Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттыққа толы орда

Шаттыққа толы орда

Балаңыз өмірге келгеннен соң оның кішкентайынан жайлы орта, жақсы мекенде өскенін қалайтын боларсыз. Әрине өмір болған соң тіршілік қамымен жұмысбасты пендеге айналып, балаға күнұзақ қарап, оның балғын шағынан өзіне қажетті дүниелермен сусындап өскенін қалайсыз, бірақ мүмкіндік бола бермейді. Әрине мұндайда балаға жайлы орта ретінде өз ауданыңыздағы балабақшаларды таңдайсыз. Жүз ойланып, мың толғанып еркеліктен өзгені білмейтін бөбегіңізді балабақшаға беруге тура келеді. Әрине жағдайы жеткендер арнайы күтуші жалдайды. Ал айлыққа қарап күн кешетіндер ше? Әрине мұндайда балабақшаның болғаны қандай жақсы.
Қазір бала тәрбиесі мен оның күтіміне келгенде арнайы жұмыс істейтін орталықтар баршылық. Аты дардай болғанымен, қызметіне көңіл толмаушылық та байқалып жатады кейде. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы, Астана сынды үлкен қалаларда жұмыс істейтін балалар орталығының жұмысынан шу шықты. Қорғансыз сәбиге жасалған қиянат пен кемсіту сынды тәрбиешілердің озбырлығы мүлгіген қоғамды дүр сілкіндірген-ді. Алайда солай болды екен деп баласын балабақшаға беруден бас тартатын ата-ана жоқ. Сәбиін бір Аллаға, сосын күтушіге табыстап, тіршілік қамымен күнделікті қызметіне кіріседі. Сұраныс болған соң сәйкесінше балабақшалардың да саны артып келеді. Қазіргі таңда ауданның өзінде жиырманың үстінде мемлекеттік балабақшалар бар. Балаға сапалы қызмет көрсетіп, көптеген ата-аналардың алғысын алып жүрген балабақшалар да бар. Солардың арасында жұрт қаладағы «Қарлығаш» балабақшасын жиі айтады. Әрине оның қызметіне көңілі толып, марқайып қайтқан ата-аналардың да барын білдік. Дей тұрғанмен, балаға жайлы орта ретінде жұмыс істеп, көпшілік көңілінен шығып жүрген бұл ұжымның бірлескен ісін көпшілік білсе дейміз.
Тарихы терең, тәрбиесі тәлімге толы бұл орталықтың ел сеніміне лайық қызмет етіп келе жатқанына бүгінде 40 жылдан асты. 1979 жылы іргетасы қаланып, пайдалануға берілген бұл орталықтың заман ағымына сай жұмысы жүйелі жүргізіліп, ісі алға басып келеді. Әрбір шаңырақтың еркелерін есейтіп, тәрбиеге баулып, уақытын тиімді өткізуге күш салып келе жатқан ұжымның алға қойған басты мақсаты – баланың денсаулығы мен өмірін қорғау жағдайын құру, мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін ойын арқылы дамыту, балабақшада тәрбиелеу және білім беру үдерісіне жаңаша әдісін енгізу арқылы балаларды жан-жақты  дамыту.
 Расында жұрт сеніп тапсырған соң оң-солын білмейтін балдырғандарды күтіп, мектепке дейінгі тәрбие беру ісінде толымды жұмыс атқарып келе жатқан орталық қазіргі уақытта 280 балаға 12 топ бойынша ілім мен білім, тәрбие мен тәлім беріп келеді. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыру жолында жұмыс істеп келе жатқан бөбекжайда 7 топ қазақ тілінде жұмыс жүргізсе, қалған 5 топ орыс тілінде жұмыс жүргізіп жатыр. Ал балаларға тәлім-тәрбие беретін педагогтардың бұл жұмыста тәжірибесі толысқан. Баламен қалай жұмыс істеу керектігі жолында ұдайы ізденіс үстінде болатын мамандардың үлкен ұжымның жүрегі һәм тірегі екені айтпаса да түсінікті.
Әрине ата-ананың таңдауы түрлі бағытта жұмыс жүргізіп, түрлі жетістіктерге жеткен, баланың бағытын жақсы ортаға бейімдеп, тәлімді тәрбие беретін орталықтарға түсері сөзсіз. Бұл мүдде жолында бірігіп жұмыс істеп келе жатқан Гүлнара Әнесқызы басшылық ететін іргелі ұжымның жеткен жетістіктері жетерлік. Бұған дейінгі жетістіктері өз алдына, осы оқу жылының өзінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік тәрбиеші – 2022» байқауына бөбекжай-бақшаның тәрбиешісі Роза Құрмансейітова қатысып, аудан бойынша «Ең үздік тәрбиеші – 2022» номинациясын жеңіп алды. Бұл жетістіктің өзі аталған балалар орталығының үздіктер санатында екенін дәлелдеп-ақ тұр. Осы орталықтың мәдени шараларын ұйымдастырып, жетістік жолында бірге жұмыс жүргізетін бөбекжай әдіскері Айгерім Кірбасова:
– Зейнолла Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ең сүйкімді бүлдіршін» атты балалар байқауында бөбекжай-бақшамыздан 2 тәрбиеленуші Амандық Димаш (тәрбиешілері Г.Тұрсынбаева, А.Жеткербаева) және Айзере Жеткербай (тәрбиешілері М.Жұбаниязова, Ұ.Шманова) қатысып, Димаш жүлделі орынды, Айзере ІІ орынды иеленді. Бұдан осы жылы «Жазғы шынықтыру-сауықтыру жұмыстарының ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өткізіп шықты. Семинарда педагог қызметкерлердің үздік жұмыстары көрсетілді. Мұндай нәтижелі жұмыстар мен жетістіктерден өзге баламен жұмыс істеудің түрлі тәсілдері бөбекжай ұжымында ұдайы қолға алынып отырады. Сондықтан да біздің орталықтың баламен жұмыс істеуде ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктері бар, – дейді.
Иә, бүгінде "Қарлығаш" қанаттандырған қарлығаштардың алды аға буын өкіліне айналды десек, тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін түрлі салада табысты еңбек етіп жатқан жастар қаншама? Ал сәні мен салтанаты келіскен, ұжым мүшелері ұдайы ізденіспен алға басатын тәрбие ошағының табысты жұмысы жыл сайын жаңа жетістіктермен жаңарып отыратыны айтпаса да түсінікті. Бұл мақсатта Гүлнара Әнесқызының басшылығымен қолға алынып жатқан жұмыстардың табысты тізбегі бұдан әрі де жалғасын таба береді деген сенімдеміз.
25 қараша 2022 ж. 326 0