Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Толыбай батырдың қылышы хақында

Толыбай батырдың қылышы хақында

ӘУЕЛІ ТОЛЫБАЙ БАТЫРДЫҢ ҚЫЛЫШЫН СӨЗ ЕТПЕСТЕН БҰРЫН ОНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТІНЕ МАҢЫЗ БЕРГЕНІМІЗ ЖӨН. ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҮШ ЖҮЗІНІҢ БАСЫ ҚОСЫЛЫП, ЖОҢҒАРҚАЛМАҚТАРЫНА ҚАРСЫ ҰРЫС САЛҒАННАН КЕЙІН ДЕ ЕЛДЕ ТЫНЫШТЫҚ БОЛМАДЫ. ЖЕРІМІЗГЕ (ЕЛ АЙМАҒЫНА) ХИУА, ҚОҚАН ХАНДЫҚТАРЫНЫҢ ЗОРЛЫҚ-ЗОБАЛАҢДАРЫНА, ТҮРКІМЕННІҢ БАСМАШЫ-БАРЫМТАШЫЛАРЫНА ҚАРСЫ КҮРЕСУГЕ ТУРА КЕЛДІ. МІНЕ, ОСЫ ОЙРАНДАРДА ТАЛАЙ ЖАҢҚИЯРЛЫҚ ЕРЛІК ЖАСАҒАН МЫҢБАЙҰЛЫ ТОЛЫБАЙ БАТЫРДЫҢ ЕСІМІН ЕШУАҚЫТТА ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК.
Өкінішке қарай, осы кезге дейін ел арасында тұлғалы батыр жайлы тамтұмдап айтылғанмен, баспасөз беттерінде оқырмандар тұшынып оқитын көлемді мақалалар да жарияланбады. Жұрт сияқты батыр бабаларының кітабын шығарып жатқанда ол да жоқ. Не айтарсың? Оның үстіне, жыл санап батыр жайлы білетін ұрпақтары, қариялар да сиреп барады. Ертең кімнен сұрайсың? Әлі де кеш емес. Халық арасында қалған қолжазбалар, болмаса естігендерін есінде сақтайтындар бар шығар, тек оны ерінбей зерттейтін пенде болса ғой деп ойлаушы едім. Шүкір! Шындап келгенде, бұл ойымды дәл басқан батырдың ұрпағы Оңталап Базаралыұлы болды. Оңталап балдызым біраз жыл бойы Мыңбайұлы Толыбай батыр жайлы материалдар жинастырып, 2012 жылы «Толыбай батыр» атты кітабын баспадан шығарды. Мұнымен қанағаттанбай, сол кітабына жаңадан дәйек пен деректер қосып толықтырып, Алматы қаласында «Арна» баспасынан 2021 жылы қайта бастырды. Ел аузында аңызға айналған батыр бабамның өмір жолы еш зерттелмеген. Әруаққа сыйына отырып, қолыма қалам алуыма осы жайт себеп болды. Ерлердің өшпес ерлігі жария етілсе, бұдан ұтарымыз көп болмақ. Шынында да «Толыбай батыр» атты кітабында автор Мыңбайұлы Толыбай батыр туралы ел аузындағы әңгімелерге, хатқа түскен кейбір әңгімелерге, тарихи деректерге мән берген. Сондай-ақ батыр бабасының өмір тарихы мен ел қорғаған жорықтары, оның елі үшін туған әруақты ер екендігін сөз етеді. Жорықтардағы алуан түрлі амалдары мен тапқырлықтарын да қалыс қалдырмаған. Сонымен қатар өзі білмейтін батырдан жалғасқан ұрпақтарымен ауызба-ауыз сөйлескен. Сонау Алматы мен іргедегі Сексеуіл кентінде тұратын көненің көздерімен әлденеше рет кездесіп пікір алмасқан. Арал мен Қазалы аудандарының шекарасында жатқан Қотанкөл төскейінде Толыбай батырға, оның әкесі Мыңбай биге еңселі ескерткіш-кесене, сондай-ақ Игілік ағайынның көп шоғырланған жері Сексеуіл кентінде Толыбай батырдың жатқан жерінен топырақ алдырып, оны тұрғызып жатқан кесенеге салғанын тілге тиек етеді. Мұнымен қоса Толыбай батырдың ұстап тұтынған қылышы Алматыда, қанжары Ақтөбеде, күміс құрсаулы деңмент белбеуі Қазалыда ағайынтумалардың қолында екенін айтып кетеді. Енді осы аты аталған мүліктердің бірі Толыбай батырдың қылышы туралы азды-көпті білгеніме оралайын. Өйткені аудандық тарихиөлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып істегенімді сылтау етіп, көзі қарақты көрермендер, Игілік ағайындар батырдың қылышы тұрған орнынан Алматыға асырып жіберген себебін сұрап маза бермей жүрген. Енді реті келіп тұрғанда айтуыма тура келіп тұр. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғына таман бұрын жабылып қалған аудандық тарихи-өлкетану музейін қайта ашуды аудандық партия комитетінің назарында болып, оны бірінші хатшы Балтабай Ақпенбетов тікелей қадағалады. Кезінде жабылған музейдің жәдігерлерінің бірсыпырасы облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріліп, қалғандары қолды болып кеткен-ді. Музей ашу үшін кем дегенде 3-4 мың жәдігер болуы керек. Осыны ойластырған сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген мәдениет қызметкері Құдайберген Жасекеновтің тікелей қолға алып, жәдігерлерді, оның ішінде өлкеге байланысты құнды да тарихи жәдігерлер жинастыруда еңбегі орасан. Ол аудандық мәдениет бөліміне қарасты барлық кітапхана, клуб және халық театрлары қызметкерлерінің әрқайсысына тарихи жәдігерлер мен өлкетануға байланысты мағлұматтар алып келуді мықтап тапсырып отырды. Осындай сәттің бірінде Сексеуілден келген мәдениет қызметкерінің бірі кентте бір үйде Толыбай батырдың қылышы бар екен, сұрап едім бермеді дегенді айтады. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Құдайберген Жасекенов қызметкерінен оның мекенжайын сұрап, ертеңіне музейдің алғашқы кадрлары – қор сақтаушы Шәрипа Ысқақова мен ғылыми қызметкер «Өтеғұл емші» атанып кеткен Әділхан Ерманов екеуін Сексеуіл кентіне іссапарға жіберіп тұрып, «қалайда болса да алып келіңдер» деп тапсырма береді. Музей қызметкерлері Сексеуіл кентіне келген бойда Мұратбаев көшесіндегі үйді бірден тауып алады. Үйде Меткүл Қамашова деген кейуана жалғыз тұрады екен. Бұлар кейуанаға келген мақсатын, елге белгілі Толыбай батырдың қылышын аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрнекті жеріне қойылатындығын айтып түсіндіреді. Көпке дейін Меткүл кейуана көніңкіремей, «көрермендер көреді, тәу етеді» дегенде барып, келісімін береді. Сол сапарда музей қызметкерлері тағы бір жерден шиті мылтық алады. Бұл да келісіммен. Сөйтіп келген мақсатының орындалғанына мәз болып, көшедегі адамдардың назар салғанына қарамай біреуінің қолында қылыш, екіншісінде шиті мылтықпен темір жол вокзалына келіп, пойызбен қайтпақшы болады. Ойында ештеңе жоқ. «Қаруланған» бұларды Аралға жүргелі тұрған пойыздың жолсеріктері вагондарының маңайына да жолатпайды. Не керек, сол арада дұрыс еместігін өздері де түсініп, бір мектеп директорының үйіне барып жеңіл төсек жамылғы (покрывало) сұрап алып, қаруларды соған орап, байлап алғаннан кейін келесі пойызбен келгенін музейдің бұрынғы қор сақтаушысы, зейнеткер Шәрипа Ысқақова әлі күнге дейін жыр қып айтады. Ал «Өтеғұл емші» атанып кеткен Әділхан Ерманов кейін Қазақстан Республикасы кәсіби халық емшілері ассоциациясының президенті әрі халық емшісі қызметінде болды. Алматыдан келген сайын аудандық тарихи- өлкетану музейіне бір соқпай кетпейді, «Музейім ыстық көрінеді» дейтін марқұм. Меткүл кейуанаға уәде еткендей, Мыңбайұлы Толыбай батырдың қылышы музейдің көрнекті жеріне қойылды (музей тілімен айтқанда экспозицияға). Мұны музейге келген көрермендер, шетелдіктер, сондайақ мектеп оқушылары экскурсиямен келіп талай тамашалады. Тіпті өмірден өтпестен бұрын Меткүл кейуана да әлденеше рет келіп көріп, ризашылығын білдіріп, батасын да берген. Ал енді осы Толыбай батырдың қылышы Алматыдан шыққанына тоқталайын. Жоғарыда айтып кеткендей, Толыбай батырдың ұрпақтары түгел жиналып, 1997 жылдың 28 қарашасында Сексеуіл кентінде бабаларына кесене тұрғызып, ас берді. Осы жұмыстан хабардар, сол жылдары Батыс Қазақстан өңірі көлік прокуратурасында прокурордың орынбасары қызметінде болған, Игілікке жиен Орақ Прәлиев кесененің басына екі құлпытас жасатып, әкеліп орнатқан. Яғни, қайырымдылық жасаған. Кейін өзі асқа қатысқан, сонда бұған жиеннің астына ат мінгізіп, үстіне кілем жапқан және өзіне шапан сыйлаған. Орақ осылардың бәрінен бас тартып және өзінің қалауы жиен сыбаға барын ағайынның ортасында айтады. «Шешем марқұм Толыбай атамның басына түнеп, мені тілеп алған екен. Сондықтан мен қызметімді сатпаймын. Бұл менің нағашым Толыбай батырға жасаған құрметім. Ал ат, шапанды басқа да лайықты азаматтарға берерсіздер. Мен сіздерге анамның бір аманатын айтуды жөн көріп тұрмын. Анам айтып еді «нағашыларың Игілік ағайынның ішінде Толыбай атамның қылышы бар, сен балам, қалайда сол қылышты қала. Сол қылыш сенің төріңде тұрсын» деп еді. Егер осы қылыш бар болса, менің қалауым да сол болмақ»,– дейді. («Толыбай батыр». Алматы. «Арна» баспасы, 2021 жыл. 69-бет). Енді осы кітаптың 69-бетіндегі жолдарды әрі қарай жалғастырып оқиық: «Жиеннің қалауын естіген соң біз де ойласуға кірістік. Қылыштың бары рас бірақ, ол біздің қолда емес. Бір кездері ол қылышты мен Аралдың музейіне өткізгенмін. Енді әрі-сәрі күйде қалдық. Баба мұрасының негізгі иесі мен болғандықтан әңгіме бастауыма тура келді. Сонымен жалпы Игілік ағайынның қолдауымен музейдегі қылышты алуға тура келді. Музейге барып қырық адамның қол қоюымен қылышты алдық. Барлығы заңды түрде құжатталды. Міне, біз осылай жиен назарын түсірмей, апамыздың аманатын орындап, кешегі бабалар жолымен жиенді еліне зор қуанышпен аттандырдық. Бұл Алматы маңында тұратын тікелей батырдың ұрпағы, Аралдың бұрынғы тұрғыны Ахметов Шамыранның Оңталап Базаралыұлына кітабына материал жинап жүрген кезінде айтқан әңгімесі. Осы мақаланы оқып отырған оқырман шындық пен өтіріктің арасын бағалар деп ойлаймын. Өйткені музейде қызмет істеген директорды, қор сақтаушы, мен, ғылыми қызметкер – біздерді елемеген ғой. Марқұмға не айтарсың? Яғни көптің көзінше «батырдың қылышын музейге мен тапсырдым, музейге барып қырық адамның қол қоюымен қылышты алдым» деп кітап авторына бөскен. Ауданда кезінде кеңшарда прораб, аудандық сәулет мекемесінде, аудандық поштада басшы болған ағамыздың қарапайым нәрсені білмегені ме деп таң қалдық. Музейдің өз заңы, ережесі бар. Соның ішінде жәдігерлерді тек иесінен, онда да құжаты арқылы келісімшартпен сатып алынады, болмаса аманат ретінде қолхатпен береді. Алған жағдайда қайта берілмейді. Сатылмайды. Қажетті жерінде жәдігер иесінің өтініші бойынша бір-жар күнге рұқсат етіледі. Онда да дәйектемесі болуы керек. Біздіңше, Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында тұрған қылышты қандай жолмен болса да алып, ана аманатын орындауға бар мүмкіндікті ойластырған сияқты. Төте жолы аудандық сотпен байланысқан. Әйтпесе 1998 жылдың 2 наурызында аяқ астынан шешім (ұйғарымын) шығара ма? Екеуі де заң қызметкері. Даулы мәселе ғой, музейдің директорын, болмаса қор сақтаушысы, ғылыми қызметкерінің біреуін сотқа шақырайық деп ойланбай ма? – Мен прокуратураданмын, Толыбай батырдың қылышын алуға келдім, аудандық соттың шешімі мынау деп ұсынған қағазына қарамастан директорымыз ләм-мим деместен экспозицияда тұрған қылышты өз қолымен алып берген. Сасқалақтағаны ғой, – дейді қор сақтаушы Ш.Ысқақова. Бұл кезде қор сақтаушы, ғылыми қызметкері, мен де мекемелерге кеткенбіз. Келгенде ғана Толыбай батырдың қылышын Игіліктің жиенімін деп соттың шешімімен алып кеткенін бір-ақ білдік. Жиенмін дегенге мемлекет мүлкін алып бере берсе сол кездерде соттың да қауқары болмағаны ғой. Игілікке жиен Прәлиев Орақ сол кезде Батыс Қазақстан өңірінде көлік прокуратурасында қызмет істейтін, кейін Талдықорғанда, Дружибинский және Шуда көлік прокуратурасында лауазымды қызметтерде болған. Жанұясы Алматыда тұрады. Қылышты төріне іліп қойғандықтан Алматы асып кеткеннің мәнісі, қысқаша айтқанда осындай.

Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы
06 желтоқсан 2022 ж. 440 0