Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустың қайдан шыққаны анықталды ма?

Коронавирустың қайдан шыққаны анықталды ма?

«Коронавирус зертханадан шыққан» деген әңгіме кейінгі кезде қайта қызу талқылана бастады. Кейінгі бір аптада BioRxiv сайтында екі зерттеу жұмысы жарияланып, мақалада жер-жа­һанды жайлаған індеттің қолдан жасалғаны туралы айтылған-ды.

BioRxiv сайтында әдетте тексеруден өтпеген алдын ала зерттеу нәтижесі жарияланады. Содан кейін сол салаға қатысты ғалымдар ғылыми жұмысты зерделеп, кем-кетігіне үңіліп, peer review жасай­ды, яғни сараптамалық баға береді. Ал­да-жалда мақалада айтылған мә­ліметтер дұрыс болса, оны ғы­лыми журналға жариялауға рұқсат етеді. Сондықтан аталған сайтқа са­лынған зерттеулерді нақты мә­лімет деп қарауға әлі ерте. Деген­мен мұндай тақырыптың қайта-қайта көтерілуі COVID-тің қайдан шыққанына қатысты түпкілікті шешімнің әлі де нақты табылмай тұрғанымен байланысты болса керек.

Академиялық ортаны дүр сіл­кін­дірген бұл ақпаратты жақ­тау­шылар да, сынайтындар да же­тер­лік. Мәселен, зерттеу авторлары ви­рус­тың қолдан жасалғанына сенімді. Мұны кейбір профессорлар да қолдап отыр. Бірақ басқа ға­лымдар зерттеу кезінде көптеген кемшілік жіберілгенін алға тартады.

Ғылыми жұмысты жүргіз­ген­дердің бірі Алекс Уошберннің ай­туынша, зертханада коронави­русты бөліп, ДНҚ-ны қайта жасақ­таған. Соның салдарынан індет адам­ға жұғатындай қалыпқа келген.

«Біз SARS-CoV-2 зертханада синтезделді ме деген сұраққа жауап іздедік. Зертханада оны син­тездеудің жалпы әдісін тек­сер­дік. Әдетте мұндай әдіс із қал­дырмайды деп есептелді. Бірақ қолдан жасалғанына дәлел болатын белгі таптық. Яғни SARS-CoV-2 геномында мұндай із қал­ған», дейді А.Уошберн.

Коронавирустың қайдан шық­қаны туралы кітаптың авторы Виконт Мэтт Ридли жаңа жұ­мысты «өте маңызды зерттеу» деп атады. «SARS-CoV-2 адамның әрекеті еке­нін дәлелдейтін мәлімет бұрын­нан көрінбейтін жерде жасы­рылған болуы мүмкін», дейді ол.

UCL генетика институтының директоры, профессор Франсуа Баллу зерттеуді SARS-CoV-2 вирусы табиғи жолмен жұққан деген сценарийге қарсы тұруға лайық дәлел деп есептеп отыр.

Бірақ ғылыми жұмысқа күдік­пен қарайтындар да жетерлік. Олардың пайымдауынша, автор­лар вирустың зертханада жа­салуының дәлелі деп мәлімдеген де­ректер сенімді емес. Өйткені мұн­дай генетикалық іздер табиғи түр­де көптеген вируста, соның ішінде тұмаудың вирусында да кездеседі.

Лондондағы Кингс колледжі­нің (KCL) вирусология профессоры, профессор Стюарт Нил зерттеу авторларын өздеріне қажет мә­ліметті ғана алып, қалған дерек­терге мән бермеген деп айыптайды. Осылайша, «мақаланы өздерін қанағаттандыру үшін ғана әзірлеген» деген пікірде.

«Дау туғызған мақала АҚШ пен Ұлыбританияның бұқаралық ақ­парат құралдарында пікірталасқа айналу үшін жасалған әрекет», дейді С.Нил.

Глазго университетінің Вирус­тарды зерттеу орталығының ви­рус­тық геномика жетекшісі профессор Дэвид Робертсон зерттеуді «түкке тұрмайды әрі адамдарды жа­ңылыстырады» деп есептейді.

Скриппс ғылыми-зерттеу инс­титутының иммунология және микробиология бөлімінің профессоры, эволюциялық биолог және профессор Кристиан Андерсен бұл жұмысты «ғылым атын жамылған жазбадан басқа ештеңе емес» деп атады. «Жалпақ тілмен айтқанда, бұл түкке тұрмайды, онымен ай­налысудың қажеті жоқ», дейді ол. Сондай-ақ зерттеуді бала­бақ­ша­дағы молекулярлық биоло­гия деңгейінен де төмен деп мә­лімдеді.

Жалпы, коронавирустың шығу тегі туралы дау індет шартарапты шарпығаннан бері айтылып ке­леді. Естеріңізде болса, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп вирустың Уханьдағы зертханада жасалғанын мәлімдеген еді. Вице-президент Майк Пенсе де індеттің өршуіне Қытай кінәлі деп, барлау қызметінің қолында сенімді деректер бар екеніне екпін берді.

Қытай тарапы қауіпті дерттің шаһардағы теңіз жәндіктерін сататын базардан тарағанын алға тартқан-ды. 2020 жылғы қаңтарда әлеуметтік желілерде жаңа корона­вирустың түрі Уханьдағы зертханада жасалғаны туралы алып-қаш­па әңгіме кең тарады. Көп ұза­май, қаңтардың аяғында The Lancet журналында қауіпті дерттің тыр­нағына ілінгендерді зерттеген ғалымдардың мақаласы жарияланды. Онда бастапқыда ауырған 41 науқастың 13-і Уханьдағы теңіз жәндіктерін саудалайтын базарға мүлдем бармағаны анықталды. Мұны бір деп қойыңыз.

Бүкіл әлем Қытайдағы «жұмбақ дерт» туралы талқылап жатқанда, АҚШ сенаторы Том Коттон COVID-19 Уханьдағы зертханадан та­ралуы ықтимал деп мәлімдеді. Айта кетерлігі, Оңтүстік Қытай тех­нология университетінің про­фес­соры Ботао Сяо елең-алаң тұс­та мақала жариялап, вирустың қол­дан жасалғаны туралы әңгімені одан сайын күшейте түсті. Рас, көп ұзамай-ақ ғалым мақаласын өшіріп тастады. Бірақ бұл желдей ескен қауесетті тоқтатқан жоқ.

Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайтыны белгілі. COVID-19 ви­русының өздігінен пай­­да болма­ғанына сенетін­дер көп. Бұған негіз де бар. Осы­­дан бір­неше жыл бұрын Nature Medicine журналында корона­ви­русқа жасалған тәжірибе туралы ғылыми мақала жарияланды. Соған сүйенсек, ғалымдар жар­қанатта кездесетін SHC014 коронавирусын гендік тұрғыда өзгертіп көрген екен. Нәтижесінде, аталған вирус адамның тыныс алу жолдарын зақымдайтыны, жар­қанаттан тікелей адамға жұға беретіні анықталған. Бір қызығы, бұл зерттеуді Солтүстік Каролина университеті мен Уханьдағы био­логиялық институт ғалымдары бірлесіп жүргізген. Алты жыл бұ­рын жасалған тәжірибе вирус­тың шығу тегіне күмәнмен қа­райтындар санын арттыра түспесе, кеміткен жоқ.

Расын айту керек, Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың табиғи жолмен тарағанына сенімді. Бұған қатысты ұйым басшысы да талай рет мәлімдеме жасады. Атал­ған мәселені түпкілікті шешу мақ­са­тында ДДҰ бірнеше мәрте ғалымдарын Уханьға жіберді. Бірақ жергілікті биліктің толыққанды зерттеу жүргізуіне мүмкіндік бермеуіне байланысты кесімді шешім шықпай отыр. Дегенмен ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Геб­рейесус коронавирустың пайда болуына қатысты мәселенің әлі де басы ашық деп айтты.

Негізі вирустың зертханадан «қашып» кетуі сенімсіз жағ­дай емес. Economist журналы мұн­дай жағдай біз ойлағаннан да жиі кездесетінін алға тартады. Мысалы, 1977 жылы кең таралған тұмау эпидемиясы кезінде оның ви­русы зертхана қызметкеріне жұқ­­қан. Содан кейін басқаларға таралған.

Осы орайда, сарапшылар індет­тің таралуына қатысты бір­неше нұсқа ұсынып отыр. Оның бірінде Уханьдағы зертхана қызметкері табиғатта жан-жануарларға сынақ жүргізіп жүргенде, вирусты «іле» кетуі мүмкін. Сөйтіп, басқаларға да таратқан. Келесі нұсқада қыз­­­меткер вирусты зертханада жүр­генде абайсызда жұқтырған. Бірақ әзірге қай тараптың да сце­нарийі көңілге сенім ұялатып отырған жоқ. Тіпті халықаралық консенсусқа ие жануардан адамға табиғи жолмен жұқты дейтін пікір әлі де бұлтартпас дәлелді қажет етеді. Өйткені COVID-19 алғашқыда Уханьдағы жабайы базарда таралды дейтін деректің өзі нақты емес.

COVID-19-дың зертханада жасалғаны жөніндегі әңгі­менің академиялық ортада талқы­лануына мына жайт та әсер етіп отыр. Бастапқыда вирус жарқанат­тан адамға жұққаны айтылды. Кейінірек ғалымдар ортада бір жануардың болғанын алға тартты. Мәселен, жылан немесе панголин тасымалдағыш атануы мүмкін десті. Тіпті сусар, борсық деген де болжамдар айтылды.

Бірақ әлі күнге дейін ауру тасы­малдағыш жануар нақты анық­талған жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2002 жылғы SARS эпидемиясы кезінде коронавирустың жарқанаттан циветаға жұққаны, одан адамға өткені 4 ай ішінде белгілі болды. 2012 жылғы MERS эпидемиясында да ауру тасы­малдағыш жануар түйе екені 9 айда анықталды. Ал COVID-19 індетінің басталғанына екі жылдан асса да, әлі күнге дейін ауру тасымалдаушы аң табылар емес.

Вирустың қайдан шыққанына «бас қатырған» Қытай ғалым­дары бір қызықтың бетін ашты. Юньнань провинциясында жар­қанаттардың генін зерттеп жүріп, үңгірлердің бірінен шыққан құста RpYN06 вирусы бар екенін анық­тапты. Сөйтсе, аталған вирустың генетикалық құрылымы COVID-19-ға 94,5 пайыз сәйкес көрінеді.

Картаға көз жүгіртсек, Юнь­нань про­винциясы мен Ухань қа­ласының арасы әжептеуір алшақ жат­қанын аңғарамыз. Қазіргі ко­ронавирустың арғы атасы RpYN06 вирусы болса әрі оны Юньнаньнан тапса, ол қалайша тып-тыныш қалпында 1500 шақырымды басып өткен деген заңды сұрақ туындай­ды. Алда-жалда вирус табиғи жол­мен жұқса, эпидемия Уханьда емес, Юньнаньда басталуы керек еді ғой деген заңды сауал тағы алдан шығады.

Осылайша, коронавирустың қайдан шыққаны туралы дау әлі де басылар емес. Жер-жаһанды әбігерге салған індет кейінгі кезде сая­бырсыды. Бірақ қауіпті дерттен біржола құтылдық деп айтуға ерте. Әлемді былай қойғанда, Қазақ­станда да күн сайын жұқ­тыр­ғандар саны анықталады. Мәселен, бүгінге дейін елімізде 1,4 миллион адамның тесті оң нә­тиже көрсеткен. Тәулігіне 40-50 адам­ның науқастанғаны анықталады.

egemen.kz
31 қазан 2022 ж. 206 0