Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекенің сәні – Наурыз көже

Мерекенің сәні – Наурыз көже

Наурыз – қазақ халқы үшін береке-бірліктің, ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы символы іспетті қасиетті ай.
Көктемнің алғашқы күні 1 наурыз – Қазақ еліне тағдырдың талайымен бас қосқан түрлі ұлт өкілдерінің қиындықта өздеріне қамқор болған қазақ халқына «Алғыс айту» күні болып есептелінеді. Одан әрі «8наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне ұласса, 14 наурыз – көктемнің шуағына бөлене «Көрісу» немесе «Амал» үрдісі қарсы алады.
«Көрісу» немесе «Амал» әсіресе, Қазақстанның батыс облыстарында кең үрдіс алған. Жыл сайын наурыздың 14-нен бастап жазылмаған заң бойынша жасы кішілер үлкендерге көрісе барып, батасын алады. Бұл әркімнің өз үйінен басталады. Таңертең тұра салып, әке-шешеңе, үйдегі өзіңнен үлкен адамдарға қол беріп амандасасың. Олар: «Жас қайырлы болсын, өмірің ұзақ болсын, әлі талай көрісуге жазсын!» – деп бата береді.
22 наурызда күн мен түн теңеледі. Табиғат гүлге, өріс төлге толғанда адам жаны да жаңарып, жасарып, жүрегі әсем әнді, әуезді жырды аңсайды.
Наурызда Табиғат та, Жер-Ана да жан-жануар да түлейді, жаңарады, тал-теректер бүршік жарады. Ұлы даланың төсінде қызғалдақтар құлпыра өсіп, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселеді.
Мерекенің сәні – наурыз көже.
Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген малта құрт, бидай немесе тары, күріш сияқты дақылдардан жасалады. Наурыз көже неге жеті түрлі дәмнен жасалған? Жеті деген киелі санға құрылған. Қазақ киелілікке, ырымшылдыққа аса мән берген. Наурыз көжеге су қосқаны – өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Абайша айтсақ:
Дүние – үлкен көл
Заман– соққан жел.
«Алдыңғы толқын ағалардың», «кейінгі толқын інілерге» ықпалы тарихының айғағы. «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай болайық» дегені. Тұз қосқаны: Қазақтың мәдениеті – сөз. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Сондықтан да «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деген мағыналы айтқан. «Құр бос жүре бермей нәтиженің дәмін білейік, бір-бірімізге дәмді сөздер айтысып жүрейік» деген мағынада ырымдалса керек. Сүт немесе ақ құйғаны –сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса, денсаулыққа да кепіл дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниет. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Қазақтың ұлттық тарихында ертеден пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамдардың түрлері сүттен жасалады. «Қазақ» сөзінің тіркесіндегі «ақ» сөзі де осымен жалғасып тұрғаны көп мағынаны түсіндіреді. Сондықтан да Наурыз көжені наурыз айында кедейлерге тарататын тағам түрінде емес, арнайы ырымдап жасайтын болған. Дәнді-дақыл пайдалы, сабағынан дәні мәуелеп, төгіліп тұратын құтты, ырысты өсімдік. Наурыз пайдалы да құтты, ырысты болсын, өскін мол болсын деген қазақ тілегінің, ырымның басты көзі Наурыз көже болса керек. Көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырыздығы кем болады дейді.
Өйткені халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Көже пісіріп, қазан-ошақ басында жүргендерді шақырып, ақсақал аталар бата берген:
«Пәле-жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің малға, үйің жанға толсын!
Ақ мол болсын!» деп бата беріледі.
Сонымен қатар, биылғы наурыз айы – қасиетті Рамазан айының басталуымен қатар келіп отыр.
Рамазан айы – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай.Ендеше, береке айында рухымызға рух қосылып, бақытымыз баянды бола берсін!
Жазира ӨМІРБАЙҚЫЗЫ,
Қамыстыбас ауылы
22 наурыз 2023 ж. 333 0