттық және мақтаныш сезімін қалыптастыру мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ерлік жолын насихаттау болды.
Шара барысында Әлия Молдағұлованың туған жеріне саяхат жасап, өмірі мен тұрмыс тіршілігі жайлы зерттеулер жүргізіп жүрген осы мектептің бастауыш пәні мұғалімі Тұрсын Әлібекқызы өз жұмыстары жайлы баяндап берді. Талантты оқушылар өздерінің осы шараға қатысты дайындаған өнерлерімен тәнті етті.
«Айбын-2021» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынынан үзінді бейнероликтер көрсетіліп, оқушылармен танымдық сұрақтар бойынша сайыс ұйымдастырылды. Жоғары талпыныс білдіріп, сұрақтарға дұрыс жауап берген үздіктер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Қарулы күштердің 30 жылдық тарихы, қазақ әскерінің қазіргі уақыттағы жетістіктері мен патриотизм, ұлтжандылық тақырыптары сөз болды. Ерлікке бағдар болған сабақ барысында мектеп оқушылары әскери қызметшілер тарапынан ойларындағы барлық сұрақтарына жауап алды.
– Мектеп оқушыларымен маңызды ерлік сабағы өтті. Жастарымызға күш-жігер, қайрат беретін осы сынды шаралар Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін аса қажет. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 97 жыл толуына арналған ерлік сабағында оқушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеттерін талқыладық, – деді подполковник Алмат Жақыпов.
Іс-шара соңында аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айзада Сауранбайқызы әскери қызметшілерге осындай жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы еңбектеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осындай ауқымды шараларды бірлесе ұйымдастыруға шақырды.


Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров
22 қазан 2022 ж. 592 0