Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әке – отбасы тірегі

Әке – отбасы тірегі

Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,Асылы айтпаушы едің сөзді қате…
Қалқаман Сарин

Әрбір отбасының темірқазығы, ұйытқысы, қорғаушысы – әке. Әкенің бұл рөлі балалардың әкеге деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен биіктей береді. Ер-азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда оның қадір-қасиеті де арта түседі.
О.ТІЛЕУТЕГІ

Иә, қазақта «әкеге қарап ұл өсер» деген тәмсіл бар. Мағынасына тереңірек ұғынар болсақ, бір ауыз сөзден санаға түйетін сансыз ұлағат жатыр. Бірақ сан ұрпаққа жалғасқан осы бір тәлімді тіркестің айтпағына зер салған ұлқыз ғана түпкі тәрбиені түйсіне алады.
Расында, бір ауыз сөздің тек ұрпаққа ғана емес, әкелерге де жауапкершілік жүктеп тұрғанының байыбына барып жатырмыз ба?! Бір ғана «қарап» сөзінің салмағы қаншалықты ауыр екенін айтып өткім келеді.
Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшелікті жете білгені жөн. Әсіресе, әке балаларымен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Және өзінің іс-әрекетімен ғана баласына үлгі бола алатынын ұмытпағаны абзал. Иә, әкені тыңдап емес, әкенің амалын көріп өсетінін түйсінгені абзал. Себебі «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген емес пе?!
Бірақ ұлағатты ұрпақ өсіруде тек әке ғана жауапты деген түсініктен аулақ болған жөн болады. Рас, әркім өмірдегі, шаңырақтағы беделі өзіне байланысты десек те, әкенің орны ананың да әрекетіне байланысты болатынын мына бір оқиғамен айтып кетсем деймін.
Жолдасы өмірден ерте қайтқан жалғызбасты ана балаларын өзі тәрбиелеп, өсіреді. Бірақ өмірде болмаса да, әкесінің болмысы тіпті есінде қалмаған кішкентайларына әкенің әркез биік екенін былайша жеткізген. Қайтыс болған күйеуінің күртешесін үйдің төріне іліп қойып, қалтасына әркез ақша салып қояды екен. Балаларына ақша қажет бола қалса, анасы:
– Балам, барыңдар да әкелеріңнің қалтасынан ала қойыңдар, – дейтін көрінеді.
Міне, осы бір тағылымды әңгіменің төркінінде де әкенің әулеттегі асқақтығы анық байқалады.
20 маусым 2020 ж. 4 722 0