Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңбалы қара шеге

Таңбалы қара шеге

Осы тәлімдік астарлы ғибраттық әңгімеде мәні терең тәлім жатыр. Түсінген адамға өмір бойы азық болатын естен шығармайтын түсінік жатқан сияқты.
Ертеде бір жас жігіт өмір сүріпті. Оның бойында ашуланған кезде өзін-өзі ұстай алмай, жиналып қалған ашу-ызаны ұстай алмай, эмоцияға беріліп, сыртқа, қоршаған ортасына барлық зәрін шығарады екен. Әрине, төбелес болмаса да, жас жігіт айналасындағыларға дөрекі және қорлайтын сөздерді аямай төгеді екен. Барлық зәрін шығармай, өзін-өзі ұстай алмауынан бейтаныс адамдарды ғана емес, үйдегілерді де, әсіресе әкесін де ренжітіп, қатты әсер етеді екен.
Әйтеуір, кезекті ашу-ызадан кейін әкесі ұлын ертіп, данышпан, ақкөңіл, дана ақсақал адамға жолығып, жүгінеді. Мән-жайды тыңдап ақсақал жас жігітке «егер ашуыңды уақтылы баса алмай, басқа біреуге бағыттап, дүре сала берудің орнына, бір шегені алып, оны үлкен бөренеге балғамен қаға бер» деп ақыл-кеңес береді. Әкесі баласына шегеге толы ауыр жәшік әкеліп, бөренемен бірге ауланың ең алыс бұрышына қояды.
Жас жігіт әкесіне де, дана кісіге де қарсылық білдіруге батылы жетпейді. Алғашында бөренеге күніне ондаған шеге қағуға тура келді. Осылай ол күніне бірнеше жүз метр жүруге мәжбүр болады.
Күннен күнге шеге қағыла береді. Күндердің күнінде, көп ұзамай жас жігіт өзінің жағымсыз эмоцияларын басу шеге соғудан гөрі оңай әрі тиімді екенін түсінеді. Осылай, жас жігіт қалыптасқан ұстамдылығымен әкесін қуантуға көптен күткен күн де келіп жетеді. Сол күні ол ескі әдетінше ашуға салынып, үйреншікті әдетіне салмады. Дегенмен, жас жігітті жаңа сынақ күтіп тұрған болатын.
Қуанышты хабармен келген жас жігіт, данагөй ақсақалдан мақтауды күткен болатын. Бірақ данагөй ақсақал: «енді бұдан былай өзіңді ұстай білген сайын, бөренеден бір шегені жұлып алып тастауың керек.Бұл сенің бұрынғы әділетсіз ренжіткен адамдардан кешірім сұрауың болады» деп ақылын айтыпты. Жігіт басымен жасаған өз кінәсін өтеу үшін шын жүректен біртіндеп шегені жұлуға кіріседі. Әйтсе де, бөренеден ашу-ыза негізінде әр айтылған былапыт сөзге байланысты соңғы шегені алып тастағанша да талай күндер өтеді. Шын мәнінде, жас жігітке қазір өз сезімдерін қалай басқаруды, ең алдымен жек көрушілік пен тітіркенуден туындаған импульстарды ой таразысына салып, өзін тежеуді күнделікті әдетке айналдыра біліпті.
Бөренеде бір шеге де қалмаған соң, әкесі мен баласы тағы да данышпанға келгенде: «Бөренеде қанша терең іздер қалғанына көңіл аударыңыз. Енді бұл бөрене ешқашан бұрынғыдай болмайды» деп ойын қорытындылайды. Адам да солай: ренжітсең, қорласаң, оның жан дүниесінде із, тыртықты қара таңба қалдырасың. Көбінесе кешірім сұраған күннің өзінде де реніштің ізі қалып қояды. Сондықтан ашуланудан сақ болу керек. Ал егер ойламаған жерден ашу-ызаға булығып кетсеңіз де, оның шығуына жол бермеңіз.
Бауыржан Тарақты
18 наурыз 2023 ж. 262 0