Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желіде балалардың суреттерін не үшін бөліспеу керек?

Әлеуметтік желіде балалардың суреттерін не үшін бөліспеу керек?

Бүгінгі күнде әлеуметтік желі культі деген тұжырым өріс алып келе жатыр. ХХІ ғасырда пайда болған бұл сөз келесі іс-әрекеттермен түсіндіріледі: Өмірдегі жаңалықтардың бәрін бірінші әлеуметтік желіде жариялау, адамдарды өз парақшаларында білдірген пікірлерімен бағалау  және тағысын тағы. Жоғарыда аталған тенденциялардың арасында интернет қолданушы ата-аналар өз балаларының суреттерін жариялауы Қайрат Нұртастың «Ауырмайды жүрек» әні секілді танымал боп кетті. Таяқтың екі ұшы бар болғандай, суреттерді көпшіліктің назарына ұсынудың да жақсы және жаман жақтары бар (субьектив көзқарас емес).
Белгілі психолог Динара Болат балалар суретін интернетте жариялануын дұрыс деп есептемейді. Оның айтуынша, кез-келген қыз ана атанған соң, аналық рөлге шектен тыс тәуелденіп, өз әлемін тек баламен шектеп, іске аспаған мақсатын сол ана болу рөлімен бүркемелеп отырғанын көреміз. Аналар әкелерге қарағанда балаларының суреттерін жиі жариялайды.

«Балаларының суретін жиі жариялайтын ата-аналардың бұл әрекетін оң деуге келмейді. Әкелерге қарағанда мұндай әрекет аналарда жиі кездеседі. Бұл жерде ананың балаларға махаббатынан оның балаларға, өзінің аналық рөліне шектен тыс тәуелді екендігін аңғартады. Қалыпты жағдайда үйлесімді дамыған тұлға, соның ішінде әйел заты балаларынан бөлек өзіне табиғатпен берілген барлық рөлді қамту керек. Ал бұл жағдайда оның өз әлемін тек баламен шектегенін, өзінің қолы жетпеген арман, іске аспаған мақсатын сол ана болу рөлімен бүркемелеп отырғанын көреміз. Негізгі суретке (аватарға) өз суретінің орнына балалары тұрған жағдайды да жиі көруге болады. Бұл өзін ұмытқан, балаларын өмірімнің мәні деп өздерін алдарқататын аналарда болатын құбылыс. Мен балаларымның суретін жиі әлеуметтік желіге шығармаймын. Интернеттегі,  айналадағы, алыс-жақын дос, бауырларымыз ұл-қызымның жарты жылда, бір жылда қалай өзгергендігін көріп қуансын деген мақсат. Ал негізі суретке ешқашан менсіз балаларымның суретін қойған емеспін. Себебі, менің орным бөлек, балаларымның орны бөлек. Екеуін алмастыруға болмайды. Орнын баса алмайды», - дейді Динара Болат.

Англиядағы Nominat агенттігінің зерттеуінше, Еуропадағы ата-аналар балалары бес жасқа толғанша орташа есеппен олардың 1498 суретін жариялап үлгереді екен. Әрине, баласының қандай сүйкімді екенін басқаларға көрсетумен мақтанып, ішіндегі эгосын сол сурет астына жазылған комментарий мен лайктер арқылы қанағаттандыратын әке мен шешеге бұның дұрыс емес екенін, бұның шектен шығу екенін түсіндіру анау-мынау психологтың қолынан келетін шаруа емес.

Суреттерді не үшін әлеуметтік желіде жариялауға болмайтындығына қатысты салмағы зілдей төрт аргумент ұсынамыз:

Адам өзгереді

аң бойынша 16 жасқа дейін ата-ана балаға жауапты. Оны қол астында ұстауға, оның атынан шешім қабылдауға құқығы жетерлік. Конституция рұқсат бергенімен моральдік құндылықтарды да аттап өтуге болмайды. «Мен оны дүниеге алып келген адаммын, ол үшін түн ұйқымды төрт бөлдім. Сондықтан да бөбегімнің суретін әлеуметтік желіге жүктеуге құқығым бар деген сөздің толық мағынасында құқығым бар» дейтін ата-аналар болуы мүмкін. Бірақ, «Ұлың да өсер, көкейіңді тесер» деген сөздің жоқ емес екенін ескерейік. Адам есейген сайын психологиясының өзгеретіні заңдылық. Сол секілді кішкентай кезінде түскен суреті ержеткенде ұлыңызға ұнамауы әбден мүмкін. Өзіне ұнамаған суретті ешкім де басқалардың көргенін қаламайды. Сол себепті бала мен ана арасында ұзақ жылдық келіспеушілік пен реніштің туындамауына кім кепіл? Мысалы, психологтардың айтуынша,12-13 жаста ұялшақ болғандар 20-ға таяғанда мүлдем керісінше мінез иесіне айналып шығады. Эмоциясын өзіне бағындыруды үйренбеген «өтпелі кезеңдегі» бала үшін бұл да тым ауыр тиеді.

Балалар өздерінде таңдау құқығы болғанын қалайды

Nominat агенттігінің сауалнамасына қатысқан балалардың басым бөлігі «Фейзбукте менің бала кезімде қандай болғанымды еске салатын посттардың аз болғанын қалаймыз» деп жауап берген.

Эзотерика және көз тию

Эзотерика – мистикалық ілім. Оны әдетте әртүрлі адам санасынан тыс іс-әрекеттер арқылы басқалардың ішкі жан дүниесіне әсер ету үшін қолданады. Эзотериканың не екенінен хабардар ата-ана ешқашан сәбиінің суретін көпшілікке қолжетімді етіп қоймайды. Эзотерик Евгений Гриннің айтуынша, әлеуметтік желіде емшектегі балалардың суретін жариялауға мүлдем болмайды. Себебі, бала физикалық тұрғыда өте әлсіз болады. Әлсіздігі сонша, оған суреті арқылы жердің бір шетінде отырған қара ниетті залымның көзі тиіп кету ықтималдылығы басым. Ананың ықтияры – баласымен мақтану болғанымен, баланың дін-амандығы маңыздырақ.

Қауіпсіздік

Әлеуметтік желідегі балалардың суреті педофилияға да жол сілтеуі мүмкін. Ал ол өз кезегінде суицидке апарады. Австралиялық ғалымдардың жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша, педофилия құрбаны болған балалардың 72%-ы өзіне қол жұмсаған. Балаларымыздың қауіпсіздігін ойласақ суреттерді мүлдем жариялауға қарсы болуымыз шарт. Ал жариялаған күнде келесі жағдайларды ескеруіміз керек:

Көліктің қасында түскен суретті жарияламау. Жаман ниетті адамдар сізді және балаңызды көлігіңіз арқылы іздестіріп, тауып алуы мүмкін. Сондықтан да кадрға көлігіңіз сыймай қалатын жолдарды қарастырыңыз.
Сәбиіңіз қаншалықты сүйкімді болғанымен олардың жартылай жалаңаш кейіпінде түскен суретті интернетте бөліспеңіз. Сізге және отбасы мүшеліріңіз үшін бұл сурет өте әдемі болып көрінетін шығар. Бірақ интернетте отыратын 3 млрд адамның арасында психикасы зақымданған неше түрлі жаман адамдар бар. Олар сәбиіңізге мүлдем басқаша көзбен қарауы ықтимал.
Балаңыздың бөтен балалармен бірге түскен топтық суретін салмауға тырысыңыз. Ұлыңыз яки қызыңыздың достары немесе сыныптастарымен бірге түскен суретін интернетке жүктеуден бұрын олардың ата-анасынан рұқсат сұрауды ұмытпағаныңыз жөн. Сіз тек өз балаңызға ғана жауап бересіз. Сонымен қатар, басқаның баласы туралы ақпарат таратуға сіздің құқығыңыз жоқ.
Балаңыздың хоббиін әшкерелейтін суреттер салмаңыз. Сәбиіңізге не қызық екенін білетін залым адамдар оларды кез келген жерде кез келген жағдайда өзінің құрығына іліктіре алады.
Суретке геолокацияны белгілемеңіз. Балаңызбен қайда және қашан не істеп жүргеніңізді жасыруға тырысыңыз. Себебі, жоғарыда аталған ізгі ниеттен ада кісілер балаңыздың көп баратын жерін геолокациямен анықтап алуы мүмкін.

Әлеуметтік желіге қандай сурет салсаңыз да мынаны ұмытпаңыз - суретіңіз интернетке жүктелген алғашқы секундтан бастап ол сіздің жеке затыңыз емес, қоғамның кезекті көп игілігіктерінің біріне айналады.

© Мейірхан Амангелдиев

Дереккөзі: jaqsy.kz
11 наурыз 2018 ж. 1 763 0