Аралдың табанындағы 4 мың шаршы шақырым аумақты қайта сумен жабуға болады – Роман Скляр
Дүниежүзілік банк бөлген гранттың арқасында Сотүстік Аралдың су көлемін 8 мың текше шақырымға ұлғайтатын жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл жайында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
«Қазіргі таңда Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді әрі қарай жақсарту үшін Дүниежүзілік банктен тартылған 1,5 млн доллар грантқа «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол жобаның бір бөлігі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының жалғасы болып отыр», - деп жазылған жауапта. https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/question-details/19151
Бірінші вице-Премьердің мәліметінше, аталған жобаны іске асыру арқылы Солтүстік Аралдың су көлемін 27 текше шақырымнан 35 текше шақырымға арттыруға болады.
«Осылайша Аралдың қаңсып қалған табанын 4 мың шаршы шақырымға дейін сумен жауып, жергілікті балық популяциясын 27 түрге дейін көбейту көзделген», - деп жазады Роман Скляр.