Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – жыл басы

Наурыз – жыл басы

Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған.Наурыз сөзі иран тілінің ноу – «жаңа», руз – «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, наурыз айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.
Наурыз мерекесін ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдалықтар «наурыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, иран тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап келешек егін жайлы болжайды. Көнетоз киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны-аяқты сындырады, бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою –«күн символын» салады, үйдің тіреу ағашына гүл іледі.
Көктем мезгілінің шуақты мерекесі – Наурыз 1988 жылы қайта жаңғырды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері тойланып келді. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың ұлы күні –ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» – жылқышы торғай (наурызкөк) келген күн, «көк құтан көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған.
Наурыз мейрамы турасындағы тағы бір дерек. 22 наурызға дейін Көрісу салтын атап өтіледі. Қыстан аман есен шыққан халық, туыс-туған, жасы үлкен қариялармен көрісіп, көрші –көлеңді қонаққа шақырып атап өтеді. Бұл күні барлығы аразықтарын ұмытып, өкпе-реніштерін кешіріп бір-бірімен қауышады. Бұл – «Амал» деп аталады. Халық алдағы жылға амал етеді. Осылайша жаңа жыл алдында халық толықтай аман-саулық сұрасып, көрісуді өткізеді. Көрісу – 14 наурыз күнінен басталып, жыл соңына дейін жалғаса береді. Белгілі бір себептермен көрісе алмаған туыс-туғандар мүмкіндіктеріне қарай жолы түскен уақытында көрісуге келеді. Қазіргі уақытта бұл салтты Маңғыстау, Атырау өңірінің халқы сақтап қалған.
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша, 21наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті, осы күн «Қыдыр түні» деп аталады. Қыдыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қыдыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.
Ұлыс күнi – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Таң атқаннан бастап таныстарының үйіне кіріп, құтты болсын айтады, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Наурыз күні наурыз көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен жасалатын тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!" деп бата береді.
Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта жаңғырған, дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мереке қазақ халқы үшін «жақсылықтың бастауы» бола бергей.
К. МАХСҰТ 
22 наурыз 2021 ж. 1 415 0