Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынтымақ, береке мен бірліктің мерекесі

Ынтымақ, береке мен бірліктің мерекесі

Наурыз айы – жыл он екі айдың бірі. Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі. Бұл мереке бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Наурыз мерекесі Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы.
Наурыз мерекесінің тарихына зер салсақ, әлем халықтарының басым бөлігі аталған мейрамды әлі күнге дейін тойлап келеді. Бұл мейрамды көбінесе Наурыз, Невруз, Навруз, Новруз Байрам деп атаса, ал тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», чуваштар «норис ояхе», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи» деп атайды.
Халқымыз «Наурыздың он бесі құдайдікі, он бесі кедейдікі» дейді. Неге десеңіз, наурыздың алғашқы жартысында ауа райы аумалы-төкпелі, қалған екінші жартысында күн жылынып, қыс¬тан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болатынын білдіреді. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан атам қазақ «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те атайды. Яғни бүкіл табиғат-ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Наурыз айында күннің ұзаруы – «Ұзын сары» деп аталады. Сол секілді қазақ атамыз осы мезгілді көкөзек шақ деп те атаған-ды.
Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңесіп, тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ. Бұл – малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, табиғаттың гүлденіп, құлпырған қуанышты кезеңі. Мінекей, көптен күткен көктем мерекесі – жаңа жылымыз да келіп жетті. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан халықты бұл мереке қуанышқа бөлері сөзсіз.
Бұл күндері еліміздің көшелері мен алаңдарында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттер ұйымдастырылады, ұлттық спорттық ойындар ойналады. Мейрамның басты тағамы – наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Қазақтар «ырыс-береке молаяды» деген сеніммен құйылған наурыз көжені тауысып қою керек деп сенген. Наурыз көжеден басқа бауырсақ пісіріп, ұлттық сүт өнімдерінен жасалған тәттілер мен ет тағамын дайындайды.
Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқы ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын сақтап келеді. Наурыз – жаңа күн, жаңа жыл мерекесі 1988 жылдан бері біздің елде ерекше аталып жүр. Әсіресе еліміз тәуелсіздігін алғалы жаңа деңгейге көтеріліп, жаңаша сипат алып келеді.
Иә, Наурыз – ынтымақ, береке мен бірліктің мерекесі. «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп өткенге салауат айтып, жаңа жылға үмітпен қарап, ренжіскендер бір-бірін кешіріп, имандылық шараларына басымдық беруіміз қажет. Ұлыстың ұлы күніне аман-есен жеткеніміздің өзі үлкен қуаныш емес пе. Көшелерімізді күл-қоқыстан тазартып, көшеттер мен талдар отырғызсақ, ұлттық рухымыздың бұдан да жоғары көтерілері сөзсіз. Дәмі тіл үйірер жеті түрлі дәм салып пісірілген киелі ас – наурыз көжені мейіріміз қанғанша ішіп, бір-бірімізге тілек тілеп, көңіл күйімізді өсіру өз қолымызда. Сол наурыз көжемен қоса үйімізге Қыдыр дарып, береке қонсын.
К. МАХСҰТ
21 наурыз 2023 ж. 457 0