Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚМДБ уағыз айту әдебіне қатысты ереже дайындап жатыр

ҚМДБ уағыз айту әдебіне қатысты ереже дайындап жатыр

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айту тәртібіне қатысты ереже дайындап жатыр. Бұл туралы бүгін ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы айтты, деп хабарлайды stan.kz порталы Sputnik Қазақстан ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.
“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың бірізділікпен сөйлеу, Құран аяттарын, хадистерін дұрыс жеткізу, қоғамдағы адамдардың деңгейіне түсіп сөйлеуіне қатысты ереже дайындап жатыр, уағыздарды реттеп жатыр. Біз имамдарға асығыстықпен пәтуа бермеуді, “Құран, хадис ақиқатты айтып тұр” деп барлық жерде айта беруге болмайтынын ескертіп келеміз. Болашақта жерлеу рәсімінде, жетісі, қырқы, жылы бар, халық көп жиналатын жерлерде айтылатын уағыздың мәтінін жазып беру арқылы бірізділікке түсіру мәселесін қарастырып отырмыз. Себебі, барлық имамның деңгейі бірдей емес. Кезінде кадрлар өте тапшы болды. Діннен, Құраннан аз-маз хабары барлар имам болып кете барды. Соның салдарынан өзі не білсе, соны айтып, көпшілік арасында насихаттап жүрді. Бірақ, қазір Нұр-Мүбарак университетінен, медреселерден қаншама білікті кадрлар шығып жатыр, сырттан оқып келіп жатқандар бар”, — дейді Алтынбек Ұтысханұлы желіні шулатқан видеоға қатысты түсініктеме беру барысында.
Оның айтуынша, қазір имамдардың жалақысын көтеру мәселесі де шешіліп жатыр.
“Имамдардың жалақы мәселесін шешуге байланысты қор ашылды. Жалақы көтерілсе, мықты кадрлар таңдай аламыз. Жақсы кадрға қойылатын талап та күшті болады. Кадр дұрыс болса, дұрыс уағыз да айтылады”, — деді ол.
Естеріңізге салып өтсек, бүгін дінтанушы Ризабек Батталұлының мешітке жиналған жамағат алдында “шариғат әйелді ұруға рұқсат береді” деген уағызы әлеуметтік желіде біраз шу болған еді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме беріп, мән-жайды түсіндірді. Белгілі болғандай, аталған видео екі жыл бұрын түсірілген, ҚМДБ-ға еш қатысы жоқ. Ал Ризабек Батталұлы қазір Алматыдағы “Нұр-Мүбарак” университетінде оқытушы болып істейді.
07 қаңтар 2018 ж. 1 602 0