Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 20 қараша – біздің еліміз үшін маңызды саяси күн

20 қараша – біздің еліміз үшін маңызды саяси күн

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Ж. Өмірәлиевтің 2022 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында сөйлеген сөзінен«20 қараша –  біздің еліміз үшін маңызды саяси күн.
Қазақстан азаматтары ел Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс беретін болады.
Заңдармен жүктелген өкілеттіктер шеңберінде прокуратура органдары сайлау жүргізудің заңдылығын қамтамасыз етуде.
Дей тұра, баяндаманың басында сайлау заңнамасының нормаларын сақтаудағы ерекше рөл сайлау комиссияларының мүшелеріне жүктелгенін атап өткім келеді.
Заңда олардың келесідей жауапкершіліктері көзделген:
- азаматтардың сайлаушылар тізімімен танысу құқығын бұзуы (немесе дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізуі);
- азаматтарға басқа адамдардың атынан дауыс беру мүмкіндігін беру мақсатында дауыс беру үшін бюллетеньдерді ұсынуы;
- дауыс беру қорытындылары туралы мәліметтерді ұсынбауы.
Бұл іс-әрекеттер әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (106-бап - ескерту немесе 30 АЕК айыппұл, 121-бап - 25 АЕК айыппұл, 110-бап - 25 АЕК айыппұл, 119-бап - 25 АЕК айыппұл).
Қылмыстық жауаптылық Қылмыстық кодекстің 150 (сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау - 100 АЕК айыппұлдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін) және 151-бабтарымен (сайлау құжаттарын бұрмалағанда немесе дауыстарды дұрыс есептемегенде - 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін) қарастырылған іс-әрекеттер жасағанда туындайды.
Сайлаудың жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ерекше әрі маңызды орын сондай-ақ байқаушылар мен кандидаттардың сенімді адамдарына берілген.
Олардың қызметі, құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен (бұдан әрі – Конституциялық заң) реттелген.
Байқаушы немесе сенімді адам болып кімдер бола алады? Олардың негізгі миссиясы, құқықтары мен міндеттері қандай?
Алдымен осыған тоқталайық.
Байқаушы - арнайы уәкілетті жеке тұлға (ҚР азаматы не шетел азаматы), оның миссиясы - сайлауда заңның сақталуын байқау және заң бұзушылықтарды тіркеу.
Олар екі санатқа бөлінеді.
Бірінші. Қазақстан Республикасының саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының атынан қызмет жасайтын байқаушылар.
Байқаушылардың өкілеттіктері тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс (Конституциялық заңның 20-1-бабы).
Бұл құжат осы байқаушыны жіберген, тіркеуден өткен және жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаның мөрімен куәландырылады. Және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде ғана жарамды болады.
Байқаушы осы құжаттарды сайлау комиссиясының төрағасына немесе оны алмастыратын адамға ұсынуға міндетті. Ол туралы деректер есепке алу журналына тіркеледі.
Екінші. Бұл шетелдік байқаушылар.
Олар - шетелдік халықаралық ұйымдардың немесе мемлекеттердің атынан қызмет атқарады.
Шетелдік байқаушыларды Сыртқы істер министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады (Конституциялық заңның 20-2-бабы).
Сыртқы істер министрлігінің ұсыныстары бойынша Орталық сайлау комиссиясында 641 шетелдік байқаушы аккредиттелген.
Оларға байқаушының куәлігі берілді.
Келесі санат, Ел Президенттігіне кандидаттың сенім білдірген адамдары (Конституциялық заңның 31-бабы). Олар барлық кандидаттарда бар.
Олардың қызметі - кандидаттарға сайлау науқанын жүргізуге көмек көрсету, сайлау алдындағы үгітті жүргізу.
Сенім білдірген адам тек Қазақстан азаматы бола алады.
Оны сайлау комиссиясы өзінің өтініші бойынша тіркейді. Осыдан кейін оған куәлік беріледі.
Байқаушылар мен сенім білдірген адамдар бірдей құқықтарға ие. Атап айтқанда:
- дауыс беру және сайлаушылардың дауыстарын санау сәтінен бастап байқаушы мен сенім білдірген адамдар өздері тіркелген әрбір сайлау учаскесінде (бір-бірден) бола алады;
- сайлау комиссияларының отырыстарына қатысуға, олардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе оның мүшелеріне жоғары тұрған комиссияға не болмаса сотқа шағымдануға құқылы;
- дауыс беру барысына және оның қорытындысын шығаруға кедергі келтірмей, фото -, аудио-және бейнежазбалар жасай алады.
Бұл ретте, олар өздерінің ескертулерін құжатталған, жарамды және тексерілетін фактілерге негіздеуі тиіс.
Байқаушылар мен сенім білдірген адамдардың басқа да құқықтарының толық тізбесі Конституциялық заңда бекітілген (20-баптың 8-тармағы, 20-1-баптың 2-тармағы).
Шетелдік байқаушылардың құқықтары Конституциялық заңның 20-2-бабында егжей-тегжейлі көрсетілген.
Бұл - дауыс беру және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне тосқауылсыз кіру, сайлау комиссияларының мүшелерін орын алған заң бұзушылықтар туралы хабардар ету, мәлімдеме жасау және басқалар.
Бұл нормалар байқаушылар мен сенімді тұлғаларға өз өкілеттіктерін тиімді орындау үшін жеткілікті кепілдіктер береді.
Олардың заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 126-бабы (30 АЕК айыппұл) бойынша жауаптылық көзделгеніне назар аударғым келеді.
Көрсетілген құқықтармен қатар Конституциялық заң (20-1, 20-2-баптар) байқаушыларға, сондай-ақ сенім білдірген адамдарға бірқатар міндеттерді жүктейді, олардың сақталмауы тиісті құқықтық салдарға әкеп соғады.
Байқаушыларда жеке басын және өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар, ал шетелдік байқаушыларда - олардың жеке басын және аккредитациясын куәландыратын құжаттар болуы қажет.
Сайлау процесіне, дауыстарды санауға, сайлау комиссиясының шешімдер қабылдау рәсіміне тікелей араласпауға тиіс. Жалпы, олар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттерге жол бермеулері керек.
Сайлау учаскесіндегі белгілеген мінез-құлық қағидаларын сақтау жөніндегі сайлау комиссиясы төрағасының талаптарын орындауға міндетті.
Бұдан бұрын атап өткендей, байқаушылар мен сенім білдірген адамдар дауыс беру барысына және оның қорытындысын шығаруға кедергі келтірместен, фото-, аудио-және бейнежазбалар жасауға құқылы.
Бұл ретте, осы құқықты іске асыру барысында адамның Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары, дауыс беру құпиясы сақталуы қажет.
Ешкімнің қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға құқығы жоқ (Азаматтық кодекстің 145-бабы).
Бұл ретте, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 14-бабының (1-1-т.) талаптарын ескеру қажет, оған сәйкес егер таратылатын ақпаратта адамның қызметтік және (немесе) жария қызметіне байланысты адамның бейнесі мен оған қатысты мәліметтер болса, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау кезінде мұндай келісім талап етілмейді.
Азаматтың құпия деректерін қорғау (ЖСН нөмірі, ТАӘ және т.б.) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңмен кепілдендірілген.
Осылайша, фото-, аудио- және бейнежазба, сондай-ақ байқау: – дауыс беру құпиясын, сайлаушылар тізімін және олардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып қана жүргізілуі тиіс. Азаматтардың бейнесін көпшілік алдында тарату олардың келісімін қажет етеді.
Осы талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы (дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу) бойынша әкімшілік жазаға немесе егер елеулі зиян келтірілсе, Қылмыстық кодекстің 147-бабы (жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Байқаушылар қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда, сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеуден және оны тиісті учаскеден шығаруға құқылы.
Егер шетелдік байқаушы заңның бұзылуына жол берсе, онда Орталық сайлау комиссиясы тиісті сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша оның аккредитациясын кері қайтарып алуға құқылы.
Баяндамамды қорытындылай келе, байқаушылар мен сенім білдірген адамдар өз құқықтарын заңды бұзбай жүзеге асыратынына сенім білдіргім келеді.
Сайлау науқанының барлық қатысушыларымен бірге біз еліміз үшін жауапты әрі маңызды іс-шараны өткізудің заңдылығын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз.»
18 қараша 2022 ж. 374 0