Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ жауынгерінің сүйегі туған жерінде жерленді

Қазақ жауынгерінің сүйегі туған жерінде жерленді

Соғыс жылдарында Қызылорда облысы Тереңөзек ауданынан майданға аттанып, 1942 жылдың қыркүйек айының басынан бері хабар-ошарсыз кеткен Ұлы Отан соғысының жауынгері Дәдікбай Құлтасовтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті.

Сарбаздың сүйегі Астана қаласынан Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайына Қазақстан Қарулы күштерінің әскери бортымен жеткізіліп, еске алу рәсімі Сырдария ауданының орталық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Іс-шараға Қызылорда облысы мен Сырдария ауданы әкімдігінің өкілдері, Қызылорда гарнизонының басшылығы мен әскери қызметшілері, қоғам өкілдері, Қарулы күштер ардагерлері және қаза тапқан жауынгердің туыстары қатысты.
Қазақ жауынгерінің сүйегі ағайын-туыстарына жеткізілгеннен кейін, әскери рәсіммен жер қойнына қайта тапсырылды. Осылай араға 80 жылдай уақыт салып соғыс жауынгерінің туған-туысқандары туған жерінде қайта жерлеу мүмкіндігіне ие болды.
Тереңөзек ауданының тумасы Дәдікбай Құлтасов 1904 жылы туған. Ол Ленинград майданында 136-шы атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, 1942 жылдың қыркүйек айының басынан бері хабарсыз кетті. Оның сүйегін Ленинград облысындағы шайқас орнынан "Суворов" жасағының іздеушілері тапты.
– Елі, жері үшін қан төгіп, өздерін құрбан еткен жауынгерлерімізге бас иеміз. Олар біз, Отан қорғаушылар үшін батырлық пен антқа шын берілгендіктің, мықты рухтың үлгісі болары анық. Жауынгерлеріміздің ерлігі келер ұрпақтың жадында мәңгі қалады. Батыр майдангерлерімізді іздеу жұмыстарын жүргізуге етене қатысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз, –деді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов.
Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен қазақстандық майдангерлердің дерегін анықтап, сүйектерін іздестіріп және туған-туыстарына жеткізіп беруде іздеуші топтар қарқынды жұмыс жасауда.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,
лейтенант Мұхит Қонаров

16 желтоқсан 2022 ж. 481 0