Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыт ата университеті сұранысқа сай мамандардың мыңдаған легін даярлады - Нәлібаев

Қорқыт ата университеті сұранысқа сай мамандардың мыңдаған легін даярлады - Нәлібаев

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге Қорқыт ата университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған кездесулерге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Алдымен облыс әкімі мен министр университеттің №5 оқу ғимаратында оқытушы-ғалым, профессорлармен кездесіп, оқу орнының ғылыми-инновациялық жетістіктерімен танысты.
Нұрлыбек Нәлібаев 85 жылдық тарихы бар университеттің кәсіби маман даярлаудағы әлеуеті зор екенін тілге тиек етіп, ғылымға бетбұрыс жасаған жастарға әрдайым қолдау болатынын жеткізді.
«Бүгінгі күні өңіріміздің маңдайалды университеті еліміз үшін сұранысқа сай мамандардың мыңдаған легін даярлап, ұлттық кадрлар қалыптастыруда. Білім ордасының түлектері егемен еліміздің түкпір-түкпірінде сан-салалы қызметте абыройлы еңбек етуде. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ғалымдар, өнер және мәдениет майталмандары, ғылым мен спорт саңлақтары, ірі бизнес өкілдері бар. Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында археологиялық және аграрлық сала жобалары қолдау тауып келеді. Келешекте бюджет есебінен қаржыландырылатын экономика салалары бойынша мамандық санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аграрлық аймақтан өндірісті өңірге айналған Сыр елінің игі мақсаттарды жүзеге асырып, өсу жолында университет инновациялық дамудың драйверіне айналуы қажет», - деді Н.Нәлібаев.
Басқосу барысында министр Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында маман даярлау ерекшеліктерімен бөлісіп, келешекте өңірлік университеттерді қолдау аясы кеңейіп, ғылыми мүмкіндіктерді дамыту мәселелерін қозғады.
Кездесуден кейін облыс әкімі мен министр «Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері», «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» атты форсайт-сессияларға қатысты. Әрі қарай «Физика-химиялық талдау әдістері инженерлік бейіндегі» зертхана жұмысымен танысып, жас ғалымдармен пікірлесті.
Айта кетейік, министр Сыр еліне сапары барысында тұрғындармен кездесу өткізіп, өзекті сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, «Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапханамен және сирек кітаптар қорымен танысып, білім, ғылым, өнер, спорт саласындағы жеңімпаз жастармен кездесті. Мұнан кейін университеттің 85 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Салтанатты жиында Парламент Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлына, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Садановқа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлына «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды.
Еске салайық, соңғы 3 жылда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, өңірге қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге 360 облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бөлінген гранттардың 216-сы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне берілді.

inform.kz
04 желтоқсан 2022 ж. 401 0