Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақпанда қыс пен көктем белдеседі

Ақпанда қыс пен көктем белдеседі

Ақпан – жылдың қысқа айы. Ақпан – Григорий күнтізбесінің екінші айы, қыстың үшінші айы. Кейде 28, кейде 29 күннен бітеді. Ақпан – «ақ ықпа» деген сөзден шыққан. Ақпандағы ауа райы аумалы-төкпелі, құбылмалы келеді. Ақ ықпа сол мағынаны білдіреді. Бұл айды ежелгі түркілер «Кічік ай», хакастар «Кічік қырлас ай» дейді.
Ақпан тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның бұрқасынды да шуақты күндері алма кезек. Данагөй бабаларымыз «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы деген. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады. Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. Ақпанда күн ат адым ұзарады.
Ауа райын табиғат құбылысына қарап болжаған ата-бабаларымыз: «кешкісін аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Қырау түспей, күн желді болса, боран соғады. Жұлдыз жымыңдаса, боран соғады, жарқыраса аяз тұрады, күңгірттенсе күн жылырақ болады. Қарағаш бұтағына жабысып түспесе, күн жылынады. Айдың соңғы жартысында ауа райы ашық болса, жаз қуаң болады. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, жазда жер отты. Дала қарлы болса, келер жазда жер нәрлі. Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады. Ақпанның он бесінші жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Бұл күнгі ауа райы қандай болса, көктем райы сол тақылетті болмақ. Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болады» деген.
Ақпан айы неліктен жылдың ең қысқа айы? Біз білетін күнтізбе Ежелгі Римнен келген. Юрий Цезарьдың бұйрығы бойынша жұп айларда 30 күн, тақ айларда бір күн кем немесе артық болуы керек болды. Ал ол кезде жылдың соңы болып есептелген ақпан айына 29 күн тиесілі болған. Ал біздің заманымызға дейін 14 жылдары қайтыс болған Октавиан Августің құрметіне тағы бір күнді қосып, осылайша тамыз айында 31 күн пайда болған. Бұл күнді олар ақпан айынан алған. Осылайша ақпан айында 28 күн қалып, төрт жылда бір-ақ рет 29 күн сәйкес келетін болған.
Біздің ата-бабаларымыз бұл мезгілде көктем мен күз мезгілдерінің қандай болатындығын болжады. Ақпан жылы болса егіннен өнім көп түспейді деп есептеді. Ақпан айы қатты аязбен өтсе мол өнімнен үміт бар деп болжаған. Бұл айда қар мөлшерінің көп болуы шаруаларды қуантады. Егер қыстың соңында қар болмаса, жазда құрғақшылық орын алуы бек мүмкін.
Ал ақпан айында дүниеге келген жандардың мінезі тік, ұстамсыздық танытатын кездері көп болады. Мінезі көңіл-күйіне байланысты өзгеріп отырады. Қиындықтардан қорқуды білмеу, тез шешім қабылдау, қандай шығынға батса да, оны өтеген соң қынжылмай ұмытып кету бұл айда туғандардың жан-дүниесіне тән қасиет. Сонымен бірге олар кекшіл, өзін жәбірлегендерді кешіре бермейді, әлсіздерді менсінбейді. Кейде ақкөңілділік, мейірімділік таныта қоймайтын кезі де болады. Біреудің арамдығын іштей сезіп тұрса да, білмеген сыңай танытады. Өзі сыйластық танытқан адамы сыйластықпен жауап қайтармаса, ол туысы ма, досы ма, оған қарамайды, ол адаммен қарым-қатынасын үзуге дейін барады. Негізінен, мұның бәрі осы айда туылған ер адамдарға тән. Олар сұлулықты, тазалықты, әсем әуен, суреттерді, табиғатты сүйеді.

К. МАХСҰТ

20 қаңтар 2023 ж. 658 0