Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2019 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН НЕ АРЗАНДАП, НЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ

2019 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН НЕ АРЗАНДАП, НЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Биыл елімізде жалақы мен зейнетақы өсіп, коммуналдық тарифтер төмендеді. Алайда, Айлық есептік көрсеткіш мөлшері ұлғайғандықтан түрлі заң бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл көлемі де артты.Бұдан бөлек, әйелдердің зейнетке шығатын жасы ұлғайды. 1960 пен 64-жылдар аралығында туғандар енді 59-да зейнеткер атанады. Бұдан бөлек, енді жұмыс істеп жүріп сырттай оқуға толықтай тыйым салынды. Осы жылғы басқа да жаңашылдықтар жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Жаңа жылда жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңге болмақ. Зейнетақы көлемі де өседі. Оның ең төменгі көрсеткіші 36 108 теңге деңгейінде белгіленіп отыр. Айлық есептік көрсеткіш 2 525 теңгеге дейін өсті». Жағымды жаңалықтан бастайық деген ниет бұл. Кестеде көрсетілген соңғы жолақтағы Айлық есептік көрсеткіш елдегі біраз төлемге әсері бары белгілі. Ол өскен соң, жолда тентектік танытқандар айыппұлды көбірек төлейді деген сөз. Сіздің азамат екеніңізді білдіретін құжат та қымбаттайды дегенді білдіреді. Енді жеке куәлік 505, шетелге шыққыңыз келсе, паспорт үшін 20 200 теңге төлеуге тура келеді. Жалақымен бірге дүкен сөрелерінде баға өседі деген үрей жоқ емес. Бірақ экономистер тауар құны айтарлықтай өзгереді дегенге сенбейді.
«Мемлекеттік қызмет саласындағы ең үлкен өсім 30 пайыз болып отыр. Ол денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде еңбек етіп жатқандарға қатысты. Бұл жалақы өсімі бағаның көбеюіне әкеледі деп айта алмаймын. Өйткені еңбекақысы 30 пайызға көбейгендер жұмысқа қабілетті азаматтардың 4-5 пайызын ғана құрайды» – дейді экономист Арман Байғанов. Жылда құны өсіп келген коммуналдық қызмет бағасы биылдан бастап төмендеуі шарт. Электр энергиясының құны тіпті, алдағы алты жылда өзгеріссіз болады деп уәде берілген болатын.
«Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап тариф барлық аймақтарда жоғарылайды деп күткен едік. Уәкілетті және жергілікті билік өкілдерінің жұмысы арқасында тариф өсімі емес, керісінше, төмендеуі болады. Ел бойынша тұрғындар тек жылу үшін 6 млрд теңге үнемдейді» – дейді ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.
Білім саласында да өзгеріс болады. Биылдан бастап сырттай білім беру тоқтатылады деген ақпар тараған еді. Салалық министрлік өкілдері оның ішінара 8 жыл бұрын тоқтағанын мәлімдеді. Бұл жолы тек белгілі бір категориядағы азаматтар үшін өзгеріс болатынын жеткізді. Жұмыс істеп жүріп, тағы бір диплом алғысы келгендер берілуі тиіс білімнің тек 65 пайызын меңгеріп жүрген екен. Енді бұл көрсеткіш едәуір өсетін көрінеді.
«Жұмыс істейтін азаматтар үшін «part-time» институты сақталады. Жаңа жүйе бойынша білім алғысы келетіндер белгіленген кредиттердің 100 пайызын меңгеруге міндетті болады. Қашықтан бақылау технологиялары қолданылады. Оның өзінде білім беру сапасын қадағалау ісі қолға алынады» – дейді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.
Биыл күшіне енетін өзгеріс тағы өзгеретін сияқты. Өйткені сырттай бөлім мүлде тоқтатылатын болса, біліктілігін жоғарылатқысы келетіндер амалсыз шетелге аттанады деген пайым бар. Бұл көзқарасты Білім және ғылым министрлігі зерттеп жатқан көрінеді.
«Біз, Жоғары оқу орындары қауымдастығы айттық, сыртқы бөлім қалдыру керек. Көп адамдар жұмыс істейді, оларға керек. Біреуі нашар оқиды деп жабуға болмайды ғой. Басқа адамдар неге зардабын шегу керек дегендей. Соған байланысты министрлікте жолын іздейміз деген. Қазір біразұсыныстар айтылып жатыр. Сенатта осы жөнінде әңгіме болды. Сыртқы бөлімге біз орын табуымыз керек» – дейді жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.
Тіркелмеген ұялы телефондар жыл соңында байланыстан ажыратылады деген ескертулер жиі айтылған еді. Бірақ тіркегендері де, ескертуді құнттамағандары да бір-бірін емін-еркін жаңа жылмен құттықтады. Ақыры телефондарды сим-карта иелеріне тіркейтін болып тынды. Почталық байланыста да жаңашылдық бар биыл. Енді сәлемдемені почта қызметкеріне көрсетіп барып, жіберуіңіз қажет. Егер күмәнді зат анықталса, тәртіп сақшылары шақыртылатын болады.
Stan.kz
08 қаңтар 2019 ж. 581 0