Әкенің балаға берері көп

Бірде баласының мазасыздығынан әбден мезі болған Қожанасырдың әйелі ашуға беріліп: «Отағасы, бұл менің ғана балам емес. Сен де оның әкесі саналасың. Олай болса, бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Оған 12 сағат мен қараймын, 12 сағат сен қарайсың» деп шарт қояды. Қожанасыр амалсыздан келіседі. Ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп: «Тұр, сағат 12 болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» деген екен. Сонда ол: «Сен өзіңе тиесілі бөлікті қарап біттің бе? Онда менің бөлігімде жылай берсін» деп жауап береді.
Иә, бұл бір сәттік әзіл болғанымен, астарында ащы ақиқат жатыр. Бала бір нәрсені бүлдірсе, бұзықтық жасап қойса әке тараптан анаға айтылатын: «Балаға қарамайсың ба?», «Осы сенің тәрбиеңнен!», «Осыған ие болмай не істеп жүрсің?» деген сынды айыптарды құлақ шалуымыз соның айғағы. Еркектің тұрмыс қамымен түзде жүретіндігі рас. Бірақ оның бұл әрекеті жауапкершілікті әйелдің мойнына артуын ақтамайды. Өйткені «әйел беретін дәруменді еркек, еркек беретін дәруменді әйел ешқашан бере алмайды екен» (Б. Тілеухан).
Су оттегі мен сутегінің қосындысымен ғана кемелдігіне жететіндігі секілді, әке мен ана өз орнында болғанда ғана бала тәрбиесі, отбасы иммунитеті жақсы көрсеткішке жетеді. Балаға теледидардағы біреу емес, өз әкесі үлгі болса – ең үлкен жетістік.
А. ЖҰМАҒҰЛОВА