Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бет күтімі: 10 қарапайым әдет

Бет күтімі: 10 қарапайым әдет

Зиянды әдеттерге әуестігіңіз, калориялы тамақты ұнататыныңыз және күтім косметикаларына аса мән бермейтініңіз теріңізден көрініп тұрады. Тері жағдайы тек генетикаға байланысты деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі терінің қандай болуына ұстанатын өмір салтыңыз, тамақтануыңыз және күтім жасауыңыз тікелей әсер етеді. Сондықтан қарапайым beauty-әдеттерді қолға алған жөн.
1. Бетіңізді сабынмен емес, арнайы құралмен жуыңыз. Сабын теріні қатты құрғатады. Кейде бетті сабынмен жуу пайдалы (мысалы, безеу шыққан кезде, оларды «құрғату» үшін) болуы мүмкін. Бірақ оны күнде қолдану ұсынылмайды. Сабынның орнына бет жуатын жұмсақ гель, сүт негізіндегі құрал немесе көбік қолданған жөн. Олар тері иілгіштігін сақтауға көмектеседі.

2. Теріні ылғалдандыру барлық типті тері үшін маңызды. Тек құрғақ теріні ылғалдандыру керек деген қате пікір. Ылғалдандырушы құралдардың көпшілігінің құрамында теріні пайдалы элементтермен және сумен қоректендіретін компоненттер бар. Олар әжімдердің ерте пайда болуының алдын алады.

3. Теріге маусым бойынша күтім жасау аңыз емес. Қыста теріні қоректендіру маңызды, ал жазда ылғалдандыруға көбірек мән беру керек. Қысқы күтім құралдары теріні қорғау қызметін атқаруы керек. Ал жазғы күтім құралдары терідегі ұсақ тесіктерді бітемейтіндей, яғни текстурасы жеңіл болуы қажет.

4. Күндізгі және түнгі кремдердің атқаратын қызметтері әртүрлі. Әрине, ол өнімнің сапасына байланысты. Әдетте, күндізгі кремдердің құрамында теріні күн сәулесінен қорғайтын SPF болады. Ал түнгі кремдер тері тесіктеріне терең сіңіп, құнарландырғыш келеді. Сондай-ақ кей түнгі кремдерді косметикамен араластыру ұсынылмайды.

5. Кез келген кремді жай ұрмалы қозғалыспен жағу керек. Кремді саусақтарыңызбен ұрып жаққан кезде ол жақсырақ «жұмыс істейтін» болады.

6. Ұйықтар алдында міндетті түрде косметиканы кетіру керек. Бұл да күніне екі рет тіс жуу секілді міндетті әдеттер қатарына ену керек. Макияжбен ұйықтап қала берсеңіз, тері ерте қартаяды, тері түсі күңгірт болып кетеді және шаршаңқы көрінетін боласыз. Түнде тері демалу керегін ұмытпаңыз.

7. Көз астына жағатын арнайы құрал алыңыз. Көз айналасы беттегі ең нәзік бөлік болғандықтан, оған кез келген кремді емес, арнайы құрал алу керек. Көз астына арналған құрал әжімдердің пайда болуының алдын алады және лифтинг әсер береді.

8. Бет массажы қан айналымды арттырады. Жалпы көп уақыт алмайтын бет гимнастикасын үйреніп алған жөн. Мұндай гимнастика арқылы тері жастығын ұзаққа дейін сақтауға болады.

9. Тері жағдайы жақсару үшін ағзаға жеткілікті түрде дәрумендер келуі тиіс. Қосымша дәрумендерді дәрілік құралдардан алуға болады. Бірақ ағза дәрумендерді азық-түліктен жақсырақ алатынын ұмытпаңыз. Мысалы, омега-3 – сау тері үшін маңызды элементтердің бірі.

10. Су күтім құралдарыңыздың бір құрауышы болып қана қоймай, сондай-ақ рационыңыздың міндетті бөлігі болуы керек. Суды жеткілікті мөлшерде ішуді әдетке айналдырыңыз.

massaget.kz
12 қараша 2022 ж. 254 0