Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкіртін даналыққа бастаған Дина

Шәкіртін даналыққа бастаған Дина

Өмір түсінген адамға үлкен майдан алаңы іспетті. Бұл майдан білімділердің жеңіске жетіп, біліктілердің үстем құратын алаңы. Мұны талай ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарих беттерінен жаңылмай таба аламыз. Ұлы адам боп атың қалу үшін де бала күнімізден талпынамыз. Бірақ осы жолда өзгелердің де ақылы мен көмегі көптеп тиеді.
Міне, сәулелі болашаққа бастайтын, қанаты қатпаған балапандай шағымыздан баулып, бақытқа, жетістікке жетер жолда басты бағбанымыз ұстаздар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал білікті ұстаздан білім алған әрбір шәкірт әлбетте тұғырдың басында тұрады.
Бүгінде бала тәрбиесінде жетістігімен көзге түсіп жүрген жандардың қатарында №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының мұғалімі Дина Оразғұлова да бар.
Дина Айнұрқызы 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №4 қазақ орта мектебінде бастаған. Бұл ол үшін өте сәтті қадам болды десек қателеспейміз. Оқуын аяқтап, жас маман атанған Дина бұл мектептен үлкен тәжірибе жинады. Қашанда біле түссем, үйренсем дейтін маман бұл жерде 7 жыл еңбек етіп, 2016 жылы Арал қаласындағы қазіргі №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатына қызметке ауысады. Бұл жерде де тәжірибелі ұстаздардан ақыл тыңдап, ұлағатты жолға деген қадамын нықтай түсті. Нәтижесі біздің көз алдымызда. Тоқтала кетер болсақ, 2019 жылы "OZYQ" педагогикалық озат тәжірибелер байқауында «Үздік сабақ авторы» номинациясына ие болса, сол жылы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Араға жыл салып Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы білім саласына байланысты бағыттарын білім беру ұйымының педагогтары мен білім алушылар арасында ұйымдастырылған республикалық байқауының жүлдегері, «Білім беру ісінің үздік педагогы – 2020» байқауының І дәрежелі дипломының иесі болып, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар «Үздік авторлық бағдарлама – 2021» облыстық байқауының ІІ орнын жеңіп, республикаға жолдама алса, «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» атты педагогтердің облыстық тамыз конференциясында ұсынылған авторлық бағдарламасы облыс көлемінде таратылды. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрлігі А.Аймағамбетовтің Алғыс хатына ие болды. Қай кезде де кәсіби біліктілігін жетілдіруден танбаған Дина биыл Петропавл қаласында өткен «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» атты тарих пәні мұғалімдерінің съезіне қатысты.

Бұл – біздің мақтанышымызға айналған әріптесіміздің еселі еңбегі. Бірақ мұғалімнің беделі шәкірті арқылы биіктей түсетіні айдан анық. 2019 жылы «Менің Кіші Отаным» ІІ республикалық конкурсы облыстық кезеңінде «Менің кішкентай Отанымның тарихы» номинациясы бойынша Динаның шәкірті Раухан Сая ІІ дәрежелі диплом жеңіп алса, 2020 жылы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған «Жаужүрек полк» (Бессмертный полк) тақырыбында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін насихаттау бойынша қашықтықтан өткен облыстық бейнеролик конкурсында Әділжан Ақбалаев пен Әсия Жаңбырбай ІІІ дәрежелі дипломды жеңіп алып, мектеп абыройын асырды.
Көздеген нәтижеге жетпей қоймайтын талапшыл мұғалімнің мақсаты айқын екеніне тағы бір дәлел биылғы «Менің Кіші Отаным» V республикалық конкурсының облыстық кезеңінде анық байқалды. «Менің кішкентай Отанымның тарихы» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом жеңіп алған Берекет Қайырлаев республикалық кезеңде жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Сонымен қатар «Ізденіс Жолы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Тhe best scientific project – 2022» атты ғылыми жобаның облыстық байқауында Берекет Қайырлаев І дәрежелі диплом алды.
Қай кезден-ақ төрден орын аларлық ұстаздардың ұлағатты жолын жалғап келе жатқан әріптесімізге табысты еңбек тілейміз. Жетістіктердің шыңынан көрінетініне сеніміміз мол.
Дәуіржан Жұбанов,
№2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
08 қаңтар 2023 ж. 298 0