Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік және Арал

Тәуелсіздік және Арал

Жаңа дәуірдегі Қазақстан өзінің даму моделін тапқан, ешкімге ұқсамайтын үлгісін қалыптастырған мемлекетке айналды. Бұл жылдар ішінде аралдықтардың да арманы орындалып, ел игілігі үшін бірқатар жұмыстар атқарылды.

Серпін берген «САРАТС»
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау 29 жыл ішінде Арал ауданы Елбасының ерекше қамқорлығында болды. Ғасыр жобасы атанған «САРАТС» жобасы өмірге келді, қайтқан теңіз суы кемеріне келіп, ата кәсібіміз қайта жанданды. Қазіргі таңда теңіз айдынынан 22 түрлі балық ауланып, заман талабына сай жылдық қуаттылығы 19 мың тоннадан астам 9 балық зауыты жұмыс жасауда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1990 жылдары  ауданда жылына  2000 тоннаға жуық  балық  ауланса,  қазіргі  таңда  8000 тоннадан  астам  балық  ауланып, 3000 тоннаға  жуық  балық  өңделіп  отыр.
Ауызсудың азабынан арылды
Аралдықтар үшін тәуелсіздіктің тағы бір үлкен сыйы – таза ауызсуға қол жеткізуіміз. Осындай түйткілді мәселені назардан тыс қалдырмаған Елбасы 2005 жылы Аралда арнайы жұмыс сапарымен болып, тұрғындардың таза ауызсуға қол жеткізген қуанышымен ортақтасты. Бұл біз үшін тарихи күн болды. Жылма-жыл шалғай елді мекендерге ауызсу желісі тартылуда.
Елге газ келді
Ел тәуелсіздігі, сондай-ақ, жұртшылықтың ғасырлық арманы болып келген көгілдір отынды тұтынуға жол ашты. 2015 жылдан бастап Арал қаласының халқы көгілдір отынның игілігін көріп отырған болса, биылдан бастап Жақсықылыш кентінің тұрғындары да от жағудың машақатынан арылды.
Жолдар жөнделді
Еліміздің шығысы мен батысын байланыстырып тұрған, жаңғырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі ел игілігіне берілді. Ал жаңадан салынған «Бейнеу-Жезқазған» шойын жолы бетпақ даланы кесіп өтіп, Сексеуіл кентіне ат басын бұрып, Қарақұмның құмын жарып өтіп жатқан «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» жүрдек пойызының жүруіне мүмкіндік жасалды.
Ақ алтын қоры молайды
Тәуелсіздік жылдары республикадағы тұз қазу мен оны өндеу бойынша ең iрi кәсiпорын болып табылатын «Аралтұз» АҚ 2001-2003 жылдары зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құрудан өтіп, өндiрiске «Тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлді. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 100 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік ашылып, қазіргі таңда жылына 500 мыңға жуық тонна тұз өндіріледі.
Мал басы көбейді
Ауданымыздың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткізіліп, Кеңес дәуірінде ең жоғарғы көрсеткіш берген 1990 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 3 есеге, жылқы малы 2,7 есеге, түйе малы 2,8 есеге артып отыр.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңіді
Аудан  бюджетінің толығуына қомақты үлес қосатын кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауданда 356 ғана кәсіпкерлік субъектісі болса, қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектісі 4322-ден асып отыр.
05 желтоқсан 2022 ж. 348 0