Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасындағы зорлық-зомбылық соңы неге апарады?

Отбасындағы зорлық-зомбылық соңы неге апарады?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де бүгінгі кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндай жағдайға көбіне нәзік жандылар ұшырап жататыны да белгілі. Иә, еліміз егемендік алып, ашық аспан астында бірлікпен өмір сүре бастағалы бері нәзік жандылардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда, сонымен бірге тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында біршама өзгерістер енгізген болатын. Мемлекетіміз 1997 жылдан бастап әйелдердің ар-намысын қорғайтын, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, бірдей конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси Концепциясын іске асырып келеді. 1998 жылы 29 маусым айында еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Осылайша мемлекетіміз әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға міндеттеме алды.Қазақстан Республикасының Конституциясында адамды және оның абыройын қорғау жайлы қағида бар. Соған орай 17- бапта: «Ешкім зорлықты, азапты, басқа да қатаң адамның абыройына кір келтіретін қарым-қатынасты немесе жазаны шекпеуі тиіс» деп жазылған. Сонымен бірге біршама мемлекеттерде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында заңдар қабылданған. Сонымен бірге аудан көлемінде де біршама жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жөнінде Арал аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлнар Төлегенқызы:
– Перзидентіміз  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  2022 жылдың 1-ші қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттілі және отбасы –тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді шаралар ұйымдастыру керектігін айтқан еді. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл отбасы жүйесінің дисфункциясының көрсеткіші, ішкі қатынастардың бұзылуының белгісі. Егер отбасылық қатынастардың проблемалары жойылмаса, онда зорлық-зомбылық созылмалы немесе циклдік сипатқа ие болады. Зорлық-зомбылыққа  көбінесе әлсіз топтарға кіретін әйелдер мен балалар ұшырап жатады. 2022 жылдың 10 айында Арал ауданының полиция бөліміне ағымдағы жыл басынан бері  отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласында қылмыс тіркелмеген. Ағымдағы жыл басынан Арал ауданы бойынша отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 172 өтініш қаралып, барлығы бойынша процессуалдық шешімдер қабылданған. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 73-бабы отбасы тұрмыстық саласында жасалған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 54 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Сот әкімшілік материалдарды қарау барысында 33 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 54-бабына сәйкес құқық бұзушының әрекетіне шектеулер қойып, ерекше талаптар белгіледі. Бұдан басқа «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес 172 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылды, қорғау нұсқамаларын бұзудың 16 фактісінің жолы кесіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 461- бабымен әкімшілік шара қабылданды. Еріксіз емдеу үшін мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелеріне, алкоголизм мен нашақорлықтан зардап шегетін  14 азамат орналастырылды. Мас күйінде адамдарды уақытша оқшаулау үшін бейімдеу және детоксикация орталықтарына полиция қызметкерлері мас күйінде 195 адам жеткізіліп орналастырылды. «102» сенім телефоны арқылы отбасы тұрмыстық саласында өтінішпен жүгінен 172 тұлғаға құқықтық және психологиялық көмектер көрсетілді. Учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция тобының инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы күшімен тұрмыста құқық бұзушылық жасаған тұлғалар, сондай-ақ қолайсыз отбасыларды, құқық бұзған тұлғаларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған және мінез-құлқына ерекше талаптар қойылған адамдарды тұрғылықты жерлері бойынша тексеру жұмыстары үнемі жүргізілуде. Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленетіні сөзсіз. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. Егерде зорлық-зомбылық фактілері белгілі болған кезде полицияға жүгінуге қорықпаңыз. Отбасы жанжалдары кезінде «102» арнасына немесе 2-22-02 сенім телефонына хабарласуға болады. Осы ретте әйелдер мен қыздарымыздың зорлық-зомбылықсыз өмір сүруіне, өз армандарының орындалуына бірлесіп ықпал жасауға шақырамын,– деді.
Тағы айта кететін жайт, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қолға алынып келеді. Осы тұста аудан бойынша атаулы мәселенің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Үкіметтік емес ұйымдар, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру туралы іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуы бойынша жыл басынан 59 шара ұйымдастырылып 12 арнайы оқу орындарда, 38 орта білім беру мектептерінде, 9 мемлекеттік мекемелермен өнеркәсіп және кәсіпорындарда  өткізілген болатын. Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында мүдделі органдармен бірлесіп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуді насихаттайтын бейнероликтер дайындалып, Арал қаласы Абай даңғылы бойында орналасқан  «ЛЭД» экраны арқылы көрсетіліп, сонымен бірге ауданымыздағы көшелерге билбордтар орнатылып, атқарылған жұмыстар әлеуметтік желілерге жарияланған екен. Осы ретте тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық әрекеттері бойынша отбасы жанжал шығарғандарға кем дегенде  5 тәулікке қамауға алынатын болса, қайталаған жағдайда құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімі 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Мемлекетімізде әр тұлғаның құқығы қорғалғаны белгілі. Осы ретте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған нәзік жандыларымыз да жетерлік. Олардың бірі қаражаттың жетіспеушілігі мен жұмыстың жоқтығын ойласа, енді бірі шаңырақ берекесі мен бүлдіршіндерін ойлап әлек. Мұндай жағдай да отбасындағы бала психологиясына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сол үшін әр отбасы екеуара түсініспеушіліктің алдын алып, бала болашағын ойлағаны жөн. Тәуелсіз елімізде мұндай жағдайлардың азаярына сеніміміз мол.
А.НҰРЛАНОВА
18 қараша 2022 ж. 503 0